«IQ Алматы» бағдарламасы көрерменмен қайта қауышады

«IQ Алматы» бағдарламасы көрерменмен қайта қауышады
Сурет: Egemen.kz

«IQ Алматы» интеллектуалды шоуы көрерменге қайта жол тартады.

Бағдарлама «Алматы» теларнасында өтеді. Онда қаладағы білімді оқушылар бақ сынайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бағдарламаның мақсаты – мектеп түлектерінің жаңа өмір белесіне қадам жасауына мүмкіндік беру. Жобаға Алматы қаласы мектептерінің 11-сынып оқушылары іріктеліп алынады. Әр кезеңде үздіктерді анықтап отыратын жоба 5 кезеңнен тұрады. 

«Бұл – заманға сай қажетті әрі пайдалы жоба. Әдеттегі ойын-сауық жобаларына ұқсамайды. Ұрпақты дамытуға қосатын үлесі көп. Жастар – ұлттың авангарды десек болады.  2020 жылдан бері білімге көп көңіл бөлініп келеді. Әлем бойынша білімді адамдардың тасы өрге домалап, болашақ тек біліммен байланыстырылып отыр. Сол сияқты қазақ елінде де білім саласын дамыту, жаңалық ашуға талпынатын жастарға қолдау көрету маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, «IQ Алматы» бағдарламасы жастарға үлкен өмірге қадам жасауға мүмкіндік береді», - деді шеф-редактор Баян Бақкелді.

Ал 16 жасында осындай бағдарламаға қатысқан жоба жүргізушісінің айтуынша, интеллектуалды сайыс ұрпақ тәрбиесіне, білім сапасының артуына зор ықпал етеді.

«2009 жылы қатысқанмын. 16 жаста едім. Жоба керек. Елімізді дамытуға, жастарды дұрыс жолға салуға, бағыт беруде өз рейтингісін көрсетеді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар – білімді жастар қатысады. Осындай зияткерлік бағдарламаның көбейгені қуантады. Ал оны жүргізу мен үшін жауапкершілік әрі мәртебе», - деді бағдарлама жүргізушісі Дәулет Мұқаев.

Бес кезеңнен тұратын іріктеуден өткен 2 оқушы жоғарғы оқу орнында оқуға мүмкіндік алады. Жобаның тиімділігі сол, ЖОО білімді студентті қабылдаса, түлектер тегін оқу арқылы жарқын болашағына жолдама алады. Сондай-ақ бағдарлама барысында қала мектептерінің деңгейін де анықтаудың мүмкіндігі зор. Жоба бір жағы, мектеп бағдарламасындағы сұрақтарды қою арқылы көрерменді де қызықтырса, екінші қыры, бастауыш не орта буын оқушыларын сабақты жақсы оқуға ынталандырады. 

«IQ Алматы» бағдарламасы 10 қыркүйекте эфирге шығады.