Халқымыз үшін үлкен берекенің бастауы болмақ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін халыққа насихаттау мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Омархан Нұртайұлы Өксікбаев Алматыға келді. Қалалық мәслихаттың хатшысы Қалдыбай Қазанбаев төрағалық еткен жиынға «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының баспасөз хатшысы Қайым-Мұнар Табеев, Қазақ қатынас жолдары университетінің ректоры Амангелді Омаров және аталған оқу орнының оқытушылары мен студент-жастары қатысты. Әуезов ауданында орналасқан Қазақ қатынас жолдары университетінің мәжіліс залында өткен жиында халық қалаулысы үндеуде айтылған бес басым бағыттың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, кең көлемде түсінік берді.
– Баянды болашаққа тың серпін беретін бұл игі бастамалар мемлекеттік бағдарламалардың жарқын жалғасы деп қабылдаймыз. Жарияланған «Бес әлеуметтік бастаманың» әрқайсысы біздің халқымыз үшін үлкен берекенің бастауы болмақ. Әрбір отбасының баспаналы болуына бар мүмкіндікті жасауға мән берілген бірінші бастамасында, ендігі кезекте үй алу үшін несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14–16 пайыз емес, «7—20—25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несиенің жылдық мөлшері 7 пайыздық мөлшерден аспайтын болады. Мұндай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін Ұлттық Банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керектігін Елбасы түсінікті болатындай етіп бағамдады, – деді Омархан Нұртайұлы.
– Ал еңбекақысы төмен қазақстандықтарға едәуір қолдау көрсету жағы екінші басымдықта айтылды. Бұл да жағымды жаңалық. 2019 жылдан бастап азаматтардың еңбек жалақысының салық жүктемесі 10 есе азайтылуы, ай сайын бір пайыздық мөлшерде салық төлеуі ұсынылды.
Білім алуға қолжетімділікті арттыру бағытында ел үшін жақсы жаңалық үшінші басымдықта жария етілді. 2018-2019 оқу жылында студенттерге арналған гранттардың өзі адам капиталы саласына елеулі серпін беретініне сенімдіміз. Екі жыл аралығында қазіргі жыл сайын бөлінетін 54 мың гранттың үстіне 20 мың грант қосылғалы отыр. Оның 11 мыңы жаңа экономикаға қажетті техникалық мамандар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырды. Осылайша жатақхана тапшылығы мәселесі біржола шешілмек. Түптеп келгенде, бұл маңызды шешім бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға жол ашады, – деп жалғастырды сөзін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Жиын соңында Қазақ қатынас жолдары университетінің ректоры Амангелді Омаров адамның өмір сапасын жақсартуға арналған Елбасының Үндеуін халыққа, оның ішінде студент-жастарға насихаттап келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Омархан Нұртайұлы Өксікбаевқа елдің атынан алғыс айтты.