Jas Nomad жобасының берері мол

Jas Nomad жобасының берері мол
Сурет: Іnform.kz

Ұлттық құндылық - басты байлық!

Еліміздегі Jas Nomad жобасы ұлттық құндылықтарды жаңғыртады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қазыналы қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен мәдениетін дәріптеу. Осының қамында ел астанасында «Jas Nomad» жобасы жүзеге асырылуда. Іс-шаралар кешені 4 бағытты қамтиды.

Оның алғашқысы – онлайн сабақтар. Мал етін бөлшектеу, атаулары, қонақ кәделері, ұлттық тағамдар, киімдер мен көне ойындар және төл аспаптарымыз жайында сыр шертетін бейнесабақтар әлеуметтік желілерде жүктеледі. Келесі кезең ұмыт болып бара жатқан ата кәсіптерді жаңғыртуға бағытталған.

Офлайн форматта қолөнер, қыш ыдыстар мен аспаптар жасау және тігу өнері киіз үй құрастыру бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Бұдан бөлек мәдениетіміз, тамыры терең тартқан салт-дәстүрлеріміз жайында түсірілген бейне роликтер байқауы жарияланады. Соңғы кезеңде ұлттық құндылықтарға деген жастардың көзқарасын анықтау мақсатында қазақ және орыс тілдерінде әлеуметтік желілер арқылы сауалнамалар жүргізу көзделген.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қолға алынған танымдық бастама жыл соңына дейін жалғасады.