ӘЙЕЛДЕР НЕГЕ ТЕЗ МАС БОЛАДЫ?

– Әйелдердің алкогольді ішімдіктің әсерін тез сезінуі ер адамға қарағанда бір жарым есе жоғары, – дейді дәрігер-нарколог В.Нужный, – әйелдер бойындағы ішімдікті сезінудегі ферменттер белсенділігі 70 пайыз төмен. Сондықтан олар тез мас болады және тез арада айығып кетуі ұзаққа созылады. Оның үстіне әйелдің ағзасында майлы тканьдар көп. Алкоголь суға қалай тез сіңсе, майға да солай сіңеді. Соның кесірінен қан айналымы тежеледі де мастану ұзаққа созылады. Бүгінде арақ ішу жөнінен әйелдер еркектермен теңесті. Қазір Ресейде арақ ішу азайған болса, бұл ең алдымен еркектердің арқасы. Әйелдер бұрынғыша сіміріп жатыр.
«Бас жазу мұражайы»
Хорватия астанасы Заребте өзгеше мекеме «Бас жазу мұражайы» ашылды. Онда бас жазу салдарының неге апарып соғатыны жөніндегі түрлі сұмдықтармен танысуға болады.
Мұражайда атышулы кештерден соң болған жантүршігерлік оқиғалар туралы мәліметтер бар. Мұнда әр жағдайдан соң түсірілген түрлі кадрлар бар. Бұл мұражайды құрған 24 жастағы Рино Дутакович. Ол өзінің құрбысының әңгімесінен соң осындай шешімге келген. Бір күні әлгі құрбысы қалтасынан велосипедтің педалін тауып алады. Ол қатты мастықтың салдарынан бұл заттың қалтасына қалай түскенін есіне түсіре алмайды.
– Досымның әңгімесіне қызыққаным сонша, осындай жәдігерлер мен «тарихи» оқиғалардың негізінде неге мұражай ашпасқа. Онда қызықты материалдар көп болар еді деген ой келді маған, – дейді Р.Дутакович.
Қазір мұражайды құрушылар әлем бойынша қызықты оқиғаларды, деректерді жинап жатыр. Олармен сайтта немесе фейсбукте пікір алмасуға болады. Қызықты оқиға айтқандар оған тегін кіре алады. Оған кіретіндер бір бокал шарап ішіп, бетперде киіп, өзін мас сезінетіндей жағдайда болуы керек.
Бұл мұражай әзірге осындай көңіл көтеруге басым сипат бергенімен, келешекте ішімдіктің залалы жөніндегі насихатпен айналыспақ көрінеді.
ТӨрт күндік жұмыс аптасы талқыға түсіп жатыр
Финляндияның 34 жастағы премьер-министрі Сани Мариннің ұсынысымен бұл елде төрт күндік жұмыс аптасы мен алты сағаттық жұмыс күнін енгізу жоспарланып отыр.
Қазір жаңа премьер үкімет мүшелеріне оның тәртібін реттеу жөнінде тапсырма берді.
– Меніңше, адамдардың бос уақытын тиімді пайдалануға, отбасымен, сүйіктісімен, достарымен көбірек болуға, өз тірлігімен айналысуға уақыты болуы керек. Оған адамдардың толық қақысы бар деп ойлаймын, – дейді премьер.
Бұдан бұрын бұл кісі елдің көлік министрі болған. Осы қызметте жүріп ол қысқа жұмыс аптасын енгізумен айналысты. Ол бұл қадамының жұмысшылардың бір-бірімен түсіністігі, еңбек өнімділігінің артатынына жол ашатынына сенді. Қазір Финляндияның өзінде және Еуропаның кейбір елдерінде аптасына 5 күн 8 сағаттан жұмыс істейді.
Марин әлемдегі ең жас премьер-министр. Солшыл ортақшыл бағыттағы біріккен төрт партияны басқарады. Оның бәрін әйелдер басқарады, оның ішінде үшеуі 35 жасқа жетпеген.
Бұл ұсынысты алғаш болып білім министрі Ли Андерссон қолдады. Ол Финляндияның сол жақ альянсының көшбасшысы. Оның ойынша, ел азаматтарына аз еңбек етіп те еңбек өнімділігін арттыруға болады. Мәселе өндірісті әйелше басқаруда емес, мәселе сайлаушыларға берген уәдемізді орындау, адамдарға қолұшын беру дейді ол.
Р.S. Швеция билігі 2015 жылы кейбір мекемелерге 6 сағаттық жұмыс күнін енгізіп көрген. Тәжірибе көрсеткеніндей, жұмысшылар өзін өте жақсы сезініп, еңбекке белсенділігі артып қоймай, жұмыс нәтижелі, жақсы көрсеткіштер болған.
2019 жылы қарашада Mіcrosoft Japan батыл қадамға барып, қызметкерлеріне 3 күндік демалысты ұсынған. Нәтижесінде компанияның еңбек өнімділігі 39,9 пайызға артқан.
Теріңіздің түсіне қарап білесіз
Ішкі ағзаңыздағы дерттің белгісін теріңіз арқылы білуге болады. Мәселен, бауырдың майлануын, асқазанның ауруын, т.б. біле аласыз.
Тері және іш аурулары бір-бірімен тығыз байланысты. Мәселен, аяғыңыздағы қызыл дақтар асқазан жарасының белгісін білдіруі мүмкін. Бауырыңыздың ауыратынын көзіңіздің қарашығы, терінің сары түсінен аңғаруға болады. Сондай-ақ, буындарыңызда, буын жолдарында жұлдызшалар пайда болуы да әбден мүмкін. Әрине, бауырдағы майды лазердің көмегімен де кетіруге болады. Бұл қадамға бару үшін бауырдың жағдайын түбегейлі зерттеу қажет.
Аукцион арқылы үйленді
Кейде қабылданған тосын шешімнің соңы да үлкен махаббатқа ұласып, кісіні табанасты бақытқа бөлейді екен. «Естімеген елде көп» әрине. Ақша үшін қыз белгісін саудаға салып, аукционға шығарған 19 жастағы Харьков тұрғыны ол немесін 1,2 млн. еуроға бағалапты. Бұл жөнінде Ddіly Maіl мәлімдеді. Басылымның жазуынша, қазір АҚШ-та тұратын ару бір сайт арқылы аукционға ұсыныс түсірген. Әуелдегі бағасы 100 мыңнан басталып, саудаласу кезінде ол миллион еуроға жеткен. Нәтижесінде 58 жастағы мюнхендік кәсіпкер жеңіске жеткен. Аукцион жеңімпазы мен украиналық арудың кездесуі Германияда өтетін болды. Сондай-ақ, жеңімпаз еркек аруға үйленіп қана қоймай, оған ай сайын 10 мың еуро төлеп тұруға уағдаласты.
Қ.ИМАН.