Испаниядағы жанартаудан лаваның атқылауы күшейді

Испаниядағы жанартаудан лаваның атқылауы күшейді
сурет: 24.kz

Апат аймағынан адамдар кетіп жатыр.

Испанияның Пальма аралындағы жанартаудың атқылауы жалғасып, апат аймағынан адамдар кетіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Соңғы күндері күл мен шоқтан төнген қауіпке байланысты тағы 3 ауыл халқы қауіпсіз жерге көшірілді. Себебі жанартауда тағы бір жарықшақ пайда болып, лаваның атқылауы күшейген. Қазірге дейін таудан аққан ыстық шоқ 400-ден астам үйді бүлдіріп, көптеген жүзім мен банан алқабын күлге айналдырған. Жергілікті биліктің айтуынша, дереу қимылдаудың арқасында ешкім жапа шекпеген. Еске сала кетейік, өткен жексенбі күні Пальма аралында Кумбре-Вьеха жанартауы атқылап, апат аймағынан 7 мыңдай адам эвакуацияланған еді. Әуежай жабылып, адамдар теңіз арқылы кетуге мәжбүр. 

«Біз мұнда демалуға келген едік, бірақ табиғат апатынан үйге қайтуға мәжбүрміз. Барсонаға дейін ұшуымыз керек еді, бірақ әуежай жабық. Сондықтан Тенерифеге дейін кемемен жетіп, ары қарай ұшаққа отырмақпыз», - деді жергілікті тұрғын.

«Мен мұнда туғандарыма көмектесу үшін өзге аралдан келіп едім. Бірақ таудан аққан ыстық шоқтан олардың үйі жанып кетіп, барлық мүлкінен айырылып қалды», - деді ол.