К И Л Л Е РД I Ң Қ А Т Е Л I Г I

«Мұхит» маңындағы мұңды оқиға

Адам баласының ойына жақсылық та,  жамандық та  қатар енедi дейдi бiлетiндер. Екеуi де қатар ғұмыр кешедi. Ой таразыңды үнемi жаман iске ауған ниетiң басса болғаны, сен тура соқпаққа табан тигiзгенiңше, толайым уақыт өте шығады. Қылмысқа, қанағатсыздыққа ұрынатын адамдар санасын улап, дерттей меңдеп алатын да осындай лас ғадет  «жемiсi». Алла бiреуге сыйлаған ғұмырды өзге бiреудiң шорт кесуге құқы да, қақысы да жоқ.

Қай кезеңде «атышулы» адамдар болған. Солардың жасаған сорақылығы  талай бейкүнә жанның сорына кез болған.   Сол бiр нарық заманы туған 1993 жылдың желтоқсан айында  Алматының қақ ортасындағы  Фурманов пен Сәтбаев көшелерiнiң қилысындағы «Мұхит» дүкенiнiң ауласында белгiлi кәсiпкер Мильграмды жүргiзушiсiмен қатар жайратып салған «белгiсiз киллердiң» сойқаны көпшiлiктi елең еткiзген болатын.

«Алматықұрлыс» мекемесiн басқарған Мильграм өлiмiне сол кездегi қала әкiмi болған Нұрқадiловтiң қатысы бар деушiлер де табылды. Талайлар таңдайын тақылдатып, кейбiреу Мильграмды жазғыра бастады. Қалай болғанда да, кiсi өлтiру шыбын өлтiру емесi белгiлi. Қылмыстың аты – қылмыс. Мұндай бассыздықты ауыздықтамай болмайды. Мұны жете түсiнген жергiлiктi милиция қызметкерлерi барынша iс-қимылға көштi.

Қанша жерден әбжiлдiк танытса да, тәртiп сақшыларына «көксоққан киллер» көлеңкесiн де ұстатпай кеттi. Бұл қылмысты жете саралаған сол кездегi iшкi iстер министрi Қ. Сүлейменов қылмыскердiң жергiлiктi емес екенiн ескерттi. Бiрақ, «қалайда ол қолға түседi» деп басу айтты.

Қара жамылған Мильграм мен оның жүргiзушiсiнiң отбасына бұл жұбату аттай алты жылға созыларын ешкiм бiлмеген едi. Сол уақыттан берi талай су ақты. Қазақстанның астанасы болған Алматыда содан бастап тапсырыспен кiсi өлтiру төбе көрсете бастады…

Нарықты экономика нағыз «кәрiне» мiнген алмағайып шақта қалада қылмысты топтар жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай шыға бастады. Өз бетiнше кәсiп қуалап ақша таппақшы болғандарды «қанайтын» заңды ұйымдар мен заңсыз рэкетирлер пайда болды. Мiне, дәл осы тұста жергiлiктi құқық қорғаушылар қатты састы.

Тапсырыспен атып кету, түнгi мейрамханаларда «стрелка» белгiлеп «есеп айырысу» сынды басбұзарлық  етек ала бастады. Жүрегiнiң түгi бар отты жiгiттер белсенiп, қылмысқа қарсы күреске жұмылғанда жоғарыдан қорқыту-үркiту белгi беретiндi шығарды.

Мұндай бетiмен кетушiлiкке түбiнде бiр нүкте қойылатынын сезген жұрт сол күндi тағатсыздана күткендей. Күрмеуi қиын кезеңде Елбасы Н. Назарбаев қылмыстық ахуалды жедел сауықтыру, қылмыстық элементтердi жоюды IIМ-нен қатал талап еттi. Мемлекет басшысы Мемлекеттiк тергеу комитетiн құруды тапсырады. Мiне осыдан соң штаттық құрамы мен техникалық жабдықталуы жағынан күшейген құқық қорғаушылар қылмыс әлемiне екi жақтап пәрмендi соққы бере бастады.

Шатқаяқтаған шибөрiлер

Бұл кезде Ресейден «тәжiрибе» жинақтап оралған Закир Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында тұратын ауқатты жандарды тонап, жемсауын толтыра бастаған болатын. Ол жалғыз болмады. Жанында баскесерлерi мен нөкерлерi болатын. Талайларды қанқақсатып жүрген шибөрiлер 1998 жылы наурыз айында бесқаруын асынып, кезектi жорыққа шыққан «сапарында» алдарынан қара мысық секiргенiн аңдамаса  керек. Бостандық ауданына қарасты әл-Фараби мен Науаи көшесiнiң қилысына «Мерседес» көлiктерiмен желдей есiп жете бергенде, бұларды көше тәртiбiн бақылап жүрген полицияның патрульдiк топ қызметкерлерi тоқтатады.

Өздерiн көңiлдi әрi еркiн ұстаған олар көлiктен шығып, шылым шегiп, жайбарақат тұрды. Сол күнi арнайы iс-шараға жұмылдырылған қала тәртiп сақшылары барлық күдiк ұялатқан шетелдiк автокөлiктерге тексеру жүргiзе бастаған. Жедел топ құрамында полиция аға лейтенанты, аға жедел уәкiл Сырғабек Сүгiрбаев бастаған патрульдiк топ күдiктi көлiктi тиянақты  түрде қарай бастайды.

Тәртiп сақшылары көлiк салонынан «Макаров» тапаншасын тапты. Осы сәтте тыпыршып тұрған киллер Закир Салахутдинов ескi дағдысымен  қойнына жасырған «Стечкина» тапанша-автоматынан оқ шығарып, полиция аға лейтенанты Сүгiрбаевты өлiмшi етiп жаралап, қашуға әрекеттендi.

Алайда, тез ес жиған сақшылар нысанға оқ жаудырады. Сол маңайда оның екi серiгi ұсталды. Аяғынан жараланған киллер үй ауласын тасалап, iз жасырып үлгерген. Сол күнi барлық қала полиция бөлiмдерiнде «Тұтқындау» мен «Iздеу» iс-шаралары енгiзiлдi. Көп ұзамай, жаралы бөрiдей Алматыда аласұрған Салахутдинов  құқық қорғаушыларға ерiксiз берiлуге мәжбүр болды.

Полиция қызметкерлерiне берген бiрнеше жауабында әлденеше құбылып, өзiн судан ақ, сүттен таза етiп көрсеткiсi келген Закир Салахутдинов ақырында өзiнiң жеңiл жазаланбасын  түсiнген тәрiздi. Прокурор мен тергеушiлерге «назын» жеткiзiп, аз уақыт болса да  тәттi өмiрдiң балын жалап қалғысы келiптi. Кезi келгенде, киллер қымбат шылым шегiп, бағалы коньяк жұтып, барлық жағдайы жасалған түрме камерасын паналады. Мұнымен тұрмай, ара-тұра ең қымбат мейрамханадан ас iшiп тұруды терiс көрмедi. Қаржыны тамыр-танысы жеткiзiп берiп тұрған.

Мұнысы – Мильграмды өлтiруге тапсырыс берген адамды ұстап беру үшiн iштей дайындығы болатын. Көп ұзамай Мильграмның көзi тiрi кезiнде бақталасы болған оның орынбасары қолға түсiп, ар соты мен заң сотының  алдына жүгiндiрiлдi. Араға екi жыл салып, 2000 жылы қалалық сот Закирдi өлiм жазасына, ал тапсырыс берушi шенеунiктi 20 жыл мерзiмге бас бостандығынан айырды. Атышулы киллердiң соңғы қателiгi – полиция қызметкерi Сүгiрбаевты көпе-көрнеу атуы едi. Олай етпеген жағдайда өлiм жазасына кесiлмеуi де ықтимал болатын…

Арман ЖУСАНБАЙ,

полиция майоры

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *