Иран мен Қытай қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті

Иран мен Қытай қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті
Сурет:Regnum.ru

Екі елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін.

Иран Қарулы Күштері Бас штабының басшысы Мұхаммад Хосейн Багери Қытай Қорғаныс министрі Вэй Фэнхэнің Теһранға сапары кезінде Иран мен Қытай қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігі туралы келісті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Interfax.ru сілтеме жасап.

«Қытай Қорғаныс министрімен кездесуде біз бірлескен әскери оқу-жаттығулар, жедел тәжірибе алмасу, оқу-жаттығу және екі елдің әскерилері арасындағы басқа да бірлескен іс-шараларда екіжақты ынтымақтастықты кеңейту туралы келістік. Осылайша біз екі елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз», - деген Мұхаммад Хосейн Багеридің сөзін «Аль-Арабийя» телеарнасы жариялап отыр.

Өз кезегінде Иран Президенті Ибрагим Раиси Вэй Фэнхемен кездесуінде Иран-Қытай қарым-қатынасын стратегиялық деп атады. Бұл ретте ол Теһран мен Бейжің арасындағы 25 жыл мерзімге ынтымақтастық туралы келісімге тоқталды.

2021 жылдың наурыз айында Иран мен Қытайдың Сыртқы істер министрлері Джавад Зариф пен Ван И екі ел арасындағы 25 жыл мерзімге жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Келісім 20 бағытта, атап айтқанда, саясат, атқарушы билік арасындағы ынтымақтастық, мәдени, құқықтық, қорғаныс, қауіпсіздік салаларындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша қарым-қатынастарды дамытуды көздейді.