Инфляцияның шырқау шегін ақпанда күтеміз – Ұлттық банк

Инфляцияның шырқау шегін ақпанда күтеміз – Ұлттық банк
Сурет: Ашық дереккөзі

Қазіргі жағдай базалық мөлшерлемені барынша ұзақ уақыт бойы ұстап тұруға мәжбүрлеп отыр

Наурыз айынан бастап жылдық инфляция төмендеуі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ұлттық банк тәуелсіз ақша-кредит саясатын жүргізеді. Базалық мөлшерлемені төмендетуді бастау үшін инфляция мен инфляциялық күтулер төмендеуінің тұрақты тенденциясына қол жеткізуіміз қажет. Жаңа шоктар болмаған жағдайда, жетістіктерге жеткенде, базалық мөлшерлемені төмендетуге кіресе аламыз», - деді ол елордада өткен брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның нақтылай түсуінше, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру циклін аяқтауға жақын. Сонымен қатар ол инфляцияның қашан шырқау шегіне жетіп, одан кейін төмендейтіндігіне қатысты сауалға да жауап берді.

«Жаңа шоктар болмаған жағдайда, инфляцияның шырқау шегін бірінші тоқсанда, нақтырақ айтқанда, ақпанда болады деп күтеміз. Біздің ойымызша, жылдық ең жоғары инфляция тіркелетін болады. Наурыздан бастап жылдық инфляцияның төмендеуін күтеміз. Қазіргі жағдай базалық мөлшерлемені барынша ұзақ уақыт бойы ұстап тұруға мәжбүрлеп отыр», - деді Ғалымжан Пірматов.