ІНДЕТ ДЕС БЕРМЕЙ ТҰР

 

 

ҚАЗАҚСТАН Денсаулық сақтау министрлігі 18 қаңтардағы ел өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын жариялады.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, елдегі 4 облыс пен 1 қала, атап айтқанда, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Атырау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймақта тұр. Ал «сары» аймақта – Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары. Қалған өңірлердің бәрі де коронавирустың таралу қаупі жағынан «жасыл» аймақта орналасқан.

 

БРИТАНИЯ жеріндегі  көне шіркеу коронавирусқа қарсы екпе егу орталығына айналды. Уақытша, әрине. Ортағасырлық тарихы бар бұл ғимарат Личфилд қаласында орналасқан.

Ашылған күннен бастап вакцина қабылдау үшін келгендердің қарасы қалың болған. Араларында 80 жастан асқан қариялар көп. Естеріңізге салайық, жергілікті билік ақпанның ортасына дейін созылмалы ауруы бар тұрғындар мен егде жастағы азаматтарға екпе егуді жоспарлаған болатын. Сарапшылардың болжамы бойынша, бұл іс-шараға шамамен 2 млн. доза вакцина кетуі мүмкін.

 

ИСПАНИЯ елінде соңғы бір күннің ішінде 40 мың адам инфекция жұқтырған. Бұл – пандемия басталғалы ең үлкен көрсеткіш. Бірақ осыған қарамастан елде жаппай локдаун жарияланған жоқ.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның жетіспей жатқанына қарамастан, жазға қарай халықтың басым бөлігіне екпе егіледі деп сеніммен айтып отыр.

 

ФРАНЦИЯ жерінде бір күнде шамамен 16 мың адам індеттің құрығына ілініп жатыр. Осыған орай жергілікті билік ай соңына дейін коменданттық сағат жариялап, елге келгендердің барлығын жіті тексеріп, карантинге оқшаулап жатыр.

Соңғы кездері бұл елде Оңтүстік Африкада табылған коронавирустың жаңа штамы тіркелді.

 

БРАЗИЛИЯ мемлекетінің Сан-Паулу қаласындағы 54 жастағы медбике алғашқы вакцинаны салдырды. Ел билігінің мәлімдеуінше, Бразилия күніне 1 миллион тұрғынды вакцинациялай алады. Жаппай екпе салу науқаны 20 қаңтарда басталмақ.

Естеріңізге сала кетейік, бұл ел коронавирус жұқтырушылар саны бойынша әлемде үшінші орында тұр. Мұнда 8 жарым миллиондай адам індетке шалдығып, 209 мыңнан астам тұрғын  қайтыс болған.

 

ҚЫТАЙ елінде бес күннің ішінде 1 500 бөлмелі жаңа аурухана тұрғызылды. Коронавирусқа шалдыққан науқастарға арналған бұл кешен Хэбэй провинциясының Наньгун қалалық уезінде салынған.

Алдағы аптада тағы осындай 6 500 палаталық 6 емдеу орталығының құрылысы аяқталатын көрінеді. Әр бөлменің аумағы 18 шаршы метр.

Ал бір ғана Хэбэй провинциясында 28 млн. адам тұрады. Олардың бәрі бүгінгі күні карантинге жабылған.

 

Нұр ЖАМАЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *