Ыдысына қарап асын іш...

Ыдысына қарап асын іш...
Суреттер: Avalaks.com.ua

Асты қандай ыдыстан ішкен дұрыс?

Ыдысына қарап асын іш... Бүгінде бұл мақалды тура мағынасында қолданса да, өзектілігін жоймайтын сияқты.

Ас – адамның арқауы. Дейтұрғанмен, ауру – астан деп те айтып  жатамыз. Фаст-фуд өнімдері, жартылай фабрикат өнімдер сияқты пайдасынан гөрі зияны көп тағамнан бүгінде артық салмақ, қант диабеті, өттің толуы, т.б. аурулары белең алып кетті. Тамақтың құрамынан бұрын, оның қандай ыдыста дайындалғаны мен қандай ыдыстан ішкенімізге де көңіл бөлген маңызды. Сондықтан да, бүгінгі күні нутрициологтар мен диетологтар мамандар тамақтың құрамымен бірге, оның дайындалу жолына, тіпті қандай ыдыста әзірленгеніне мән берген жөн дейді. Тамақтану әдебіне мән беріп, асты қандай ыдыспен ішіп жатқаныңызға, оның қандай ыдыста дайындалғанына назар аударып көрдіңіз бе?

Әрбір ас үй ханшайымының сөресінде де ыдыстың небір түрлері бар. Ыдыс таңдауда бастысы, оның қандай материалдан жасалғанына мән берген жөн.  

Бүгінде дүкенде самсаған ыдыстың түр-түрі мен әдемілігінен оның сапасына мән бере бермейтініміз рас. Тұтынатын тағам дәруменге толы, пайдалы болғанмен, оны дайындауда (әзірлеуде) қолданылатын кейбір ыдыстар ағзаға қауіпті заттар бөледі. Осы зиянды заттар ағзаға токсин бөліп, салдарынан созылмалы ауруларға шалдықтырады. Меламинді, металл, алюминий, тот баспайтын болат, пластик ыдыстармен тамақ жасағанда, олардан металл иондары бөлінеді екен.

Сонымен тамақты қандай ыдыстан ішкен жөн?

Фарфор ыдыстар. Мұндай ыдыстардың басты артықшылығы – олардың сусындар мен сорпалардың температурасын ұзақ уақыт сақтауында. Бұл ыдыстарды күтіп ұстау қиындау, сәйкесінше, бағалары да қымбатырақ келеді. Фарфорды ыдыс жуатын машинаға салып жууға кеңес берілмейді, әсіресе, суреті болса, оны қолданбаған жөн.

Фарфордың басқа керамикалық бұйымдардан ерекшелігі, оны ұрған кезде шығатын дыбыстың таза шығуында. Осыған қарап, оны басқаларынан айыруға болады.

 Фаянс ыдыстар. Бұлар керамиканың әлдеқайда қолжетімді түрі, фарфор ыдысқа қарағанда түсінің ақтығы бәсеңдеу, қалыңдау келеді. Фаянс ыдыстар жылу сақтамайды, оны өте берік деп те атауға келмейді. Мұны да ыдыс жуғыш машинамен жуудың қажеті жоқ. 

Шыны ыдыстар. Мерекелік аста қолданбасаңыз да, күнделікті қолданыста ең ыңғайлысы осы ыдыстар. Олар экологиялық тұрғыда зиянсыз, иіс тартпайды, тазалап, күтіп ұстау да жеңілірек. Шынының басты кемшілігі – сынғыштығында.

Жылтыраған өрнектермен безендірілген ыдысты сатып алмас бұрын оның сыртының қаншалықты жылтырмен жалатылғанына мән берген жөн. Өйткені бояудың құрамында болуы мүмкін кадмий мен қорғасын тамаққа түсіп, зиян туғызуы ғажап емес.

Күмістен жасалған ыдыстар. Бүгінгі күні күміс ыдысты қолданатындар кемде-кем шығар. Күмістен жасалған ыдыстарды пайдаланудың қажеттілігі шамалы. Ресейлік стандарттар бойынша, күміс қауіптігі жағынан екінші классқа жатады.  Күміс кобальт, қорғасын, кадмий және басқалары сияқты басқа улы ауыр металдармен қатар қауіптіліктің 2 класына жатады ("өте қауіпті зат"). Күмістің шынымен бактерияға қарсы қасиеттері бар, бірақ ол зиянды заттарды ғана емес, сонымен қатар пайдалы бактерияларды да өлтіреді. Сондықтан ол тамақтың құрамындағы пайдалы элементтерді де жойып жіберуі мүмкін.

