«JAS QALAM» республикалық конкурсы өтеді

«JAS QALAM» республикалық конкурсы өтеді
Сурет: Egemen.kz

Алматы қаласы әкімдігінің мәдениет басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы «JAS QALAM» атты балалар әдебиетінің үздік туындыларының республикалық конкурсын жариялайды

2022 жылды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылы деп мәлімдегені баршаға белгілі. Аталған байқау балалар әдебиетіне қалам тербеуге мүдделі қаламгерлер қатарын көбейту әрі бүгінгі әдебиетке балалар әдебиеті бағытындағы жаңа шығармалар легін қосу мақсатында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Egemen.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұл байқауды биылғы Балалар жылы аясындағы озық шаралардың бірі деп атауға болады. Келіп түскен шығармалардың кітап болып жарық көретінінен бөлек, байқаудың қомақты қаржылай жүлдесі арқылы жас қаламгерлердің шығармашылығына қолдау көрсету көзделген.

Байқауға шығармалар төмендегі үш жанр бойынша қабылданады:
- Проза;
- Поэзия;
- Драматургия.

Жүлделер әр жанр бойынша:
І орын: 1 000 000 теңге
ІІ орын: 800 000 теңге
ІІІ орын: 500 000 теңге

Байқауға шығармалар 10 желтоқсанға дейін ғана қабылданады.

Шығармалардың рәсімделуіне қойылатын талаптар:

Проза: 10 беттен кем емес, пішіні: 14,Times New Roman қарпімен, 1 интервал.
Поэзия: 10 шумақтан кем емес, пішіні: 14, Times New Roman қарпімен, 1 интервал.
Драматургия: 15 беттен кем емес, пішіні: 14, Times New Roman қарпімен, 1 интервал.
Бұрын жарияланған шығармалар қабылданбайды.

Байқауға қолынан жазу келетін, 18-35 жастағы Қазақстан аумағында тұратын кез келген қаламгер қатыса алады. Сонымен қатар әр қатысушыдан тек бір ғана аталым бойынша шығарма қабылданады.

Қатысушыларды іріктеу критерийлері:

1. Байқауға компьютерде терілген шығармалар қабылданады. Шығармаларды қабылдау үшін әр қатысушы өзінің толық аты-жөні, өзі туралы толық мағлұмат (жасы, байланыс нөмірі, тұрғылықты мекенжайы, жұмыс немесе оқу орны,шығармашылық өмірбаяны) ұсынылған қатысушы парағын толтырып жіберуі тиіс. (Ережеге Қосымша №1 қатысушы парағы тіркелген).
2. Сапалы орындалған жұмыстар ғана қабылданады (қолжазбалар байқауға жіберілмейді).
3. Келіп түскен шығармалар сараптама кезеңіне нөмірленіп ұсынылады. Яғни сарапшылар авторға емес тек шығармаға баға береді.

Ескеретін жайт: Қатысушы парағы жоқ немесе толтырылмаған, шығармалары байқау талабына сәйкес келмейтін, бұрын жарияланған жұмыстар байқаудың сараптамалық кезеңіне жіберілмейді.

Қатысушы парағы толтырылған, «Балалар байқауына» деген тақырып қойылған өтінімдер baiqau2022@gmail.com электронды поштасында қабылданады.

Ұйымдастырушылардың байқауға келіп түскен шығармаларды автордың рұқсатынсыз, қаламақысыз балалар әдебиетін насихаттау мақсатында жариялауға және таратуға толық құқы бар.