Қазақстанда зағип жандарға арналған инновациялық дулыға жасалды

Қазақстанда зағип жандарға арналған инновациялық дулыға жасалды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Жас инноваторлар Виктор Кохно мен Максим Сурин автономды дулығаның көмегімен қалада өз бетінше және қауіпсіз қозғалуға болады, осылайша зағип адамдардың күнделікті өмірі айтарлықтай жеңілдейді деген қорытындыға келді.

Көру қабілеті нашар адамдардың мәселесін шешу үшін жас авторлар инновациялық дулыға жасап шығарды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Вечерний Алматы» газетіне сілтеме жасап.

«Өзіңізді қараңғылықта қалып қойдым деп елестетіп көріңізші, сіздің алғашқы әрекеттеріңіз қандай болады? Сіз дыбыстарды тыңдай бастайсыз, қайда екеніңізді анықтау үшін айналаңыздағы заттарды іздейсіз. Бұл әдістерді дүние жүзінде 36 миллионнан астам зағип адам қолданады. Әрбір зағип адам жанасуға, дыбыстық сигналдарға, жеке көмекшілерге және экранды оқу құралдарына тікелей тәуелді», - дейді Виктор.

Тек Қазақстанның өзінде 160 мың көру қабілеті нашар адам бар. Бұл мәселені шешу үшін жігіттер соқырларға кеңістікте жүруге көмектесетін концепция – дулыға ұсынады.

Инновациялық жұмыс барысында авторлар соқырлар қоғамына барды. Зағип жандармен ондаған сұхбат жүргізгеннен кейін жас робототехниктер прототипті жобалау факторларын анықтап алған.

«Дулығаның іске қосу түймесі, кең экранды камерасы, визитканың көлеміндей бір платалы компьютері және екі құлаққабы бар. Дулыға автокөліктерді, пойыздарды, автобустарды, бағдаршамды, жол белгілерін, велосипедшілерді және басқа да кедергілерді анықтауға қабілетті», - деп түсіндірді жоба авторы.

Бұнымен қоса Виктор мен Максим смартфонға орнатылған See the Future атты дулығаға арналған қосымша жасап шығарды. Қазіргі уақытта бұл қосымшада геолокация, ауа райы, компас, музыка, подкасттар және тіпті аудиокітаптар тыңдау сияқты мүмкіндіктер бар.