Үйлену оңай…  үй болу неге қиын?

Өмірдің өзі

 

Махаббаттың құшағында тербеліп, бақыттан басы айналып жүрген қыз бен жігіттің романтикалық сезімге елітіп, тезірек үйленсек, күнде бірге жүрсек деп ойлауы – заңдылық. Қай ата-ана аянып қалсын, сосын қарызданып, қауғаланып болса да, аста-төк той жасап үйлендіріп, үлкен өмірге жол ашып береді. «Үйлену оңай, үй болу қиын». Атам қазақ ерлі-зайыптының өмірін осылай бір ауыз сөзбен-ақ бағзы заманда-ақ түйіндеп қойған. Ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың қатар жүретіні секілді, үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ ұрыс-керіс болды екен деп ажырасып кете береміз бе? Жалпы, ажырасудың себеп­тері бір күнде пайда бола салмайтыны түсінікті. Оған түрткі болатын себептер көп.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда бүгін көтерілген үш шаңырақтың біреуі шайқалып тынады. Ажы­расудың себептері әртүрлі жағ­дайдан туындайтын көрінеді. Мәселен, шаңырақ көбіне әлеуметтік жағдайдың қиындығынан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, ата-аналарымен қарым-қатынастың дұрыс болмауынан (басқа да туыстардың араласуы), некеге адалдық танытпау, яғни «көзге шөп салудан», ішімдікке әуестіктен, сезімсіз үйлену немесе некеге жеңіл қараудан шайқалып жатады.

***

Жеңіл қарау демекші, қазіргі жастар виртуальды некеге көшті. Мұхиттың арғы бетінен келген бұл «індет» бізге де дендеп енді. Көбі әлеуметтік желіде танысып, тез арада некеге тұрып жатады. Сосын мінезіміз үйлеспеді деп оп-оңай ажырасып кете барады. Ең қиыны, бұзылған некенің салдарынан бала зардап шегеді. Бала демекші, қазіргі таңда алимент төлеуге жарамай жүрген жауапсыз, «қашқын әкелер» де көбейген. Ал толық емес отбасынан шыққан, жоқшылықтан тойып тамақ ішпеген баланың ертеңгі күні қандай шаңырақ иесі болатыны тағы белгісіз.

***

Алтынай – біреудің жалғызы, ол етегінен ұстаған Асқар да бір үйдің жалғызы. Ұлды әке-шешесі анда тартты, қызды «жалғыз жеткізіп едім, еңбегім бар емес пе» деп анасы мұнда тартты. «Намысым бар, күшік күйеу болмаймын» деп кескен Асқар өз еліне кетті, келіншегін алып. Бірақ таразы басын бәрібір әйелдің төркіні басып кетті. Алтынайдың анасы: «Немеремнің үсті-басын жара басып кете береді, ауасы жақпай жатқан көрінеді», – деп қызы мен күйеу баласын астанаға, үйіне алдыртып тынды. Екеуіне жақсы жерден жұмыс тауып берді. Материалдық жағдайы шешілген соң жігіттің де көңілі жай болса керек. Кім білсін, бірақ…

Қыз бен жігіт арасындағы сезімді ақшамен өлшеп, есеппен отбасын құратындар арамызда мүлде жоқ деп айта алмаймыз. Әйелінің төркіні қарайласып, қызмет ұсынып, материалдық жағдайын жасап қойған һәм бас пайдасын ойлаған, ер деген атына, намысына балта шауып жүрген, «күшік күйеу» болудан еш тартынбайтын жігіттер: «Қайын жұртым қарайласып жатса, онда тұрған не бар, пайғамбар да күйеуін сыйлаған ғой», – деген уәж айтудан қашпайды бүгінде.

***

Махаббаттың  мөлдір таза күйінде сақталуына көбіне осылай әлеуметтік жағдай ырық бермейтін сияқты ма, қалай?.. Айналаң толған – пәтер жалдап күн кешіп жатқан жас отбасылар. Ауылдан шаһарға жұмыс іздеп келген күйеуге «екі қолға бір күрек» табу қиын, ал әйел жас баламен үйде отыр. Табыс жоқ. Жоқшылық титықтатқан ері әлсіздік танытып ішуді бастайды, әйелі оған сөйлейді. Күйеу сөйледің деп құлақ тыныштығын іздеп сыртқа кетеді, сөйтіп ырың-жырың басталады.

Бәрі жетіп тұрған ауқатты отбасылар да ажырасып жатады. Неге? Екеуі де жоғары білім алған. Қызметте. Көзі ашық. Зәулім үйлері бар. Әрқайсысында – жеке қымбат көлік. Балаларына күтуші жалдап қойған. Оларға да жеке жүргізуші қызмет көрсетеді. Өздері тым жұмысбасты. Уақыт аз, сондықтан күнде сырттан тамақтанып келеді. Ал асылған еттің, ыстық бауырсақтың исі шығып жатпаған соң үйде қандай береке, жылылық болады?! Мұндай отбасындағы ер мен әйелдің арасындағы түсініспеушілік ерлі-зайыптының бір-бірінен именбеуінен, бірін-бірі мо­йындамауынан басталуы мүмкін. Сенім сетінеп, үй ішінің шырқы бұзылса, отбасын сақтау қиынға соғады.

