Ішкі істер министрі Ұлттық ұланның Шымкенттегі 6506 әскери бөліміне іссапармен келді

Ішкі істер министрі Ұлттық ұланның Шымкенттегі 6506 әскери бөліміне іссапармен келді
Cурет: ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің баспасөз қызметі

«Жас бүркіт» жас сарбазына министр сағаты сыйға берілді

22 сәуір күні еліміздің Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Марат Ахметжанов Ұлттық ұланның Шымкент қаласындағы құрамасында болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ведомство басшысын құқықтық тәртіп әскерінің  Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов, “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев, 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Бауыржан Қабылбеков және Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қарсы алды.
ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, іс-сапар барысында министр әскери бөлімнің материалдық-техникалық базасын, инфрақұрылымымы мен оқу-жаттығу объектілерін назарға алды. Сонымен қатар, 6506 әскери бөлімінің тарихынан сыр шертетін, батырлардың ерлігін насихаттайтын мұражайдың жай-күйімен танысты.


Марат Ахметжанов өз сөзінде Ұлттық ұланның елдегі тұрақтылықты сақтау, азаматтар мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша аса маңызды міндеттер орындайтынын атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің атқарған жұмысына жоғары баға бергенін жеткізді.

- Ішкі істер органдары үшін де, Ұлттық ұлан бөлімшелері үшін де қаңтардағы оқиғалар күрделі сынақ болды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қиын күндерде алдыңғы шепте конституциялық құрылым мен ел тыныштығын қорғады.  Мемлекет басшысы әскерилердің жауынгерлік дайындығына, құқық қорғау саласы қызметкерлерінің жауынгерлік дайындығына айрықша мән беріп отыр. Сонымен қатар алдыңғы толқын Ұлттық ұланның ардагерлеріне қарап бой түзеуіміз және де олармен қоян-қолтық жұмыс жасауымыз қажет,- деді ІІМ басшысы.

Іс-шара барысында Ішкі істер министрі бөлімнің құрамында жасақталған "Жас бүркіт" спорттық әскери-патриоттық клубының қырандарымен танысып, олардың біріне айрықша сыйлық жасады. Дәлірек айтсақ, полиция генерал-лейтенанты Марат Ахметжанов клубтың ең жас мүшесіне өзінің жеке қол сағатын сыйға тартты.
Кездесу соңында еліміздің бас полицейі бөлім жеке құрамының алдағы істеріне сәттілік тіледі.
Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов өз кезегінде Президент пен Ішкі істер министр тапсырмаларының  толық көлемде орындалатынын атап өтті.