Көк қарға – көктемнің  ЖАРШЫСЫ

Бүрсігүні «Үт» амалы табиғат сахнасының төріне шығады.

Шуақты күндер басталады. Үнінен  көңіл қанаттанып, жүрек шабыттанатын бұлбұл мен сандуғаш Алматы бағына қайта оралады…

 15 ақпан күні таң арайланып, сәулесі шашырап атты. Лезде жер-дүниені шуағына бөлеп үлгерді. Осы күні Көктем мен Қыс белдесті. «Осы күні ауа райы қандай болса, көктем күні сондай болады» деген  бұрынғы табиғат тамыршыларынан қалған болжам бар. Олай болса, биылғы Алматы көктемі шуақты, гүлді, шырайлы болатынына еш күмән жоқ.

Енді екі күннен кейін бабаларымыз «түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз» деп атаған «Үт» амалы басталады. Ақпан айының жиырмасында кіріп, жиырма бесінде шығады. Үт сөзі туралы түрлі қисын, болжам, әңгіме  көп. Біреулер ол «сиыр» деген көне қазақ сөзі десе, енді біреулер киіз үйдің саңлауынан түскен сәулені «үт» деп атайды дейді. Ал ел  аузында жүрген аңыз болса,  былайша сыр шертеді:

«…Арпа-бидай сатқан сарт елден жиған-терген малын айдап бара жатып жолда суыққа тап келіп, қырылған екен, жазғытұрым қар еріп, күн қызған кезде құрттаған денесі табылған. Осы оқиғадан кейін «Үт кірді, сарттың к…. құрт кірді» деген мақал қалған» дейді. Демек, бұл кез Сарттың күзгі берген егінінің борышын жинап, жаңа егін қамына кірісетін уақыт болса керек.

«Үт» амалы еліміздің барлық жерінде бірдей қауіпті, қаһарлы  болып келмейді. Айталық, оңтүстік өңірлерде «Үт келді, құт келді!» деп қуана қарсы алады. Өйткені, осы кезде күннің шуағы көбейіп, жарығы молайып,  бату мерзімі ұзарып, бірлі-жарым сиырлар бұзаулап, жұртшылық уызға жарып, сүтке қарық болып мәре-сәре күй кешкен. Шығыс, солтүстік және батыс аймақта ызғырық соғып, қар борап, жем-шөптің қоры азайып, шаруаларды әбігерге салатын болған. Олар «үт келді, жұт келді» деп бұл амалды жабырқап қарсы алған, ұната қоймаған.

Қалай болғанда да, үт амалы – алда болатын көктемнің хабаршысы, нышаны, белгісі. Қазақы жаңа жылдың жаршысы. Осы амал өткесін күннің шуағы бұрынғыдан да молайып, қызуы арта түспек. Тіпті, көктем келіп қалғандай әсер әкелуі мүмкін. Бірақ алда «Бөрі сырғақ» амалы бар екенін естен шығармайық. Ай аяғындағы бірнеше күнге созылатын ат құлағы көрінбейтін осы боранда қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады…

Сырғақ деп бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін айтады. Көпті көрген көнекөздердің айтуы бойынша,  бұл амалдың «бөрі сырғақ» деп аталуы да осыдан шыққан көрінеді.

Алдағы аптада (18–24 ақпан аралығында) жауын-шашын болуы әбден мүмкін. Көбінесе қар жауады…

 

Бабалар болжамы

Көктемде…

* Торғай ерте жұмыртқаласа, күн ерте жылынады.

* Күн көп күркіресе, егін, шөп мол шығады.

* Қарға қарғын суға шомылса, көктем ерте келеді.

* Таң күңгірт тартып, күн манаурап көрінсе, жыл

жауын-шашынды болады.

*Жыл басында таң өрттей қызарып атса, ол жылы

жаманшылық,  жұт, қуаңшылық болуы мүмкін.

*Таң шашырап атса, жыл молшылықты, берекелі.

 

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *