Холокост – адамзат сүйегіндегі таңба

27 қаңтар – Халықаралық холокост құрбандарын еске алу күні


Холокост термині грек тіліндегі «голокаустон» сөзінен шыққан, «өртеу құрбаны» деген мағынан білдіреді. Холокост – әлем тарихынан ешқашан өшпейтін, адамзаттың сүйегіне таңба болған геноцид. Бұл – еврей ұлтын тұтастай жойып жіберуді мақсат еткен фашистік идеология еді. Ал олардың жазығы не еді?

Холокост құрбандары әртүрлі діннің, түрлі әлеуметтік таптардың өкілдері еді. Олардың жазығы – еврей ұлтынан болғандығы. Еврейлер соңғы екі мыңжылдықта Еуропаны мекен етіп келді. Алайда, олар жергілікті халықтан өздерінің діні, ділі, мәдениеті, тұрмысы, сыртқы келбеті жағынан ерекшеленіп тұратын. Бірнеше ғасырлар бойы еуропалықтардың еврейлерге деген көзқарасы жақсы болмады. Жергілікті халық еврейлерді сараң, жалқау, пайдакүнем деп қабылдайтын. Тек Германияда ғана емес, Франция, Венгрия секілді Еуропа елдерінде еврейлерге деген қырғиқабақтық уақыт өте келе өрши түсті.

«Өлім фабрикасы»

Германияда 1933 жылы билікке Адольф Гитлер келгеннен кейін еврейлердің өмірі тозаққа айналды. Ұлтшылдардың саясаты оларды құрту болатын. Еуропалық еврейлердің 60 пайызы Гитлер жүйесінің құрбаны болды.  Бұл – бүкіл еврей ұлтының үштен бір бөлігі. Адамзат тарихында алғаш рет бүтіндей бір ұлтты жоқ қылу үшін «өлім фабрикасы» іске қосылды. Шетелдік БАҚ өкілдері келтірген деректерге сүйенсек, өлім конвейері 11 миллион адамның өмірін жалмады,  олардың 6 миллионы – еврей, 1,5 миллионы –балалар.

Сол жылы Германия билігі мемлекеттің жауы деп санайтын адамдардың бәрін оңды-солды тұтқынға алды. Ұлтшылдар халық жауының қатарына коммунистік және социал-демократиялық партиялардың мүшелерін жатқызды. Небәрі бірнеше күнде тұтқындалғандардың саны 4 мыңнан асып жығылды. Түрмелер лық толды. Сол кезде ұлтшылдар өздерінің саяси қарсыластарына арнап концентрациялық лагерьлер салуды ойластырды. Осындай лагерьлердің бірі Мюнхен маңындағы Дахау қаласында салынды. Мұнда саяси қарсыластардан басқа аурулар, гомосексуалистер, жезөкшелер, нашақорлар және еврейлер жіберілді. Ол кезде еврейлер саяси көзқарасына қарай тұтқындалатын. Мұнда адамдарға небір қорқынышты тәжірибелер жасалды. Дахаудағы лагерьге 200 мыңнан астам адам жатқызылған, оның 100 мыңы ажал  құшты. Мұндай лагерьлер елдің басқа да аймақтарында ашылды.

1933 жылдың соңына дейін ұлтшылдар анти-еврейлік 20 шақты заң қабылдады.  Еврей ұлты өкілдерінің жұмыс істеу, білім алу, сайлауда дауыс беру секілді құқығы біртіндеп шектелді. Жергілікті халық еврей ұлтының өкілімен некелессе, қылмыстық жауапқа тартылды. 1935 жылы қабылданған Нюнберг заңы еврейлерді азаматтықтан айырып, Германия территориясында ешбір құқығы жоқ бейшараға айналдырды. Оларға телефон, лифт, радио қолдануға тыйым салынды. Еврейлер тұратын үйлерде электр жарығы, газ, су өшірілді. Олардың кәсібі, мүлкі тартып алынды, сенагогалар мен дүкендерінің бәрін өртеді. Осыдан кейін оларды тек еврей болғаны үшін жаппай тұтқындап, концлагерьлерге жіберу басталды. 400 мыңдай еврей басқа елдерге қашуға мәжбүр болды. Көптеген ел оларды қабылдаудан бас тартты.

