Инженер болмасаң да, бiр кәсiптi игеру керек

Ысқақ НҰРМҰХАМЕДОВ, №10 кәсiптiк лицей директоры:

– Ысқақ Молдаәлiмұлы, әңгiмеңiздi өзiңiз басшылық етiп отырған кәсiптiк лицейден қандай мамандық алып шығуға болатыны жөнiнде бастасаңыз? – Қазiргi заманда қандай да бiр кәсiптi игермесең, наныңды тауып жеу өте қиын. Бiзге келiп кәсiп iздеген жастың бәрiне осы бастан уақытыңды текке өткiзбей, бiр мамандықты жете меңгерiп шығуға тырыс. Жаныңда үйретушi ұстазың жүргенде түсiнбегенiңдi сұрап, бiлiп алуға ұмтыл. Берiлген мүмкiншiлiктi тиiмдi пайдаланып қал деп үнемi айтып отырамын. Бiзде үш жыл оқитын мамандықтар бар. Үш айдан 6 айға дейiн оқытатын да мамандықтар бар. Осылардың барлығын қосқанда 20-дан асып-жығылады. Негiзгi оқуға 9-сыныптан кейiн келiп түсу керек. Осы 3 жыл оқытатын мамандықтар саны бүгiнде 7-ге жеттi. Осы мамандықтар бойынша толық бiлiм алған жағдайда диплом алып шығады. Оқудың негiзгi бағыты 3-ке бөлiнедi. Олар құрылыс, сантехниктер, столярлар, үйдiң iшiн, сыртын сылаушы, сырлаушы, гипсокартоншы болса, тағы да бiр жоғары сұранысқа ие мамандық — газбен, электрмен дәнекерлеушiлер, оған қоса ендiгi жерде пластмассаларды дәнекерлеудi де қоса үйретiп жатырмыз. Құрылысшы маманы болғаннан соң, мiндеттi түрде электромонтажды да меңгерiп шығуы тиiс. Үлкен ғимараттың iшiн электрлендiру үшiн оған оқыған бiлiктi маман болуы керек. Сондай-ақ автокөлiк, автослесарьларды дайындаймыз. Негiзгi бағыттарымыз осылар. Бұдан басқа да жеделдетiп оқытатын оқу түрлерi бар. Мәселен, 1 айдан бастап 6 айға дейiн оқитын оқудың түрлерi 20 шақты. Және бұлар Еңбек биржасының сұранысына қарай өзгерiп отырады. Сыртқы, iшкi трубаны дәнекерлеу үшiн өндiрiс орындарынан сұраныс келiп түссе, оқу түрi де өзгерiп отырады. Бiздегi оқу түрлерiнiң барлығына лицензиямыз бар.

– Сiздерде оқығысы келетiн балаларға жатақхана берiле ме? – Өкiнiшке қарай, бiзде жатақхана жоқ. Қаланың бюджетiне қарағанымен, сырттан келген, балаларды да оқуға қабылдай беремiз. Кезiнде басқа оқу орындары сияқты бiздiң мекеменiң де жатақханасы болған. Жекешелендiру кезiнде қызметкерлерге пәтер ретiнде берiлiп кетсе керек. Сондықтан, балаларға баспана мәселесiн өздерiң қарастырып, шешiңдер деймiз. Ең бастысы, бiзде оқу тегiн. Сосын 1 мезгiл ыстық тамақ берiледi. Бұған қоса қажеттi оқу құралдары мен кiтаптар тегiн берiледi.

– Оқу кешенiн аралап шыққанда заманауи құрылғылармен жабдықталған орталықтарды байқадым. Әжептәуiр қаржы-қаражат тұратын орталықтарды өздерiңiз алдырдыңыздар ма? Әлде тұрақты демеушiлерiңiз бар ма? – Иә, мұндай орталықтарды ашу оңай шаруа емес. Әрi қаражат жағы да қолбайлау болатыны сөзсiз. Мұндай орталықтарды ашуға 2001 жылдан бастап қолға алына бастаған өндiрiстiк әрiптестiктiң арқасында қол жеткiздiк. Үш орталық аштық. «Шеврон» компаниясы үлкен қолдау көрсетiп, автомеханика жөнiнде компьютерлiк диагностика қойып бердi. 2005 жылы оқу-тәжiрибелiк зертхана аштық. Ал, 2008 жылы Халықаралық немiстiң «КNАYF» деген компаниясымен Қазақстанда тұңғыш немiс технологиясынан жаңа мамандық түрiн аштық. Осы мамандықты игерген балалар гипсокартонмен үйдiң iшiн, сыртын, төбесiн өңдейтiн болды. Компания әлi күнге бiзге көмектесiп тұрады. Тiптi, немiстiң жаңа технологиясын, құрылғыларын да балаларға тегiн әкелiп тастайды. Бiздiң мұғалiмдерiмiз өздерiнiң бiлiктiлiктерiн шыңдау үшiн талай рет iссапармен сол елге барып келдi. Осы компанияның көмегiмен 3 рет халықаралық жарысқа қатысып қайттық. Алғашқы жылы СанктПетерборда 5-орын алсақ, былтыр Новокузнецкiде 3-орын алдық. Жалпы, жетiстiктерiмiз жаман емес. Қалалық әкiмшiлiк пен Бiлiм басқармасының қолдауымен Қазақстанның жиһаз жасаушылардың бiлiмдерiн көтеретiн орталық ашқалы отырмыз. Сәтiн салса, осы күзде ТМД мемлекеттерi арасында екiншi осындай орталық болады деп күтiлуде. Дәл қазiр орталықтың орны белгiленiп, оған құрал-жабдық алатын қаржы да бөлiнiп қойды. Мұнда ең соңғы үлгiдегi станоктар қойылады. Өндiрiстегi жиһаз жасаушылар өздерiнiң бiлiмдерiн жетiлдiретiн болады. 4йткенi, жиһаз жасайтын мекемелерде ондай мүмкiншiлiктер, алдыңғы қатарлы станоктар жоқ.

