Иттiң де итi бар
Жапонияның Сибус стансасында Хатика деген итке орнатылған ескерткiш бар. Токио университетi профессорының итi өзiнiң қожайынына деген сенiмi, сүйiспеншiлiгi арқылы ел есiнде қалды. Қожайыны қайтыс болған тоғыз жыл бойына ол иесiн стансада тапжылмай күтiп отырған. Бұл туралы Ричард Гир түсiрген арнайы фильм бар.
***
Тольяттиде де ел аузында Верный аталып кеткен итке ескерткiш қойылған. Бұл ит 1995 жылы жол апатынан аман қалған. Жұрттың айтуынша, көлiк iшiнде осы ит пен оның қожайындары – жас ерлi-зайыптылар болған. Әйел адам бiрден қайтыс болса, ер адам екi сағаттан кейiн ауруханада көз жұмған. Ит тiрi қалған. Жергiлiктi тұрғындар оны үйiне алып кетпек болады, бiрақ ит оған көнбей, 2002 жылға дейiн жол бойында қожайындарын күтiп отырған. Бұл ескерткiш соның белгiсi.
Қазақ иттi жетi қазынаға жатқызады. Сiрә, сол тегiн болмаса керек.
Ресейде маскүнемдiктi
жеңуге бола ма?
Ресейде бұл мәселемен күрестiң басталғанына бiраз уақыт болды. Арнайы мамандардың зерттеуiнше, ең iшкiш халық орыстар емес екен. Орыстың арақ iшу тарихы басқа елдермен, оның iшiнде Еуропа елдерiмен салыстырғанда түкке де тұрмайтын көрiнедi. Басқа елдердiң мыңдаған жылдық тарихына қарағанда орыстар соңғы үш жүз жылда ғана бұл кеселмен әуестене бастаған екен. Соңғы жүз жылдың iшiнде Ресей бодандығында болған елдер олардан басып озып кеткен көрiнедi.
Дейтұрсақ та, бұл мәселе Ресей үшiн күн тәртiбiнен түскен емес. Тiптi, орта мектептерге дiн пәнiн енгiзудiң астарында да онымен күресудiң бiр жолы жатыр. Таяуда «Комсомольская правда» бұл тақырыпқа қайта оралып, белгiлi адамдарға сауал қойып, әлеуметтiк зерттеулер жүргiздi.
«Маскүнемдiктi жеңуге бола ма?« деген сауалға әркiм әртүрлi жауап бередi.
«Алкоголизм орыстың қанында бар дегенге мен сенбеймiн. Мектепте, жоғары оқу орындарында осы жөнiнде көп айту керек», «қоғамда араққа деген көзқарасты өзгерту керек. Кейде iшпейтiн адамдарды жетiлмеген, ой-санасы өспеген, тiптi ауру деп есептейтiндер бар», «егер адамның өзiнде ниет болса, оны жеңу түк те емес, бұл бiздiң өмiр сүру салтымызға айналып кеткен, сондықтан соғыста жеңген халықтың арақты жеңе алмайтынына таңқаласың», «Ресейде құрғақ заң 1914 жылы патшалық тұсында және 1985 жылы Горбачевтiң кезiнде болды. Мұның екеуi де мемлекеттiң күйреуiмен аяқталды. Сондықтан маскүнемдiкпен күресудiң тәсiлiн ойлап тапқан адам әзiрге жоқ».
Мiне, сауалнамаға жауап берушiлердiң денi осылай дейдi.
Адам үмiтсiз емес, әрине. Кiм бiледi, бiр күнi арақты жойған адамға да ескерткiш тұрғызуы әбден мүмкiн ғой.
Мұндай шайқас бiзде
де болмап па едi?!
Маусым айында Ресейде «Бородино шайқасы» атты мұражай-панораманы күрделi жөндеуге байланысты жаппақшы. Астаналық билiк оның жөндеуiне 20 миллион рубль бөлiп отыр. Оның бiр ерекшелiгi, 2011 жылы желтоқсанда ашылғанда мүгедектер үшiн арнайы көтерме құралдары да бiрге жасалмақшы.
Бұл атақты панораманы 1913 жылы Николай Екiншiнiң тапсырмасымен Франц Руб деген кiсi жасаған. Мiне содан берi жөндеу көрмеген бұл панорамаға қайта жөндеу өте-мөте қажет. 2012 жылы «Бородино шайқасына» 200 жыл толады. Қысқасы, бұл панорама-мұражайдың қайта жөнделуi орыс рухын одан сайын биiктете түсетiнi сөзсiз.
Егер көрсете бiлсек, бiздiң қазақта да мұндай шайқас болмап па едi. Мәселен, Орбұлақ, Аңырақай шайқасы дегендей.
Әзiрлеген – Ж.ҚҰДЫС.