Исламиадада қазақстандықтар медальдар саны жөнінен төртінші орында тұр

Исламиадада қазақстандықтар медальдар саны жөнінен төртінші орында тұр
Сурет: olympic.kz

Қазақстандық спортшылар қазірге дейін 36 медаль еншілеп үлгерді

Түркияның Конья қаласында өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында жалпы командалық есепте қазақстандық спортшылар төртінші орында келеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстандық спортшылар қазірге дейін 36 медаль еншілеп үлгерді. Олардың 12-і алтын, 5-і күміс, 19-ы қола.

Өткен тәулікте ауыр атлет Зульфия Чиншанло (59 келі), әйелдер күресінен Елена Шалыгина (65 келі) чемпион тұғырына көтерілді.

Ал таеквандодан 87 келіде Бауыржан Хасенов, грек-рим күресінен 55 келіде Аманғали Бекболатов қола жүлдеге қол жеткізді.

Сондай-ақ, спорттық гимнастикадан ел құрамасы аталған додада 3 күміс, 1 қола алды.
Жалпы командалық есепте Түркия 114 (41 алтын, 41 күміс, 32 қола), Иран 54 (22 алтын, 18 күміс, 16 қола), Өзбекстан 53 (18 алтын, 14 күміс, 21 қола) медальмен алғашқы үштікте келеді.

Ислам ынтымақтастығы ойындары 2005 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Биыл бесінші мәрте жалауын желбіретті.

Биылғы додада 55 елден спортшылар келді. Ойындар 8 тамызда басталды. Ол 18 тамызда мәресіне жетеді.