Ыстамбұлда «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші өтті

Ыстамбұлда «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші өтті
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Ұлттық өнеріміз Түркияда ұлықталды

«Алматы ақшамы» газеті қаламыздың мәдени өмірінен қалыс емес. Театр болсын, көрмелер дейсін бе, барлығы қамтылып, жаңалықтар жазылып жатады. Осыған дейінде 8 шілдеге қарасты нөмірімізде «Алатау» дәсүрлі өнер театрында бұрын сонды болмаған тұсаукесер – жаңа бағыттағы «Алтыбақан» ән-кеші жайлы айтқан болатынбыз. Енді, міне, театр ұжымы осы қойылыммен Түркияда ұлттық өнерімізді паш етті.

Жалпы, Қазақстан мен Түркия мемлекеттері арасындағы мәдени байланыстардың бір тармағы – театр мен музыка өнері саласындағы қарым-қатынастар. Бауырлас екі елдің мәдени серіктестігінде дәстүрлі мәдениет үлгілерін жаңғыртудың да маңызы ерекше. Бұл - екі елдің төл мәдениетінде қандай ерекшеліктері мен ұқсастықтарының бар екенін танытатын тұсы.

Алматы қаласының әкімдігі, Алматы қаласының әкімдігіне қарасты Алматы қаласы мәдениет басқармасы, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігі, Ыстамбұл қаласы әкімдігі және Алматы қаласы мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен Қазақстанның Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұлттық өнерімізді таныту, ұлттық бірегейлікті дәріптеу мақсатында 2021 жылдың 25 қараша күні Түркияның Ыстамбұл қаласында Джемал Решит Рей Консер Салонунда  «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші өтті.

Ұлтымыздың мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерлері ішінде ұмыт болып бара жатқан қазақтың тұрмыс-салтынан сыр шертетін «Алтыбақан» ұлттық ойыны – қазақ жастарының ертеден келе жатқан кешкілік бас қосып, ән айтып, домбыра тартып, айтыс жасап, би билеп, түрлі ойындар ойнап, көңіл көтеріп, ойын-сауық құратын кеші. Осы ұлттық ойынның төңірегінде әуелеткен дәстүрлі ән мен күмбірлген күй, ақындық пен билеріміз бір бірімен астасқаннан кейін «Алтыбақан» жай ойын ғана емес, сол кездегі қазақы өнердің ұйытқысына айналған, маңызды мәдени шарамен теңбе-тен болған. Көшпелі қазақ өнер бөлек бір сала емес, өмірдің өзіндей болатын. Сондықтан осы қойылыммен бауырлас елде өнер көрсету, екі ел арасындағы сабақтастыққа өзіндік үлесін қосқанына, өзіндік дәстүрімзді насихаттауға үлес қосқаны сөзсіз. 

Ән кешіне Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы арнайы келіп, құттықтау сөзін айтты. Сондай-ақ бауырлас түрік елінде білім алып жүрген отандастарымыз, түркиялықтар және т.б. бой көрсетті. Абзал Сапарбекұлы түрік және әзербайжандық   өнер саңлақтары мен көрермендер қатарында өнерпаздарымыздың таланттарына тәнті болып, ұлттық өнеріміздің өркендей беруіне демеу көрсеткен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа, театр директоры Ринат Заитов пен қойылымның көркемдік жетекшісі Жұлдызбек Жұманбайға, өнерпазадарымызға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдірді.

«Мен барлық театр ұжымына, режиссер мырзаға шексіз алғыс білдіремін. Өзіміз әзірбайжандықпыз, қазақ тілін білмесек те, әншілердің әсем дауысы арқасында қойылым түркі мәдениетінің үлгісін жүрекке жылы жеткізе алды. Әсіресе, әзірбайжан халық әні орындағанда, қызым еріксіз жылап жіберді. Өз атымыздан Қазақстанға үлкен алғыс білдіреміз, мұндай кештер жалғаса берсе екен», - деді көрермен. 

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек», – деп атап көрсеткен болатын. Рухани құндылықтардың түпкі мәні ұлттық өнер екені белгілі. Бұл адамдардың рухани қажеттіліктерін қанағаттандырады. Қазақ халқының ұлттық дәстүрлі өнері – мәңгілік өшпейтін өміршең қазына. Күллі әлемге мақтанышпен көрсете алатын символымыз. Төл өнерімізді өрге сүйреп, барынша насихаттау – баршамыздың парызымыз. Падиша дәстүрлі ән өнеріміз қанатын кеңге жайып, ұлы дала рухы асқақтай бергей!