ІІ дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің сүйектері елге әкелінді

ІІ дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің сүйектері елге әкелінді
Сурет: Inform.kz

Қазақстан Қарулы күштерінің әскери борты соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлер – Николай Гуров, Төлеген Үркербаев және Петр Фоменконың сүйектерін Мәскеуден Нұр-Сұлтанға жеткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Сұрапыл соғыстан оралмай, хабар-ошарсыз кеткен сарбаздар мен офицерлердің ұрпақтары әлі күнге дейін бабалары жайлы хабар күтеді. Соғыста қаза тапқан соңғы сарбаз жерленгенге дейін іздеу жалғаса бермек. Біз бірлесіп атқарып жатқан жұмыс жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге, қазақстандық жауынгерлердің жанқиярлығы мен батылдығы туралы тарихты жадымызда сақтауға барынша ықпал етеріне сенімдімін», - деді рәсім барысында Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Министр қазақстандық жауынгерлердің сүйектерін іздестіруге белсене қатысқандардың бәріне алғыс білдірді. Төлеген Үркербаев – Алматы облысының Ұзынағаш кентінен, Петр Абрамович Фоменко – Қостанай облысы Алтынсарин ауданының Щербаковка ауылынан, Николай Матвеевич Гуров – Алматы қаласынан екені нақтыланған. Аталған өңірлерде жауынгерлердің сүйектерін қарсы алу, туыстарына беру және әскери құрмет көрсетіліп, қайта жерлеу рәсімдері өтеді. Айта кетейік, шара ұйымдастырушысы - «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі. Ол Қазақстаннан ІІ дүниежүзілік соғысқа аттанып, қаза тапқан және хабарсыз кеткен сарбаздардың жерленген жерін анықтау бойынша мұрағаттық-іздестіру жұмыстарымен айналысады.

«Сұрапыл соғыстың басталғанына сексен жылдан астам уақыт өтті. Біздің ұйым бұл ретте мұрағат деректерін жинауда тынымсыз жұмыс істеп келеді. Жеңіс жолында біздің жарқын болашағымыз үшін қаза тапқандардың есімдері анықталып, олар іздеушілермен үнемі байланыста болады», - деді «Atamnyn Amanaty» ҚБ басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев.