Көмекке мұқтаж 1500 алматылыққа құрбандықтың еті таратылды

Көмекке мұқтаж 1500 алматылыққа құрбандықтың еті таратылды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алматыда Құрбан айтты мерекелеуде карантиндік шаралардың сақталуын бақылау жалғасуда. Қалаға 600-ден астам мал басын әкелуге рұқсат берілген жоқ.

Рәсімді тек діни қызметкер мен сенімді адамдар арнайы белгіленген жерде өткізеді. Басқа азаматтар qurban2021.kz сайт арқылы онлайн режимінде құрбандық шалу рәсіміне тапсырыс бере алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Алматы қаласында қатаң шектеулер қойылған. Мал сою цехының жұмысына, жаппай іс-шаралар, ұжымдық намаз, сондай-ақ мал әкелуге тыйым салынды.

Қасиетті мерекеге орай бір жарым күннің ішінде мұқтаж 1453 адамға құрбандыққа шалынған малдың еті таратылды. Алматылықтарға карантин жағдайында Құрбан айт мерекесін тойлау ережелері тағы да ескертілді.

Алматы қаласының аумағында полиция мен ветбақылау бекеттері ашылған, олар қалаға мал әкеліп сатуға тырысқан жандардың әрекеттеріне тыйым салады. Бұл мегаполистің бас санитарлық дәрігерінің айт күндері мал союға әрі сатуға тыйым салуына байланысты. Өйткені құрбандық шалу рәсіміне адам көп жиналады. Бұл коронавирус инфекциясының таралуына әкелуі мүмкін.

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекциясының деректері бойынша, кезекшілік кезінде инспекция қызметкерлері 16 - 20 шілде аралығында қаладан тыс жерде 31 ірі қара мал, 571 ұсақ мал, 3 жылқыны кері қайтарды.

«Инспекция қызметкерлері Алматы қаласының аумағында ветеринариялық-санитарлық бақылау мен қадағалауды күшейтті. Тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді, қаланың барлық сегіз ауданы тексерілді. Базар мен ет комбинаттары, мал сою алаңдары, сондай-ақ қала мешіттері тексерілді», - деді ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекциясының биологиялық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Нұрлан Тәшімов.

Мал сою цехы мен базарлардың жұмысы тоқтатылды. Мал сою мен оларды сатуға тыйым салынды. Алайда Алатау ауданында Балқурай-Молодежная көшелерінің қиылысында белгіленбеген жерде 100 бас ұсақ мал сату фактілері анықталды. Тәртіп бұзушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Әкелген малдарын қала сыртына шығарып тастады.

Бүгінде қала аудандарында заңсыз мал сою мен сату бойынша бақылау жұмыстары жалғасуда. Қала маңына қойылған бекеттер Құрбан айт мерекесінің соңына дейін жұмыс істейтін болады.

Алматы қаласы Дін істері басқармасы қала тұрғындарына Құрбан айт мерекесіне арналған құрбандық шалу рәсімі үшін базар мен жеке меншіктерде тірі мал сатып алу мүмкін емес деп алаңдамауға шақырды. Мұны онлайн режимде жасауға болады. Оның алгоритмін мұсылмандардың діни басқармасы жасап қойды.

Бүгінде 341 ешкі, 112 қой және 30 ірі қара малға онлайн түрде өтініш берілді. Құрбандық етін шамамен 1500 адам алды. Бұл шара бәріміз үшін жақсы, өйткені коронавирусты жұқтыру қаупі едәуір төмендейді дейді дін қызметкерлері.

«Интернеттегі құрбандық тек белгіленген жерде болады. Рәсімді өткізуге арнайы топ бекітілген, бөгде адамдарға кіруге тыйым салынған, барлық жұмыс санитарлық талаптарға сәйкес жүргізілетін болады», - деді Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы Мадияр Пірімқұлов.

Дін өкілдері жұртшылықты Құрбан айт мерекесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Бұл күндері үйде болып, қонаққа бармаған жөн, әрі іс-шара ұйымдастырмау керек. Қазіргі күрделі кезеңде қала тұрғындары үлкен жауапкершілік танытып, қауіпті инфекцияның таралуына тосқауыл болулары тиіс.