Меламинді ыдыстар. Жеңіл, сынбайтын, қолданысқа ыңғайлы әрі арзан болғанымен, денсаулыққа зияны көп. Сумен әрекеттескенде меламин формальдегид, яғни мутагенді у бөледі. Ол ағзада біртіндеп жиналып, иммундық жүйе жұмысын бұзады. Формальдегид өте күшті аллерген, экзема, жоғары тыныс жолдарының ауруларын, көздің тітіркенуін тудыруы мүмкін, сонымен бірге, бауыр, көкбауыр, бүйрек, асқазанға кері әсер етеді.

Еуропада меламиннен жасалған бұйымдарды сатуға тыйым салынған.
Қандай ыдыспен тамақ ішпеу керектігін анықтадық. Енді тамақты қандай ыдыста пісіреміз деген сұрақтың туындауы орынды.

Тамақты қандай ыдыста дайындаған дұрыс?

Тот баспайтын болат (құрыш). Тот баспайтын кәстрөлдер қолдануға ыңғайлы, әдемі және металл тотықпайды. Дегенмен кейбір кәстрөлдер мен табалардың құрамында никель бар екенін есте ұстаған жөн. Никель – канцерогенді қасиеттері бар күшті аллерген. Сондықтан мұндай металдан жасалған ыдысты таңдар алдында «құрамында никелі жоқ» дегенін іздеген дұрыс.

 Титан ыдыстар тот баспайтын болаттан жасалған ыдыстарға қарағанда екі есе жеңіл. Ол тамақты күйдірмейтін қасиеттерге ие. Мұндай ыдыстарды қолдана отырып, ол біркелкі қызбайтынын және температураны  425 градусқа дейін көтергенде, титан диоксидін бөле бастайтынын ұмытпаған жөн. Сол себепті оны ашық отта тамақ пісіру үшін қолдану ұсынылмайды.

Жылтыр сырлы (эмаль) ыдыс. Мұндай ыдыстар аса қатты қымбат емес және экологиялық тұрғыда таза. Дегенмен, ыдыстың ішкі жағындағы сыры ұшып кетсе, оны дереу ауыстырған дұрыс болады. Себебі зақымданған ыдыстың металл иондары тамаққа шабады. Бұл ыдысты жиі ауыстырып тұру кеқрек демесеңіз, асты ұзақ уақыт сақтау үшін эмаль ыдыс өте қолайлы.

Шойыннан жасалған ыдыс. Гипоаллергенді, токсинді емес, мықты әрі ұзақ қызмет етеді. Шойыннан сапалы етіп жасалған қазанды тіпті ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдыруға болады. Дұрыстап қолданған жағдайда, бұл ыдыста тамақ күймейді, жыл өткен сайын қайта жақсара түседі. Шойын ыдыстың кемшін тұстары ретінде оның өте ауыр келетінін және иіс сорып алатын қасиеттерін ғана атауға болады. Шойын табаны жуа сала, құрғатып сүрткен дұрыс, өйтпегенде оны тот басуы мүмкін.

Ыстыққа төзімді шыны - азық-түлікпен реакцияға ұшырамайтын және олардың қасиеттерін жақсы сақтайтын бейтарап материал. Мұндай ыдыс ұзақ уақыт бойы тамақтың жылуын сақтай алады. Пеште де, плита үстінде де пісіруге жарайды. Сонымен бірге мұндай ыдыстарда дайын асты тоңазытқышқа, тіпті мұздатқышқа қойып та қолдануға жарай береді.

Силикон ыдыстар. Ұзақ уақытқа шыдайды және қауіпсіз ыдыс. Онда әзірленген ас күймейді әрі жабыспайды. Ол иіс сормайды және  – 40-тан  +250 градусқа дейін төзімді болып келеді.

Силикон ыдыс аларда резеңкенің иісін сезсеңіз, ондай ыдысты алудан бас тартыңыз. Оның жасанды болуы әбден мүмкін.

Күйдірілген саздан жасалған ыдыстар. Мұндай ыдыстар көбіне пеште пісірілетін тағамдар үшін ыңғайлы болып келеді. Ашық отқа қоюға болмайды. Ол экологиялық тұрғыда зиянсыз, бұл ыдыста дайындалған астың дәмі мен иісі ерекше болады. Кемшін тұсы - өте нәзік келетіні және сынғыштығы. Жақсылап күтуді қажет етеді, иісті сіңіріп алмас үшін жуғыш сұйықтықты аз ғана қолданған және жақсылап кептіріп алған абзал.