 

Тақырыпқа орай

 «Отбасы» мектебінен бір дәріс

Жаңадан бүршік жарған жас көшетті бір орыннан екінші орынға ауыстырып отырғызғанда жері құнарлы, күтімі оңды болса, жапырақ жайып жемісін жегізетіні секілді, келіннің де жақсы немесе жаман атануы көп ретте ененің көрсетер үлгі-өнегесі мен адамгершілік өресіне байланысты.

 Күләш ОҢАЛБАЕВА, профессор:

Ұсақ-түйекке араластырмадым

Марқұм отағасым мені бір көзқарасымен-ақ бағындыратын, сосын бәрін түсіне қоямын. Оң қасын көтергенде нені меңзеді, ал сол қасын қайшылағанда не ұнамады, соның бәрін жаттап аласың. Менде де мінез жетіп-артылады, бірақ отағасыма ешқашан қарсы келген емеспін. Ерлі-зайыпты ренжіскенде бірі сабырға келуге тиіс, әйтпесе от шығады. Ол кісі облыс деңгейінде күш құрылымы саласында жұмыс істеді, қызмет бабында небір күрделі оқиғалар болып жатады. Баспалдақпен екінші қабатқа көтеріліп келе жатқандағы аяқ алысынан-ақ көңіл күйін біле қоятынмын. Мазасы қашып келе жатқанын сезсем, балаларға: «Әкелерің келе жатыр!» дегенімнің өзі-ақ жеткілікті болатын.

Ауыртпалық туғызбас үшін үйдің ұсақ-түйегін оған ешқашан білдірген де, араластырған да емеспін. Ағайын-туыстың кейбір мәселесін де білмей қалатын кездері болды. Бәрін ың-шыңсыз, өзім шешуге тырысатынмын. Әрқайсымыз өз жұмысымызды, өз орнымызды білетінбіз. Ал қазіргі жастарға, бәлкім, шынайы сезім жетпей жатқан шығар. Риясыз сүйсең, сол адам үшін бәріне төзесің, бәрін құрбан етесің.

 Гүлжамал ЕСЕНБАЙ:

Бетінен қаға бермеу керек

– Босаға аттап келген келіннің сол үйдің тәртібіне, тіршілігіне бірден бойлай еніп, кірігіп кетуі үшін алдымен енесі кемеңгер болуы керек. Келіннің бұған дейін өз ортасы, өз өмір сүру қағидасы болды. Оған бірден «сен мынаны осылай істемедің» немесе «мұның дұрыс емес» деп бетінен қаға бермей, бағыт-бағдар беріп отыруы тиіс. Келін үшін келген жері қашанда киелі ұғым болуы тиіс. Ол жарын сүйіп тұрса, отбасының береке-бірлігі, ынтымағы үшін парасатты да ақылды болуға міндетті. Үлкеннің ағаттығына кешіріммен қарап, елемеген болып, шуып-шайып жіберіп отыруы керек. Бір отбасының табалдырығын оң аяғымен аттап, ұрпақ жалғап, бала сүйіп отырған соң сол үйге бар ниетімен сіңісуге тиіс. Ниет таза болмайынша, күйеуің жақсы көріп тұрғанымен, енемен, отбасының тағы басқа да мүшелерімен тіл табысу мүмкін емес. Ал ене мен келінді туыс етіп, байланыстырып тұратын қа­зық – ер-азамат. Тырнақ астынан кір іздей берсең, бәрінен де табуға болады. Бірақ менің ойлайтыным – алдымен баламның абыройы. Шаңыраққа ие болып тұрған азаматқа ене мен келін бірігіп сүйеу болуға тырысуы қажет.

 Толқын ҚАЛДЫБАЕВА, ұстаз:

Отбасылық этикет сақталуы шарт

– Шыны керек, кейде келін түсе салысымен «екеуі бөлек жүре ме енді, қалада бірге болсын» немесе «алаңдамай сабағын оқысын» деп жібере салады. Ал мен туған Шымкент өңірінде жаңа түскен келінді мүмкіндігінше бір-екі жыл сыртқа жібермей, шаңырақта ұстайды. Ондағы мақсат – оны «Отбасы» деген үлкен мектептен өткізу. Бұл келін болып түскен күннен бастап оның сол үйдің өмір-тіршілігіне араласып, тез бейімделіп, жаман-жақсыны тең саралауы, көрген-білгенін түйіп, үлкеннен ұлағат, өнеге жинауы үшін керек. Ал қаншалықты бойына сіңіре алады, ол келіннің өз үйіндегі тәрбиесіне, санасына байланысты. Отбасылық этикет сақталса, ол үйден ынтымақ кетпейді. Айналып келгенде, екеуі де әрдайым бір-бірін түсінуге ұмтылып жүруі керек. Меніңше, мұндайда екі жақ ең алдымен ортада тұрған ұлдың һәм отағасының абыройын ойлауға тиіс. Баламның басы салбырамасын деген ана мен күйеуімнің жүзі сынбасын деген әйел бір-бірімен тіл табыса білуі шарт.

 

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *