Интернетті қаншалықты тиімді падаланып жүрміз?

Интернетті қаншалықты тиімді падаланып жүрміз?
Сурет: Do.rea.ru

Интернетке тәуелділіктен қалай арыламыз?

Соңғы уақытта жұлынымыз ғаламторға байланып қалғандай көрінеді. Барлығын осы арқылы шешеміз. Онсыз хат-хабар, байланыс жоқ сияқты. Тіпті бір үстелдің басында отырған жандар тілдесуден қалып барады. Кейде бір-біріне хабарлама жіберу нәтижесінде ишара білдіреді. Мұның соңы тілсіздікке алып келмей ме?! Виртуалды пікір алмасқан жөн-ақ. Дегенмен, қарым-қатынас жасап, сөйлесіп, адамның мимикасын аңғарғаннан артық ғанибет бар ма?.

Әсіресе, жас буын осыған әуес. Қаттырақ айтқанда, бас алмайды. Күндіз ұйықтап, түсінде әлеуметтік желіде отырады. Ғаламторға байланған. Басқаға назар аудара қоймайды. Өсіп жетіліп, жас шыбықтай ширатылып келе жатқан сәтте қозғалыс аз болуда. Ойнау, секіру, жүгіру жағы кенде қалған. Бұл қала мен далада бірдей орын алып жатқан жағдай. Бұндай жағдаяттар ешкімге таңсық болмай тұр.

Пайдасы мен зияны. Нарша Булгакбаев «Интернет пен әлеуметтік желіні қолдану кезінде сіздің назарыңызды аудару үшін олар сізге аудио-визуалды миға шабуыл жасайды» дейді. Бұған аса бас қатырудың қажеті жоқ. Негізі 2-3 сағат ғаламторды қолдансаңыз, біраз шаруаны тындырасыз. Одан артығы жүйкеге ауыр. Әбден шаршатады, қалжыратады. Ал біздер осы норманы ұстап жүрміз бе? Әрине, олай дей алмаймыз. Кеңселік қызметкерлер осының алдын алу үшін түрлі жаттығу жасайды. Сонымен қатар, кактус т.б бөлме гүлдерін өсіреді. Бұлар зиянды энергияны өзіне тартады екен.

Сол себепті де басқаларымыз қолдан келгенше аталған мәселелерге назар аударғанымыз абзал. Айтылғандар кәдеге жарайтын қарапайым нәрселер болып табылады.

Ғаламды шырмаған ғаламтор. Журналистер арасында «Кім ақпаратты жетік игереді, сол ғаламды басқарады» деп жатады. Осы сөздің бүгінде ауқымы кеңейген. Бәлкім заманның ығы да солай болып тұрған шығар. Дейтұрғанмен қазіргі ақпараттың көптігі сондай, қорытып үлгермейміз. Миды толтырып тастаған. Өйткені қажетсіз, керексіз дүниелер көп. Бастысы миды жылдам шаршатады. Ақыр соңында агрессияға душар етеді. Сондай сәтте ойға келген қорытылып үлгермеген ойды жариялап жіберуге әкеп соғады. Оның артында қаншама адам тұр. Ал әркімдерге неше түрлі бағытта әсер етуі мүмкін.

Қорытынды. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы атамыз «Көп тұрған су сасиды, ойламаған ми сасиды» деп ой қалдырыпты. Сондай өз жайымен тауып айтылған нақыл сөз. Бәрін пайымдап сараптағанда осыған саяды. Айтарымыз - әр нәрседе баланстың болғаны абзал.