Ізашқан

Қазақ теледидарының тұңғыш дикторы Зұлқия Жұматова  жайлы  бір үзік сыр

 

Зұлқия Мұқанқызы – отандық төл телеарнамызда тұңғыш рет қазақ тілінде эфирге шыққан Қазақ телевизиясының қарлығашы. Көзіқарақты көрермен 1958 жылғы 8 наурызда алғаш рет оның «Кеш жарық!» деген сөзі арқылы ана тіліміздің асқақ үнін, әсем әуезділігін естіді. Қазақ телевизиясының ғасырмен құрдас тұңғыш дикторы Зұлқия Жұматова бүгінде 101-ші көктемін қарсы алғалы отыр.

 

Өжет ару

«Қазақ дикторларының анасы» атанған Зұлқия Жұматова 1920 жылдың 20 ақпанында Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген.

Анасы көз жұмғанда 15 жаста еді. Отбасының тұңғышы болғандықтан өзінен кейінгі сегіз іні-сіңлісінің жауапкершілігі мойнына түсті. Әкесіне бауырларын аяқтандыруға көмектесу, өмір көшіне тезірек ілесу үшін облыс орталығына жетуді армандайды. Сөйтіп, әкесі 1941 жылы үйіндегі жалғыз сиырды сатып, қызын қалаға аттандырады. Көп ұзамай өжет бойжеткен отбасын қалаға көшіріп алады. Бірақ әкесі қайтыс болады да, бір шаңырақтың ауыртпалығы қайтадан нәзік арудың өз иығына түседі.

Соғыс жылдарында Зұлқия Жұматова зауытта жұмыс істеген. Ала таңнан тұрып, қас қарайғанша бел жазбай жұмыс істеп, тыл еңбеккерлеріне де көмектескен. Ол кезде тұрмыста болатын. Бірақ жары соғыста қаза тауып, бір ұл, бір қызымен жесір қалады. Кейін екінші рет тұрмыс құрып, Ауыл шаруашылығы институтының директоры Әубәкір Жұматовпен бас қосады.

 

Бақ пен бап

1958 жылы жұртшылыққа газет беттерінен, радио толқынынан «Үйлеріңізде теледидар болады, әлемдегі барлық жаңалықты тыңдап қана қоймай, көре де аласыздар. Әдебиет пен мәдениет туралы мағлұматтарға қанығасыздар» деген хабарлар таратылады. Зұлқия бұл жаңалықты бастапқыда аса елеген жоқ. Бірер күннен кейін «телестудияның ашылуына орай диктор таңдаймыз, соған байқау жарияланады» дегенді де естіп қалады. Сол шақта балалар туралы өлеңдер жазып, аудармамен айналысып жүрген ол «Телеарна болған соң, ол жерде міндетті түрде шығармашылық редакциясы болады ғой. Бәлкім, балалар бағдарламаларының біріне хабар дайындайтын редактор керек шығар, барып көрейін. Балаларымыз бар, жұмысқа тұрып, жолдасыма қолғабыс тигізейін» деген ойдың жетегімен телестудия табалдырығын аттайды. Сөйткен ол дикторлардың байқауынан бір-ақ шығады.

Келсе, аула толы әдемі, көркем жандар, дені қыз-келіншектер. Бағы мен бабын сынауға 750-дей адам жиналған көрінеді. Сол жердің жұмыс тәртібін үйлестіріп жүрген бір жас жігітті тоқтатып алып, «мен осында жұмысқа тұрсам деп едім, кімге жолықсам болады» деп жөн сұрайды. «Апай, қазір дикторлар байқауы бітпей ешкім сізді қабылдамайды, бәрі соның жұмыстарымен жүр», – деген жауап алады. Жан-дүниесі о бастан шығармашылыққа жақын Зұлқия айналасында болып жатқан абыр-сабыр тірлікке қарап тұрып, телевидение әлеміне қатты қызығып кетеді.

Бір бұрышта теледидар тұр екен. Соған қарама-қарсы тұра қалсаң, өзіңді көрсетеді. «Мен қалай көрінеді екенмін» деп Зұлқия да теледидар алдына тұра қалады. Кенет үстіңгі қабаттан «Сіз кім боласыз, фамилияңыз кім?» деген ер адамның даусы естіледі. Ол еш бөгелместен «Атым – Зұлқия, тегім – Жұматова» деп жауап береді. Әлгі дауыс иесі: «Қайда жұмыс істейсіз, немен шұғылданасыз?» деп, қайыра сұрақ қояды. Бұл өзінің аудармамен айналысатынын, бос уақыттарында өлең жазатынын, «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрген алғашқы өлеңіне Бақытжан Байқадамов ән жазғанын, оны Жамал Омарова орындайтынын, аяулы жар, бақытты ана екенін жеткізеді. «Ендеше, өз шығармашылығыңыздан бір өлең оқып беріңіз». Зұлқия Жұматова тосылып жатпастан өзінің Абай туралы жазған өлеңін оқиды. Соңғы шумағына жеткенде қол соғады бірнеше кісі. Сосын: «Сіздің орысшаңыз қалай?», – деп сұрады әу баста сұрақ қойған адам. Зұлқия сол өлеңінің өзі аударған орысша нұсқасын жатқа оқып береді. Кейін белгілі болғанындай, өзімен тілдесіп тұрған атақты Шәкен Айманов екен. Жанына келіп ризашылығын да білдіреді. Міне, ол Алматыда ашылған Қазақстандағы тұңғыш телестудияға осылай келген болатын.

 

Жанкешті еңбек

Әрине, ең алғаш экран алдына шыққанда қос тізесінің дірілдеп тұрған сәті де ұмытылмас. Ол уақытта қазіргідей жетілген микрофон, суфлер деген де жоқ. Олардың ұжымы оншақты адамнан ғана басталған. Эфирде оларды ауыстыратын адам болған жоқ, жаңалықтарды орыс тілінде жүргізетін әріптесі Нелли Омарова екеуі таңнан кешке дейін студияда болатын. Барлық мәтінді жаттап алып айтатын. Сол үшін есте сақтау қабілетің мықты болуы тиіс, әрі еш мүдірмеу керек. Және өздерін экраннан көре де алмайтын. Барлық хабар тікелей эфирде өтетін. Неткен жанкешті еңбек болған десеңізші! Суық студия. Таңертең барады, түнгі сағат 1-дің кезінде қайтады. Ол тұста бүгінгідей бір түймеге бағынатын дамыған техника жоқ, сондықтан көрерменге «Қош, сау болыңыз!» деген сөзді айту үшін түнгі сағат 01.00-ге дейін отыратын. 1961 жылы 12 сәуірде ең алғаш болып ғарышқа адам ұшқанын хабарлаған да осы екі диктор болатын.

Бүгінгідей самсаған БАҚ жоқ. Сондықтан жұрттың бәрі әр бағдарламаны жібермей көретін. Және де көрермендер талғамы өте жоғары болатын. Мүлт кетуге, қателесуге болмайды. Сол бір қиын шақтарда жүріп шыңдалады.

1958 жылы Зұлқия Жұматоваға сол кездегі Мәдениет министрі Әмір Қанапиннің ұйытқы болуымен Мәскеуде өткен «Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің» онкүндігіне бару сәті түсті. Сол кезде Мәскеу телевизиясында он күннен аса жұмыс істеді. Сонда жүріп Юрий Левитан, Нина Кондратова сынды Одаққа мәлім дикторлармен тәжірибе алмасты. Ол кездері телеарна дикторларын халық өте жақсы танитын. Салтанатты кештерден бөлек, қоғамдық орындарда да көре қалса жұрт атып тұрып төр ұсынатын.

 

Асылкеш

Мұхтар Әуезов сынды заңғар жазушымен сұхбат жүргізгені де бар. Хабар аяқталған соң қаламгер «Асылкеш» деп Зұлқия диктордың қолынан сүйеді. «Асылыңызды» түсіндім, «кеш» дегеніңізді түсінбедім», – дейді диктор өжет мінезіне басып. Ал Әуезов болса жайдары үнмен: «Асылкеш дегенім – асыл жан деген сөз. Сендер – асыл жансыңдар!», – деп ілтипатын білдірген екен. Дикторлардың қазақшаны таза сөйлегендеріне, қазақша хабарлар ашылғанына қуанған белгісі екен бұл.  Тұңғыш дикторымыздың шеберлігіне Дінмұхамед Қонаев та тәнті болған деседі: «Мен бұл кісіні ақын, әйел, тележүргізуші ретінде қатты құрметтеймін», – деп баға берген екен.

Иә, көркем, әуезді дауысты диктор – телеарнаның келбеті, бетке ұстар тұлғасы. Диктор әр үйге қонақ болып келіп, тұтас бір ұжымның жұмысын сан мыңдаған көрерменге бір өзі паш етеді.

Ол тұста қазіргідей түрлі, сәні келіскен киімдер болмаса да, диктор апамыз жоқтың өзін жарастырып, жарқыратып, аса талғампаздықпен киіп шығатын болған екен. Сондықтан Зұлқия Жұматовның әдемілігіне тамсанып, бой түзеген қазақ қыздары қаншама болған!

 

Әдемі әже

Мәскеу сапарларында сол елдің теле­визиясының техникалық әлеуетін, әсем студияларын көріп, біз­ де осындай кереметке қол жеткізсек қой деп армандаушы еді. Бүгінгі жаңа буын әріптестерінің сол арманға жеткені үшін де қуанышты.

Жа­сы ұлғайған соң, күнделікті теледидар көрем деп айта алмайды. Дегенмен, осы саланың майталманы болған соң кез келген жаңалыққа елеңдеп, құлақ қойып отыратыны бар. Қазіргі отандық арналардағы теле­бағдарламаларды тізгіндеп жүрген дикторларға көңілі толатынын да айтып жүр. Олардың сөз саптаулары нық, дауыс мәнерлері ырғақты деген пікірде Зұлқия әжей.

Өзі қазір де ширақ. Сөзі мы­ғым. Ойы ашық. Әрі әдемі. Әлі күнге олпы-солпы киінгенді  жаны сүймейді. Отырып-тұру этикасына дейін мән береді. Сыртқы және ішкі тазалықты әрдайым үйлесімділікте ұстайды. Әлі күнге өлең оқығанды жаны сүйеді. Зұлқия әжейдің бүгінде 100-ден асып отырғанының себебі де осында жатқан секілді.

Иә, қазақ тілінің үндестік заңын сақтай отырып тікелей эфирде сөйлеген Зұлқия Жұматова апамыз өзіне назар тіккен кейінгі ұрпақтың құлағына әсем де әуезді қазақ тілін құя білді. Сөйтіп, талай ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосты.

Ардақты ардагер-әжеміздің ізгілікке толы ізі бүгінде төл теледидарымыздың әлемінде осылайша сайрап жатыр.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *