Инфекция жұқтырғандар санының азаюына қарамастан, Алматы КВИ бойынша «қызыл аймақта» тұр

Инфекция жұқтырғандар санының азаюына қарамастан, Алматы КВИ бойынша «қызыл аймақта» тұр
Сурет: Almaty-akshamy.kz

 Алматылық эпидемиологтар қауіпті індеттің біршама төмендегенін атап өтті. Бірақ олар босаңсымауға шақырып, вакцина алуды күшейту керектігін ескертті

Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вирустың әлі жойылмайтынын, күн сайын 420-дан астам жаңа жұқтырушылардың тіркелетінін баса айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ә.Қалықованың айтуынша, Алматыдағы қазіргі жағдай пессимистік болжамға сәйкес келеді.  Мысалы, соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 426 жағдай тіркелді. Ал эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында қала «қызыл аймақта» тұр. 

"COVID–19 қоздырғышының "дельта" патогенділігінің төмендеу үрдісі байқалды. Бұған "симптомдық" науқастардың үлес салмағының қыркүйектің басындағы 96%-дан 27 қыркүйекке 92%-ға дейін төмендеуі дәлел. Қазан айында КВИ жұқтырушылардың саны тәулігіне 40-тан 100-ге дейінгі аралықты көрсетіп, осылайша төмендеуі мүмкін деп болжануда", – деп хабарлады санитарлық-эпидемиологиялық ведомство басшысының орынбасары. 

Бұл ретте шаһардағы қазіргі эпидемиологиялық жағдай бойынша қала тұрғындарының иммундық деңгейі 50%-ға жетті. Ресми мәлімет бойынша халықтың 43%-ы вакцинаның екінші компонентін алса,  + 7%-ы жыл басынан бері сауығып кеткендер. 

Ә. Қалықова алматылықтардың босаңсуға болмайтынын атап өтті. Өйткені қауіп толығымен сейілген жоқ. Коронавирустың жаңа нұсқалары таралуда. 

«COVID-19 ауруының платоға жетуі пандемия аяқталды дегенді білдірмейді. Бүгінде инфекциялық процесті тоқтатудың ең тікелей әрі жылдам тәсілі – тек вакциналау», – деп қорытындылады сөзін Ә. Қалықова. 

Айта кетсек, өткен тәулікте Алматыда 2324 адамға бірінші компонент, 4636 адам екінші компонентті екті. Барлығы 2021 жылдың 1 ақпанынан 28 қыркүйегіне дейін 948 526 адам бірінші компонентті, 851 423 адам екінші компонентті алды. Вакциналанғандардың ішінде 60 жастан асқан адамдар 117 969 адамға жетті. 

Еске салсақ, қалада медициналық ұйымдарда, мектеп, мәдениет және спорт нысандарында, базар мен сауда ойын-сауық орталықтарында 160 екпе пункті жұмыс істейді.