ХАЛҚЫНА ҚАДІРЛІ ЕДІ

Қырық жыл бала оқытып, ұстаз болған, ашар­шы­лық, соғыс зардабын көрсе де адамгершілік жолынан ешқашан таймаған, жұртына, еліне «Күлжан апай»  атанған ғасыр жасаған, ел анасы болған анамыз   өтті дүниеден.

Сарысу ауданының бетке шығар жігіттері облыс орталығына арнайы өгіз арба жіберіп, Ташкенттен оқу бітіріп келгенінде күтіп алған күннен бастап қырық жыл ұстаз болып халқына қызмет етті. Ол кезде Орта Азия мемлекеттік университетінде   қазақтың озық ойлы, өте сауатты азаматтары да сабақ берген. Қазақ энциклопедиясында жазылған ұстаздарының есімін анамыз мақтанышпен айтып отыратын. Әсіресе, Басыбаров атты ұстазын үнемі есіне алатын. Ұстаздарының   негізді білімінің арқасында анамыз мықты математик қана емес, неміс тілін, оның грамматикасын өте жақсы біліп шыққан. Ақтоғай ауылындағы Серго мектебінде он жеті жыл осы пәннен сабақ берген. Сонымен қатар, химия, биология пәндерін де жетік меңгеріп, осы пәндерден де сабақ берді. Бізге химиядан сабақ берген   ұстазымыз химияның есептерін анамыздың көмегімен шығарып отырғанына өзіміз талай куә болдық. Алаштың  талай баласын   қырық жыл тәрбиелеп,  «Қара партадан не терсең, өмірде соны көресің!» деп, артында сөз қалдырды  асыл анамыз! Шәкірттерінің басым көпшілігі басшылық қызметте, талайы ғалым, біразы өнер иелері бүгінде. Жеті баласының бесеуі ұстаздық жолда. Ұлдары — Қазақстандағы белгілі математиктер. Келіндері, немерелері ұстаздық қызметте. Бір күйеу баласы Мәскеудегі Бауман атындағы университетте сабақ береді. Жиырма немере, жиырма жеті шөбере көріп, тоқсан бес жасында өмірден озды анамыз.

Мектепте сабақ берумен қатар, бүкіл ауылдың іш киімінен бастап, шапан, пальто, плащына дейін анам өте шеберлікпен тігіп береді екен. Әр киімге арналған сәндік қалпы болатын. Атасы Өтеш шебер тігінші, оқымысты келініне батасын беріп: «Тірлігім түгілі, ұрпағымды   өзіңе тапсырдым, Күлжан!» деген екен. Қазыналы Қаратаудай талай асыл ойлар тұнған ойлы, көп оқыған тұнба, шебер әңгіме айтып, тыңдарманын ұйытып алатын, алғысы алтындай, назасы тастай, көрген түсі қолмен қойғандай еді анамыздың.

Қайран анамыз, саналы өмірінің басым көпшілігінде ұстаздық еткен қазыналы Қаратау қойнауына келіп жарының жанында, сүйікті ауылы Ақтоғайына төбе басындағы мәңгілік мекенінен қарап жатыр. Тілегі   осы еді анамның. Аллам тілегін қабыл етті!

Қайран анамыз, иманың жолдас болсын! Қадіріңе жетпеген кездерімізді кешіре гөр, ұрпағыңа риза бол! Анашым, топырағың торқа болсын! Жұмақтың төрінен болсын орының!

 

Жарқын ӨТЕШОВА. Мәскеу қаласы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *