Халық қаһарманының анасы өз таңдауын жасады

Думан АНАШ

Ел азаматтарының әрқайсысы үшін үлкен жауапкершілік болып табылатын ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысу үшін 3-сәуір күні сайлау учаскелеріне ағылған жұрттың қарасы мол еді.

Мемлекет басшысын таңдауға қатысу – өзіңнің азаматтық парызың мен конституциялық құқыңды жүзеге асыру ғана емес, тарих бетінде жаңа тұрпатты мемлекеттің бірлігі мен келешекке сенімді қадам басқанын шынайы сезіну болып табылады.

Әуезов ауданының тұрғындары да жексенбі күні таң сібірлей бере барлық ел тұрғындары сияқты өздерінің сайлау учаскелеріне қарай ағылды. Ал, Әуезов ауданының әкімі Бекқали Торғаев №153 жалпы білім беру мектебінің ғимаратында орналасқан №464 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Аудан әкімі әр қазақстандық азаматтық қоғамды дамыту үшін аталған маңызды оқиғадан тысқары болмауы, таңдау жасауды өзінің еркін білдіруден бастау қажет деп санайды.

Әуезов ауданында дауыс беру барысында аналар көзге түскенін ерекше атап айту керек. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің «Алтын бесік» ықшамауданында тұратын анасы Дәметкен Асанбаева өзінің кенже ұлы Талғатпен бірге қазақ-түрік лицейінде орналасқан №471 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.

«Мен еліміздің елжанды, қаһарман бір ұлының анасы ретінде осынау Президенттік сайлау сынды атаулы оқиғадан шет қала алмадым. Бұл сайлау – біздің Қазақстанымыздың Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп ждатыр. Қазақстандықтар өзінің таңдауын дұрыс жасайды деген ойдамын», – деді Дәметкен әже. Сонымен бірге жастар қауымын ел болашағын айқындайтын дұрыс таңдау жасауға белсенді қатысуға шақырды.

Ғасырдан ұзақ жасаған қариялар дауыс берді

Әуезов ауданында халық өте тығыз орналасқандықтан, мұнда сайлау учаскелері де көп. Яғни, Президент сайлауына 101 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Ауданда 300 мыңнан аса халық тұратын болса, оның 200 мыңнан астамы дауыс беруге құқы бар азаматтар саналады. Дауыс берушілердің ішінде 36 мың зейнеткер бар екенін де естен шығармаған жөн. Осы қарттары да, жастары да көп үлкен ауданда ұзақ жасаған қариялар, шүкір дейік, көптеп тұрады. Олардың жалпы саны 4 мыңнан асады. Және 90 жастан асқан 200-дің үстінде қария болса, 16 адамның ғұмыры ғасырдан да ұзақ. Яғни, жүзден асқан қарияға бай ауданның 3-сәуір күні өткен сайлауда өз таңдауын жасап, бата берер қарты да болды.

Мәселен, өзінің 102-ші көктемін қарсы алып отырған Рыстай Манасбаева әжей өзінің жасына қарамастан үйде отырып дауыс беруден бас тартып, сайлау учаскесіне өз аяғымен келді. Қызы Нұрбаланың жетегімен өзінің №130 сайлау учаскесіне келді. Бұл сайлау учаскесі №121 жалпы білім беру мектебінің ғимаратында орын тепкен. Сайлау комиссиясының мүшелері кейуананы алқызыл гүл шоғымен күтіп алып, өздерінің тарту-таралғыларын да сыйлады.

«Мен өзімді осындай тарихи оқиғаға қатысуға міндет санадым. Иә, менің жасым келген қарт адаммын. Бірақ, өзімнің балаларым мен немерелерім, шөберелерімнің келешегі үшін, елімнің болашағы үшін өз таңдауымды жасадым», – дейді Рыстай әжей.

Рыстай Манасбаева 1909 жылдың 1-қаңтарында дүние есігін ашқан. Еңбек майданының ардагері, ерен еңбегі үшін соғыс жылдарында көптеген медалдармен, мақтау қағаздарымен марапатталған тың игеруге қатысқан қазақтың тұңғыш тракторшы қыздарының бірі. Бүгінде отыздан астам немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты әже.

Сайлауда өз үнін білдіруге ниет білдірген тағы бір кейуананың есімі – Сара Ысқақова. 101 жастағы Сара әжеге №83 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері сайлау жәшігі мен парағын үйіне жеткізіп берген болатын. Ол өзінің қызымен және немерелерімен бірге тұрады. Күйеуі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан Сара әжей қойма меңгерушісі, бригадир болып еңбек еткен. Адал еңбегі үшін бес медалмен марапатталған. Үш баланың анасы қазір сол балаларынан тараған үбірлі-шүбірлі үлкен әулеттің анасы.

«Мен әрқашан сайлауға өзім барғым келеді. Дегенмен, мына аяғымның ауырып, жүргізбей қойғаны. Денсаулық аяғымды тұсаса да, өзімнің таңдауымды тұсамайын деген оймен осынау елімізге тарихи маңызы бар сайлауға үйде қатысуға ниет білдірдім. Біздің жастарымыз қандай жағдай болмасын, осы оқиғаның ортасында жүруге тиіс. Әр дауыстың маңызы айтарлықтай ерекше», – деді Сара апа дауыс беріп болған соң.

Әрина, Әуезов ауданында орналасқан сайлау учаскелерінде дәл осы күні кәмелеттік 18 жасына толып, дауыс беру құқына ие болған бойжеткендер мен бозбалалар да болғанын айта кетейік.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *