Хакімнің хикметі хикаяланады

Балнұр АХМЕТ

Абай – қазақтың жүрегі. Абай – қазақпен мәңгі бірге жасайтын ұлт тірегі. Ақиқат есігін ашқан Абай адамзат баласына өмір сүрудің сырларын, тұрмыс-тіршілік заңдарын, жаратылыс жұмбағын үйрететін өмірлік ұлағатты ұстаз. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры адамның жан-дүниесіне жарық түсіретін «Қара» атты драма-диалог арқылы Абайдың сәулелі сөзінің сиқырын сезіндірді. Тағылымы терең қойылымның авторы – Абай Құнанбайұлы.

Абай – мәңгілік. Ақиқат жолынан адастырмайтын Абай мұрасы – ұлтымыздың киелі қазынасы. Абайдың сәулелі сөзі ешқашан ескірмейді. Ақиқат жолын көрсетіп, қазақ халқының өмірін нақыл тұнған насихатымен нұрландырып тұратын Абайдың қара сөздері драма-диалогтың алтын тамырына айналған. Қойылымда ғұламаның әрбір қара сөзі қазақ елінің тұрмыс-тіршілігінің түзелуіне бағытталғаны байқалған. Қасиетті қарашаңырақ бейнесіндегі сахна төрінде – адамзаттың Абайы, оңашадағы ойлары, кемеңгердің қара сөзінің құнары, рухани нәрі. Хакімнің сөзі, ұрпаққа айтқан өнегелі өсиеті бүгінгі заман тынысымен, қазақтың тұрмысымен астасып жатқаны ақиқат. Санасын сан алуан сауал жаулаған Абай қойылымның жалғыз кейіпкері. Хакім сөзінің нәрін сезіндірген спектакльде актерлер Абайдың әрбір қара сөзіне жан бітіреді. Абай сөзі сахна төрінен ерекше естіледі, жүрекке жылы тиеді. «Ауыр ойды арқалап ауырған» Абайдың ойлары көрермен көңілін қозғайды. Өнерсүйер қауым құдды бір парасат патшалығына еніп кеткендей тылсым күй кешкені күмәнсіз. Сахна төрінен дариядай ағып жатқан данышпан даналығы жұртшылықтың жүрегін теңіздей тебірентті. Қазақ халқының парасатты перзентінің кемелденуге күш беретін қасиетті қара сөздері қазақтың бақытты болашағына жарқын жол ашатынын құнарлы қойылым анық көрсетті. Қазаққа қуат, жанға шуақ дарытатын хакім Абайдың қара сөзінің құдіретін, қаламының қуатын, кемеңгер ойының күшін сезіндірді. Хакімнің әрбір сөзінен ұлттық рухы, ұлтына деген шексіз сүйіспеншіліктің лебі еседі. Ұрпақтың жүрегіне ұлттық рухты ұялататын қойылымнан кемеңгер көкірегінің күмбірі естіледі. Рухани тазалыққа тәрбиелейтін, жақсылыққа жетелейтін, жамандықтан жирендіретін Абай сөзі арқылы әр адам өзін-өзі іштей тәрбиелейді, жан-дүниесіне үңіледі, көңілдің кірін кетіріп, тіршілік тозаңынан тазалайды. Адамның бойына рухани қуат құятын ғұлама ғибраты адамның өміріне, көңіліне сәулесін түсіреді. Адамзат өмірінің өзгеруіне, асқақ арманға қанат қағуына, адамгершілік асыл қасиеттерді діліне дарытуға игі ықпал етеді. Көркем мінезділіктің сырын ашып, әдепті әрекетке ынталандырып, жан-сарайын жақсылықтың жарығына толтыруға құлшындырады. Өмірі өнегеге айналған Абай адамзатты жақсылықтың жарық нұрымен жан-дүниені, жер жүзін гүлдендіруге ұмтылдырады. Ұлтының бір кірпіші болып қалануын ұрпаққа аманат еткен Абай ұлағаты ұлт жолындағы ұлы мақсат-мұраттарға құлшындырады. Қазақ халқының өмірін көз алдыңызға келтіретін қойылым Абай сөзінің сәулесі сөнбейтінін тағы бір рет дәлелдегені ақиқат. Спектакльде ¬ Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Бекжан Тұрыс пен Дулыға Ақмолда және басқа талантты актерлер көрермен көңіліне Абай сөзінің сәулесін түсіреді.

Абайдың бір қара сөзі – бір спектакль

Жұлдызбек ЖҰМАНБАЙ,
спектакльдің сахналық нұсқасын жасаушы әрі қоюшы-режиссері:

«Қара» драма-диалогы – Абайдың қара сөздерінен құралған қойылым. «Қара» деген сөз ұлы деген ұғыммен ұштасып жатыр. Қойылымда ұлт тағдыры мәжіліс-жиын төңірегінде талқыланады. Абайдың қара сөзі заң саласындағы бап негізінде жазылған деп айтып жатады. Бұл – қазақ халқына қатысты ұлттық мәселелер төңірегінде талқылау жүргізілетін түбірлі туынды. Абайдың қара сөздері бұрын әр түрлі формадағы спектакльдерде сахналанды. Абай әлемін сахналауда мен өзімше жаңаша жол іздедім. «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей, қойылымды жиын көрінісінде сахналауды жөн көрдім. Абайдың қара сөздерін, философиясын, ойын талқылау арқылы көрермен көңіліне жеткізгіміз келді. Қойылым Абайдың асқақ рухын сезіндіреді, Абайдың сәулелі сөзін, озық ойын жеткізеді, Абай бейнесін бедерлейді. Ұлт тағдырының, тарихының тереңіне бойлатады. Абай поэзиясы оның қара сөздерінде тұнып тұр. Абай жолы – қазақтың жолы. Қытайлар философ Конфуцийдің заңдарын ерекше ұлықтайды. Ұлт тағдырына қатысты парасатты пікірлерімен, даналығымен дараланған данышпан Абай – қазақ халқының жол көрсетер шамшырағы. Ұлт тағдырына, болашағына байланысты ұлттық мәселелерді қозғаған көреген кемеңгерлігін көрсетуді көздедік. Қойылымда Абай тағдыры мен трагедиясы көрсетілмейді. Спектакльге Абайдың ойлары мен қара сөздері алтын арқау болған. Негізі, Абайдың бір қара сөзі – бір спектакль. Шынымды айтсам, өзім киелі Абай елінің перзентімін. Қыс мезгілінде осы қойылымды сахналау үшін жан-жақты зерттеп, іштей дайындалып жүргенімде, Абай атамыздың мұражайына бардым. Абай атамыздың бөлмесінде қағазды алдыма қойып, ұзақ үнсіз ойланып отырдым. Ғұламаның ғибратты ғұмыры өткен, кемеңгердің көзі болған, ізгі ізі қалған қасиетті қарашаңырақта біраз отырғаннан кейін жан-дүнием нұрланып, санама әр түрлі сәулелі ойлар келе бастады. Жалпы, Абай табиғаты кейде ашылады, кейде ашылмай қалады. Абай елінде туып-өскендіктен, кең ойлы кемеңгер сөзінің сәулесі, астарлы ақиқаты мен насихатының нәрі маған бала кезден бастап діліме дарыған. Байқап қарасаңыздар, қойылымда Абай, Зере, Оспан бейнесі бар. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген данышпан даналығын қойылымның құнары арқылы жеткізіп, ұрпақтың ұлттық рухын оятқымыз келеді.

Ғұлама ойының теңізіне тереңдетеді

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ,
Қазақстанның халық әртісі:

Қымбатымыз арзандап, жоғалтуларымыз көп болып жүрген бүгінгі заманда ұққанға, білгенге киелі сахнадағы әрбір қойылымның рухани маңызы зор. Сахна ойын емес, ойыншық емес, көңіл көтеретін орын емес. Сахна – ойландыратын, толғандыратын орын. Абайдың ұрпағына аманат еткен қара сөздерінің астарында ұлан-ғайыр ой астасып жатыр. Абайдың қара сөздерін оқымаған қазақ жоқ. Қара сөздердің астарына үңілген театр актерларының үнімен, жүрегімен, ақыл-санасымен, патриоттық сезімімен айтылатын қара сөздер ерекше мәнге ие болды. Абай сөзінің астарындағы ақиқат ашылды, тұлға табиғатына тереңірек үңілдірді. Хакім Абай арпалысып өткен адам. Айтатын адамы табылмай, тыңдайтын адамы болмай, әбден шерменде болған, жарықтық, пайғамбардай ақынымыз ғой. Қойылымда шермендеміздің шері тарқатылады. Адам уақыт өткен сайын Абайдың әрбір сөзін терең түсіне бастайды. Қойылымға дайындық барысында Абай ойының теңізіне тереңдей түскен сайын сөзінің салмағын сезініп, тағылымының тереңіне таңғалдық. Абайды ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп, мәңгі-бақи оқыған абзал. Халқын шексіз сүйген хакімнің ұлтының өмірде мән бермей жүрген бұрылыс-бұлтақтары хақында қамшымен сабалап айтқан салмақты сөздері тәніңді ауыртқанмен, жаныңды жай таптырады. Абайдың көзімен, Абайдың жүрегімен, Абайдың мұңымен, Абайдың шерімен шыланып астасып ойлану үлкен биіктікке жеткізеді. Қойылым көрерменді ойландырады. Ұлтымыздың Абайға деген махаббатын ұлғайтады. Абай – қазақ халқының маңдайындағы жарық жұлдызы, пайғамбар ақыны. Абайдың сан жылдар бұрын жазған өсиет өлеңдері мен қара сөздері бүгінгі күннің тамырын дәл басып тұрғандай. Құнарлы қойылым ұрпақтың ұлы дала данышпанына ыстық ықыласының артуына игі ықпал етеді.

Қасиетті қара сөздерді дәтке қуат, дәстүрге ғибрат етуіміз керек

Бекжан ТҰРЫС,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Абайға арналған спектакльді сахналау барысында Абайдың аманат еткен асыл мұрасы – қара сөздеріне бұрынғыдан да тереңірек үңілдік. Абайдың асыл мұралары – біздің ұлт болып ұйысуымызға, жұрт болып жұмылуымызға, халық болып қайрат танытуымызға жол ашқан қастерлі құндылық. Біз кемеңгердің қасиетті қара сөздерін қастерлеп, дәтке қуат, дәстүрге ғибрат етуіміз керек. Өзімізді-өзіміз түсінгіміз келсе, өзгені танығымыз келсе, өмірдің көп сырларына тереңірек бойлағымыз келсе, біз үнемі Абайға үңілеміз. Данышпанмен рухани тілдесу ділімізге қуат дарытады. Абайдың асыл мұралары бүгінгі ұлтымыздың рухани оянуына, санасының кемелденуіне игі ықпалы орасан. Спектакль Абайдың сөзі арқылы ұлттық рухты ояту мақсатында сахналанған. «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе. Адамдықты көздесең, Жаттап, тоқы көңілге» деп ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров данышпан даналығынан өмірлік өнеге алғанымыз абзал екендігін айтқан. «Асыл сөзді іздеген, адамдықты көздеген» адам ақиқатында Абайға жүгінеді. «Абайды оқы ерінбе» деген ақын сөзінің құндылығы уақыт өткен сайын артып келеді. Абайдың мерейтойларында ғана науқаншыл болмағанымыз жөн. Абай біздің өшпес өнеге алатын мәңгілік рухани азығымызға айналғаны абзал. Абайды тану керек деп жатады. Абайды кез-келген адам таниды. Мектеп оқушысының өзі Абайды жақсы таниды. Абайды танымауымыз керек. Біз Абайды білуіміз керек, тұңғиығына тереңірек үңілуіміз керек. «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деп Абай ұрпаққа өзі айтып кеткендей, жан-дүниесіне жақындап, қазақ халқы үшін жаратылған жүрегінің тұңғиығына терең бойлауымыз қажет.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *