Гран-при иегері елге оралды

Бүгін, Алматыға Франкфурттен FIDE Гран-при жүлдегері Жансая Әбдімәлік ұшып келді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлікті FIDE Women`s Grand Prix турниріндегі жеңісімен құттықтаған еді. Президент Жансаяның жеңісін еліміз үшін зор мақтанышқа балады.
Жеңімпазды Қазақтың спорт және туризм академиясы, Қазақстан шахмат федерациясы ұжымдарының өкілдері, жаттықтырушылары, атасы Шойынбай Төребек, әкесі Данияр Әшіров, бірге оқитын топтастары, достары, туыстары қарсы алды.
21 жастағы қазақстандық шахматшы Гибралтарда өткен FIDE Women’s Grand Prix (FIDE әйелдер Гран-при сериясының соңғы кезеңі) шахмат турнирін ұтқан болатын. Ол алты сағат бойы Ресейлік халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Валентина Гунинамен бақ сынасып, жеңіске жетті.
Айта кетейік, жерлесіміз 22 мамыр және 2 маусым аралығында ұйымдастырылған ФИДЕ Гран-приінің ақтық кезеңінде жақсы нәтиже танытқаны үшін осындай атақ иеленді. Ол Гибралтардағы турнирге анасы Алма Әшіровамен бірге барған.
Бірер күн бұрын өзінің инстаграм парақшасында «Алақай! Мен ерлер арасындағы халықаралық гроссмейстермін!» деп қуанышты жаңалықпен бөліскен еді.
Жансая шілде айында Сочиде өтетін әйелдер арасындағы халықаралық шахматшылар турниріне қатысатынын мәлімдеді. Алдағы уақыттарда соған дайындалатынын айтты. Барша жанкүйерлер мен өзін қолдаушыларға үлкен алғысын айта келе, алдағы жарыста жеңіс жолында бар күш жігерін салатынын жеткізді. Жансаяның нағашы атасы Шойынбай Төребек те барша қолдау білдірушілерге, туыстарға рахметін, ризашылығын білдіріп, немересіне сәттілік тіледі.
Қазақ спорт туризм академиясы атынан Закирянов Қайрат Қайроллаұлы осы оқу орнының 1-курсында оқитын Жансаяға ілтипатқа толы лебіздер айтты.
Біз де жас гроссмейстерге болашақ байрақты бәйгелерде жеңіс тұғырыннан көрінуге тілектеспіз!

Олжас ЖОЛДЫБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close