Адамдар қойша қырылды

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін ұлтшылдар еврейлерді гетто деп аталатын шағын карантиндік аймақтарға тұрғызды. Польшаның Варшава қаласында 3 метрлік қорғанмен қоршалған ең үлкен гетто орналасты. Польшаның барлық қаласында геттолар болды. Мұнда жарты миллион еврей қамалып, сыртқы әлемнен оқшауланды, сыртқа шығуға тырысқандарды бірден атып тастайтын. Біраз адам аштан, аурудан өлді. Варшава геттосында бір жылда 50 мыңнан астам адам қайтыс болған.

Еврейлерді жаппай қыру 1941 жылдың маусымында басталды. Геттодағы адамдар топ-тобымен атуға жіберілді. Атылғандардың бәрін алдын ала қазылған шұңқырларға көмді. Бірнеше айда немістер Украина, Прибалтика, Белоруссияда 300 мыңдай еврейге ату жазасын қолданды. Әйел, бала-шағаны атқан солдаттардың психикасы сыр бере бастады. Бұйрықты орындаушылар адам атудан шаршады. Жиналған мәйіттердің көптігі сонша, ине шаншар жер қалмады.

Гитлершілер енді еврейлерді жоюдың басқа жолын ойластырды. Ұлтшылдар Польшаның темір жолдары бойына концлагерьлер салды. Геттодағы еврейлерді жылдам әрі көп мөлшерде өлтіретін өлім лагерьлері іске қосылды. Польшада Челмно, Белцек, Собибор , ТреблинкаАушвиц және Мажданек сияқты  лагерьлер салынды.

Кешірім сұрап, бас иді

Ең қорқынышты концлагерьді немістер Польшаның оңтүстігіндегі Освенцим қаласында салды. Бұл ең ірі «өлім машинасы» еді. Освенцимға бүкіл Еуропадан еврейлер әкелінді. Осы жерде бір мезетте көп адамды бірден өлтіру әдісі қолданылды. Адамдарды «циклон Б» деп аталатын газбен улап өлтіретін. Алғашында мұнда бір газ камерасы мен бір крематорий болды. Кейіннен арнайы еврейлер үшін қосымша Биркенау лагері салынды, онда 4 газ камерасы мен 4 крематорий жұмыс істеді. Адамдарды моншаға апарамыз деген желеумен топырлатып газ камерасына шешіндіріп кіргізеді де газ жібереді. Бар-жоғы 15 минутта 700-дей адам уланып өледі. Олардың денесін крематорийде өртейді, күніне мыңдаған адамның күллі көкке ұшатын.  Өртенген адамдардың күлін немістер егістікке тыңайтқыш ретінде пайдаланған. 17 жасқа дейінгі балалар, аурушаң адамдар, жүкті әйелдер, дене бітімі нәзіктер, 50-ден асқан егде адамдар бірден крематорийге жіберілді. Еңбекке жарамды деген адамдар ауыр жұмыстарға жегілді. Крематорийден күндіз-түні түтін үзілген емес. Өртелген мәйіттердің иісі бүкіл қаланы алып кететін.

Бұл сұмдық 1945 жылға дейін жалғасты. Соғыс аяқталғаннан кейін Германияның жаңа билігі адамзат алдындағы кінәларын мойындап, еврейлерден кешірім сұрады. Ұлтшылдардың көшбасшылары, гитлершілер жауапқа тартылды. 1952–1965 жылдар аралығында Германия билігі Израильге 3 млрд. марк өтемақы төледі. 1970 жылдың 7 қарашасында ГФР канцлері Вилли Брандт Польшаға ресми сапары кезінде Варшава геттосы мемориалына барып, неміс халқының атынан ұлтшылдардың қылмысы үшін кешірім сұрап, басын иді. Бәлкім, ата-бабасын азап шектіріп, миллиондаған тағдырды тәлкек еткен фашизмді еврей ұлтының өкілдері кешірер-ау, бірақ ешкім ешқашан ұмытпас…

 

АНЫҚТАМА

  • 2005 жылдың 1 қарашасында БҰҰ Бас Ассамблеясы 27 қаңтарды Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күні ретінде бекіткен болатын. 1945 жылы дәл осы күні Кеңес Армиясы ірі нацистік Освенцим-Биркенау ажал лагерін азат еткен.  Сол зұлматтан аман қалғандар Израиль мемлекетінің негізін қалады.
  • 1933–1945 жылдар аралығында Германия мен немістер жаулап алған елдерде 20 мыңнан астам концлагерь болған.
  • Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанға 1941-1942 жылдары 386 мың адам эвакуацияланған, олардың арасында еврейлер де болған.

 

Айнұр СЕНБАЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *