КӨП БIЛЕТIНДЕР КӨП ЖАСАЙДЫ

немесе мидың қызметi туралы не бiлемiз?

Ресей медицина ғылымы академиясының неврология орталығының миды зерттеу бөлiмiнiң профессоры Сергей Иллариошкиннiң айтуынша, егер алдағы уақытта отандық ғылымның бар мүмкiндiктерiн толық көлемде пайдалана алса, Ресейге АҚШ пен Еуропаны басып озу түкке де тұрмайды екен. Ол үшiн мидың қызметiн өте жоғары деңгейде пайдалана бiлу қажет көрiнедi.

Мәселен, адам өзiнiң физикалық ресурстарын пайдалану арқылы өзi ойламаған биiкке секiрген кездерi болған. Бұл тек қана сiздiң денеңiздiң шымырлығынан, бұлшық еттердiң мықтылығынан емес, мидың қалыпты жұмыс iстеуiнен жүзеге асатын процесс. Қазiр миды терең жұмыс iстету арқылы неше түрлi ауруларды емдеуге, анықтауға болады екен. Мысалы, семiздiктен жазылатын болсаңыз, сiз үш жастағы кезiңiздi есiңiзге түсiре аласыз. Демек, бiз мүлдем басқа саланы түртiп оятып, адамның есте сақтау қабiлетiн күшейтемiз дейдi. Бұл ғылым үшiн ғажайып сенсация. Демек, сiз үш жаста қандай болғаныңызды бiле аласыз. Ол үшiн ұдайы мимен жұмыс iстеу маңызды.

– Бұдан шығатын қорытынды –  мидың 10-ақ пайызын пайдаланып жүрмiз дегендердiң сөзi рас болғаны ғой, – деп сауал қояды «АиФ» тiлшiсi профессорға.

– Бұл ендi бос сөз, – дейдi профессор, – бiз күнi кешеге дейiн мидың қалай жұмыс iстейтiнiн дұрыс бағаламай келдiк. Мiне, мен сiзбен сұхбаттасып отырмын. Дәл осы сәтте бiз ми қызметiн қалай пайдаланып отырмыз? Миыңыздың қақпағын ашып қарай алмайсыз ғой. Оған еш қапа болмаңыз, бұл мәселеде арнайы стационарлық зерттеу тәсiлдерi – түбiрлi әдiстi терапия көмекке келедi. Мәселен, адамның өзi мидың бiр бөлшегiнде қан айналымы нашар екенiн сездi делiк, оны томографияға сала қойсаңыз, сол бөлiктi жылт-жылт еткiзiп көрсетедi. Бұл әрине мидың басқа бөлiктерi жұмыс iстемей тұр деген сөз емес. Олар да қозғалыста. Мысалы, сiздiң жұмыс үстiнде отырсаңыз да атыңызды ұмытпайтыныңыз тәрiздi ғой. Сондықтан, ми қашанда 10 пайыз емес, толық көлемде жұмыс iстейдi. 10 пайыз туралы сөз болуы мүмкiн емес, сондай-ақ, мидың көлемiнiң қанша екенiнде тұрған ештеңе жоқ. Бiзде ұлы адамдардың миын зерттейтiн зертхана бар. Лениннiң, Сталиннiң, Горькийдiң, Маяковскийдiң миының салмағы қанша деп ойлайсыз? Осы зертханада ұлылықтың негiзi қайда екенiн анықтауға талпыныс жасадық. Бүгiнде бұл қадамымыз үмiтсiздеу екенiн ұқтық. Өйткенi, ми өте күрделi және оның анатомиялық құрылымына қарап та ештеңе шешуге болмайды. Мысалы, Анатоли Франстың анатомиялық миы – 900 грамм, Маяковскийдiң миы – 1600 грамм, ал, жалпы адамның орташа ми салмағы  – 1200 грамм. Осыған қарап Франстың дарыны Маяковскийден кем жаралған деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ.

– Демек, мидың қызметiн жақсы бiлетiн адамға ауыр қылмыстарды ашу оңайырақ шығар, – дейдi тiлшi.

– Бұл ендi басқа әңгiме, алайда, өтiрiк айтқан адамды анықтау ғылымда бар препараттармен жүзеге асқан. Мәселен, өтiрiк айтқан адамның жүрегi тарсылдап кетедi, тағысын тағылар, – дей келе профессор, мидың басқа да қасиеттерiне тоқталды. Әсiресе, тiлшiнiң «таяуда бiр ғалымның азырақ ойлану керек, әйтпесе миға зиян деген пiкiрiн естiдiм» деген сауалына профессор нақты да ұтқыр жауап бередi.

– Миды аямау керек. Ұдайы жұмыс iстету керек. Ол сол үшiн жаралған. Сонда ұйқың да тыныш, денсаулығың да түзiк болады. Ми ұдайы қыспақта өмiр сүруi керек, үнемi интеллектуальды мiндеттердi жүзеге асыруы керек. Олай дейтiнiм, өмiрлiк тәжiрибе көрсеткенiндей, өнебойы ой еңбегiмен айналысқан кiсi кең көлемдегi ақпаратпен қаруланады және ұзақ жасайды, миы кеш қартаяды. Мысалы, Владимир Зельдин тәрiздi актерлердi қараңызшы. Олар өмiр бойы ұзақ мәтiндердi айтады. Әлi күнге сахнада. «Нобель сыйлығын алу үшiн оған дейiн өмiр сүре бiл» деген сөз бар ғой. Шынында да бұл сыйлықты алғандардың көбiсi үлкен жастағы адамдар ғой. Олар «шын» жұмыс iстеттi және соның жемiсiн көрдi.

Кейбiреулер «маған артық ақпараттың керегi не, бәрiбiр есiмде тұрмайды» дейдi. Бұл нағыз барып тұрған ақымақтық. Шет тiлдерiн үйренiңiз, өзiңiзге жаңа бiр ой-өрiс кеңiстiгiн тауып алыңыз. Ақпаратты көп бiлгеннен пайда көрмесе, зиян шеккен ешкiмдi әлi естiген емеспiн.

– Әрине, бүгiнде компьютер, қалта телефонынан ешкiм де қашып құтыла алмайды. Алайда, оның миға тигiзер зияны көп көрiнедi, – деген тiлшiнiң сұрағына профессор былай деп жауап бередi:

– Қалта телефонының миға қатты әсер етуi iске қосқан кезде немесе бiрден әңгiмелескенде байқалады. Сондықтан сiзге телефон шалғанда телефонды екi секунд үзiлiс жасап барып көтерген жөн. Бiз осылай десек те сәуледен келер қауiп әлi дәлелденбеген. Егер ұшаққа отыра қалсақ, бәрiмiзден қалта телефонын өшiрудi сұрайды. Алайда, оның ұшақты басқаруға зияны бары әлi дәлелденбеген ғой. Егер бұл дәлелденген болса, жұртты ұшаққа жiбермеген болар едi ғой.

Ж.ҚҰДЫС.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *