Jasyl Almaty: Алмалы ауданында әрбір жаңа көшеттің атау тақтайшасы пайда болды 

Jasyl Almaty: Алмалы ауданында әрбір жаңа көшеттің атау тақтайшасы пайда болды 
Сурет: 24.kz

Jasyl Almaty бағдарламасы бойынша аудан әкімдігі қалалықтармен бірге 5,5 мың ағаш отырғызды


Осы күзде Алмалы ауданының тұрғындары атаулы ағаштар отырғызды. Көгалдандыру бойынша кешенді жұмыстар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында аудан әкімі Ержан Сейтенов айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz


Оның айтуынша, жасыл желектерді отырғызу тұрақты тәжірибеге енген. Jasyl Almaty бағдарламасы бойынша аудан әкімдігі қалалықтармен бірге 5,5 мың ағаш отырғызған. 
 
Әрбір көшетке оны отырғызған тұрғынның аты жазылған жеке тақтайша бекітілген. Енді әр ағаштың өз «иесі» болады, оның міндеті – ағаштың уақтылы күтімін бақылау. Е. Сейтенов алматылықтарға мегаполисті көгалдандыруға атсалысқандары үшін алғысын білдірді.   

Отырғызудан басқа, ауданда ағаштардың қураған және қауіп төндіріп тұрған бұтақтарын кесу арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша алдын алу шаралары жүргізілуде. Биыл 7 мыңнан астам ағашты санитарлық және формалық кесу және 300 апатты ағашты құлату жұмыстары жүргізілді. 
 
Апатты ағаштарды құлату кезінде «жасыл комиссия» құрылып, оның құрамына қоғам белсенділері мен сала мамандары кірді. Әрбір қауіп төндіріп тұрған ағаш алдын ала мұқият тексеріліп, содан кейін ғана оны кесу туралы шешім қабылданды. 
 
Е. Сейтеновтің айтуынша, биыл Алмалы ауданында 6 970 шаршы метр алаңға гүл көшеттері отырғызылып, Назарбаев даңғылы, Абылай хан, Наурызбай батыр, Жібек жолы көшелері бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған 7 мың шаршы метр учаскеге газон егілді. 
 
Сондай-ақ, Мұқанов-Бөгенбай батыр қиылысында ТЖД құтқарушыларына арналған жаңа тақырыптық саябақ ашылды. Аудан меценаттарының есебінен Мәуленов, Шевченко және Құрманғазы көшелерінің аралығындағы бөлігі өзгерді. Онда 2 760 көпжылдық өсімдіктерден түрлі жасыл композициялар отырғызылып, автоматты суару жүйесі орнатылды.