Инфляцияны ұстап тұруға қажетті құралдар бар

Инфляцияны ұстап тұруға қажетті құралдар бар
Сурет: ИА Regnum

Үкіметтің алдындағы күрделі міндеттің бірі – инфляцияны ұстап тұру.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Жалпы алғанда, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына шектеу шараларының әсерін барынша азайта алдық. Бұл жұмысты жалғастыруымыз керек. Бізбен көршілес елдердің экономикасына санкциялардың ықпалы күшейе түсті. Сонымен қатар, Үкіметтің алдындағы күрделі міндеттің бірі – инфляцияны ұстап тұру. Наурыз айының қорытындысы бойынша еліміздегі жылдық инфляцияның деңгейі 12 пайызды құрады», -деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайыловтың пайымынша, оған бірінші кезекте, біздің сауда жасап отырған серіктес елдердегі инфляцияның өсуі мен әлемдік азық-түліктің қымбаттауы тікелей әсер еткен.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметі бойынша биылғы наурыз айындағы азық-түлік бағасының әлемдік индексі 159 пайыздық тармаққа дейін өсіп, соңғы 30 жылда болмаған ең жоғары деңгейге жеткен. Әлемде негізінен дәнді дақылдарға, өсімдік майына, қантқа, ет пен сүт өнімдеріне баға өсіп кеткен. Бұл біздің нарыққа да тікелей әсер етіп отыр», - деді ол.

Осы орайда Үкімет басшысы ел Президентінің тапсырмасы бойынша 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша кешенді шаралар іске асырылып жатқанын айтты.

«Инфляцияны ұстап тұру үшін қажетті құралдар бар. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдаланып, бұл мәселені ерекше назарда ұстауы тиіс», - деді Премьер-Министр.