Halyk Bank «Сбербанк Қазақстанның» кредиттерін сатып алды

Halyk Bank «Сбербанк Қазақстанның» кредиттерін сатып алды
Сурет: Arbat.media

Келісімге банк басшылары қол қойды.

2022 жылғы 13 сәуірден бастап кредиттері Halyk Bank-ке берілген клиенттер өз несиесінің статусын ЖСН арқылы банктің сайтынан тексере алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Кредиттері Halyk Bank-ке ауысқан клиенттер үшін ештеңе өзгермейді.

Келісімшарт бойынша Halyk Bank «Сбербанк» АҚ еншілес банкі клиенттерінің кредиттік портфелінің бір бөлігін сатып алды.

Мәміле Қазақстан даму банкінің жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша рәсімделген автокредиттерді, кепілсіз кредиттердің бір бөлігін, шұғыл қажеттілікке берілген қарыздар мен ипотекалық кредиттерді қамтыды. Halyk Bank-ке тапсырылған кредиттер бойынша негізгі борыштың жалпы мөлшері 330 млрд теңгені құрайды.

Ал 1 сәуірдегі жағдай бойынша «Сбербанк» АҚ еншілес банкінің тұтынушылық қарыздарының кредиттік портфелі 1,1 трлн теңге болған.

«Сбербанк» АҚ еншілес банкінің басқарма төрағасы Елдар Теңізбаев несиелерді табыстау жалпыға ортақ практика және банк секторында қалыпты процедура екенін атап өтті.

«Біз әрдайым клиенттер алдында да, мемлекет алдында да өз міндеттерімізді орындауға тырысамыз. Бүгінгі күні Сбербанк Қазақстан мемлекеттің барлық ақшасын, соның ішінде жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша берілген қаражатты қайтарды. Кредиттік портфельдің бір бөлігін беру – қаржы саласында таралған практика. Клиенттер ешқандай ауыртпалықсыз басқа банкке ауысады. Біздің серіктесіміз үшін бұл – қарыз портфелін ұлғайту мүмкіндігі. Ал бізге бұл келісім клиенттеріміздің қажеттілігін қамтамасыз етуге қажетті қосымша өтімділік береді», - деді Елдар Теңізбаев.