ІІМ балаларға арнап мерекелік шара өткізді

ІІМ балаларға арнап мерекелік шара өткізді
Cурет: Polisia.kz

Жауынгерлердің шоу бағдарламасы ерекше өтті

Ведомствоның орталық аппараты қызметкерлерінің балалары мен Нұр-Сұлтан қаласы мектеп-лицейлерінің бірінің жас кадеттері  қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

 Әскери техника, полиция көліктері, қызметтік иттер бүлдіршіндердің қызығушылығын оята түсті. Ашық аспан астындағы көрме жеткіншектердің күлкісіне толды. Аталмыш шараға министр Марат Ахметжановтың өзі қатысып, кішкентай қонақтарды жазғы мерекемен құттықтады. “Балалар күні қарсаңында осындай бір шара өткізіп жатырмыз.

«Өздеріңіз білесіздер, 2022 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен “Балалар жылы” деп жарияланды. Бәріміз де балаларымыздың әр күні бақытқа толы болғанын қалаймыз. Өскелең ұрпақ білімді әрі бәсекеге қабілетті болса, Қазақстанның да болашағы зор болады деген сенімдемін», – деді ішкі істер министрі.

Сонымен қатар ІІМ басшысы шарада Стамбулда кикбоксингтен өткен Әлем кубогінде топ жарған жасөспірімдерді марапаттады. “Алатау” спорт сарайының спорт секциясының тәрбиеленушілеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. 
Болашақта тәртіп сақшысы болуды мақсат еткен ұл-қыздардың еліміздің бас полицейімен суретке түсу мүмкіндігі болды. Ата-аналарының жұмыс істейтін жеріне келіп қонақ болған балалар аниматорлармен көңіл көтеріп, қызықты концерттік бағдарламаны тамашалады. 
Бүлдіршіндер алаңда сурет салып, жерді алуан түспен безендірді. Сондай-ақ олардың назарына Жедел қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлерінің шоу бағдарламасы ұсынылды. Физикалық дайындықтарымен көптің көңілінен шыққан жігіттерге жиналғандар алғыс айтып, қошемет көрсетті.