Головкин мен Мурата жекпе-жек алдында бетпе-бет кездесті

Головкин мен Мурата жекпе-жек алдында бетпе-бет кездесті
Сурет: Sports.kz

Керемет жекпе-жек болады.

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен жапондық Риота Мурата алдағы жекпе-жектің алдында бірінші рет бетпе-бет кездесті. Олар орта салмақтағы IBF, WBA Super және IBO әлем чемпионы титулдары үшін жұдырық түйістіреді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Маған берілген мүмкіндік үшін алғыс айтамын. Жапонияда жүргенім - мен үшін зор ғанибет. Муратамен кездескеніме және титулдық айқасымыз өтетініне қуаныштымын. Риотаны тұлға ретінде қатты құрметтеймін. Жекпе-жек алдында уақытымыз көп болды, сондықтан екеуміз де жақсы дайындалдық. Керемет жекпе-жек болады. Әлемдегі жағдай қазір шынында күрделі. Мұндай шараны ұйымдастыруға қандай күш-қуат керек екенін түсінемін. Промоутерлер мен Жапония үкіметіне осы шоудың өткізілуіне қолдау білдіргендері үшін рахмет айтамын. Осы кездесуді көптен күткендердің үмітін ақтайтындай жекпе-жек өткізгім келеді»,- деді Геннадий Головкин Токиодағы БАҚ өкілдеріне берген баспасөз мәслихатында. 

Шара барысында боксшылар белбеулерін көрсетіп, суретке түсті. Геннадий әлеуметтік желідегі парақшаларында шарадан бейнетүсірілім жариялады.

Еске салайық, Геннадий Головкин - Риота Мурата жекпе-жегі 9 сәуірде Сайтамада өтеді. Бұл Жапонияның бокс тарихындағы ең ауқымды оқиға болмақ. Жергілікті халық Головкинді ыстық ықыласпен қарсы алғанын еске саламыз.

Айтулы шоуды «Qazsport» және «Qazaqstan» телеарналары тікелей эфирден көрсетеді.