Ынтымақтасуға әзір

Ынтымақтасуға әзір
almaty-akshamy.kz

Жуырда Ішкі істер министрлігінің М.Есболатов атындағы Алматы академиясында халықаралық терроризмге қарсы Еуропалық одақтың LEICA жобасының делегациясымен кездесу өтті.


Жүздесу барысында Алматы академиясының бастығы А.Сайтбеков Орталық Азияда құқық тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған жоба өкілдерін еліміздің ішкі істер органдарында жүріп жатқан реформа барысымен және соған орай аталған академияда қолға алынып жатқан табысты жұмыстармен таныстырды.
Шетелдік делегация атынан сөз алған Франция ішкі істер министрлігінің Ұлттық полиция академиясының халықаралық қатынастар және оқу ісі жөніндегі директоры Лоран Москателло қазақстандық әріптестеріне сәттілік тілеп, аталған жоба аясында ынтымақтастық орнатуға әзір екендіктерін жеткізді.


Еуропалық делегация өкілдеріне Алматы академиясы жайлы бейнеролик пен слаид көрсетілді. Академия аумағында француздардың Петанк ойынын ойнайтын алаңның ашылу салтанаты қонақтар үшін күтпеген тосын сый болды. Ойын алаңының лентасын академия басшысы А.Сайтбековпен бірге Франция ІІМ академиясының халықаралық қатынастар және оқу ісі жөніндегі директоры Лоран Москателло және LEICA жобасының директоры Генаэль Ле Бретон қиды.

Кездесу барысында Алматы академиясының басшылығы мен жоба өкілдері өзара ынтымақтастықты дамыту туралы келіссөздерге қол қойды.  

Шетелдік меймандар ҚР ІІМ Алматы академиясының аумағындағы генерал Мақан Есболатовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатына қатысты.