– Сiздерден оқып, бiлiм алған мамандарға жұмыс табу қиыншылық туғызбай ма? – Бiздiң оқу ошағы құрылған күннен яғни 1969 жылдан берi құрылыс мамандарын дайындап келедi. Өмiр бойы құрылыс тоқтаған күн бар ма? Қала бар жерде құрылыс бар. Ескi құрылыс бұзылса, орнына жаңасы салынады дегендей. Сондықтан, жұмыс таппай қалу қаупi деген бiзде атымен жоқ. Бiз бұл мәселенi 2002-2003 жылы шешiп қойғанбыз. Лицей оқушылары өндiрiстiк тәжiрибеден өтiп жүрген кездерiнде жұмыс тауып келедi. Тiптi, 3-курстан бастап табыс тауып, отбасыларына көмектесе бастайды. Мәселен, сантехник мамандығын алыңызшы, қала жағдайында бұл таптырмайтын мамандық. Оның үстiне тек бiз ғана дайындаймыз. Жылда 2 топ осы сантехник мамандығын алып шығады. Дегенмен, бұл мамандыққа деген ескi көзқарас қалыптасып қалған. Баяғы түсiнiк бойынша дәретханалардың кәрiздерiн тазалайтын сияқты көрiнетiн болуы керек. Негiзiнен, тiптi де олай емес. Бүгiнгi сантехниктiң үстiнде ақ халат, қолында ақ қолғап. Оның үстiне баяғыдай темiр, шойын емес, барлығы пластик, түрлi металл, жаңа технология. Тағы бiр таптырмайтын мамандық, бұл — электрик мамандар. Бұрын бiз ғана дайындап келсек, қазiр тағы бiр-екi оқу орны әзiрлей бастады. Бiр әулетте бiр электрик болса да жаман болмас едi. Жалпы, бiзден бiлiм алғандардың жұмыссыз қалғандары жоқ.

Қанша бала бiлiм алып жатыр? Биыл қанша бала бiтiрмекшi? – Бүгiнде бiзде барлығы 1035 бала 3 жылдық мамандық бойынша бiлiм алып жатса, биыл 363 бала бiтiрiп шығады. Сонымен қатар, «Жол картасы» бойынша 60 бала бiтiредi. Тапсырыс бойынша жедел курста оқып жатқан электриктер мен операторлар да бiтiрiп шыққалы отыр. Қай мамандыққа сұраныс жоғары? – Ең көп сұранысқа ие — автомеханиктер мен автослесарьлар. Қалада көлiк көп болғандықтан ба, әлде ТЖОлардың көптiгiнен бе екен, екi мамандыққа көптеп келедi. Содан кейiн электрмен, газбен дәнекерлеуге де балалар өте көп келедi. 20 жыл iшiнде бiздiң кәсiптiк лицей екi рет Бас жүлденi алдық. Былтыр Германияға барып келдiк. Қалалық әкiмшiлiк 30 млн. теңге бөлiп, бүкiл шеберханамыздағы станоктарымызды жаңалап алдық. Бiзде соңғы үлгiдегi трансформаторлар, дәнекерлеудiң 6 түрi бар. Ал, сантехника мен тас қалаушы (каменщик) мамандығына балалар аз келедi. Бiр қуанатыным, соңғы жылдары қаракөздерiмiз сантехник мамандығын алуға көңiл бөле бастады. Сондықтан, 2 қазақша топ ашқалы отырмыз. Бұрын 12 топтың 5-еуi қазақ топтары, 7-еуi орыс тобы болып келсе, ендiгi жерде ауыл балаларының талап-тiлегiн ескере отырып, мемлекеттiк тiлде бiлiм беретiн топтар ашпақшымыз. Менiң өзiм де ауылда туып-өскен даланың баласымын. Алматыға оқу iздеп келiп, дәнекерлеушiсантехник мамандығын игергенмiн. Сондықтан, жүрген жерiмде «базарда арба сүйрегенше, бiзге келiп, бiр мамандық алсаңдаршы» деп айтып жүремiн. Ондағы ойым — ауылдың балалары да бiр кәсiптi игерсе екен деймiн. 4йткенi, барлығы бiрдей инженер бола алмайды ғой.

– Шәкiртақы берiле ме? – Шәкiртақы бiзде берiлмейдi. Есесiне ыстық тамақ берiледi. Өндiрiстiк тәжiрибеде жүрген болса, ыстық тамақ орнына басқа да тамақ түрлерiн алуына болады. Қазiр келешекте шәкiртақы берiлетiн болады, кәсiптiк лицейлер колледждерге айналады деген әңгiмелер жиi айтылып жүр. Бiр анығы – кәсiптiк бiлiм беруге көп көңiл бөлiне бастады.

Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен – Рая ЕСКЕНДIР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *