Ғылыми конференция өтті

Ғылыми конференция өтті
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Алматыда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қазақстан жазушылар одағы, РМҚ «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасымен бірлесіп, белгілі этнолог-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Жазушылар Одағының мүшесі Тоқтабай Ахмет Уәлханұлының 70 жылдығына арналған «Қазақстандағы этномәдени және көшпенділерді зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференция Қазақстан этномәдениетінің қазіргі жағдайы мен даму тенденцияларын талқылау, қазақ жылқы мәдениеті, ұлттық спорт, Орталық Азия қазақтарының киелі жерлері туралы мәселелері талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

Сонымен қатар жиын барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Тоқтабайдың көшпенділерді зерттеуге қосқан үлесі талқыланды.

Айта кеткен жөн, А.Тоқтабай 1953 жылы 20 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Сайхан қыстауында дүниеге келген. Оның ғылыми еңбегі қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетін зерттеу төңірегінде қалыптасты. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Петропавл қаласындағы Абылай хан сарайы туралы мәліметтер жинап, республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына қосты. 1982 жылы Ташкент қаласындағы Шайхантауыр кешеніндегі Қарлығаш би кесенесінің Төле биге қатысты екенін алғашқылардың бірі болып дәлелдеді.

1990 жылы Самарқанд қаласы Дагбит қыстауындағы Әйтеке бидің бабасы Жалаңтөс батыр Сейтқұлұлының қабірін зерттеп, ол туралы шығыс және ауызша деректерін жинады. 1999 жылы Өзбекстанның Бұхара облысы Нұрата ауданындағы Әйтеке бидің бейітін зерттеуге кірісті. Бірнеше жылғы Төле би мен Әйтеке бидің қабірлерін зерттеу нәтижесінде Әйтеке, Төле  және Қазыбек билердің нақты өмір сүрген жылдарын анықтады.

Соңғы жылдары А.Тоқтабай Төле би, Әйтеке би туралы мәселелерді анағұрлым кеңейтіп, «Өзбекстандағы қазақтардың киелі жерлері (Жалаңтөс батыр, Төле, Айтеке билердің қабірлері т.б.), пайда болуы, зерттелу тарихы, қазіргі кездегі жағдайы», «Орта Азия қазақтарының киелі жерлері (Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Қарақалпақстан): анықтау, жіктеу және зерттеу» сынды жобалар бойынша көршілес елдерде қалған қазақтың іздерін анықтап, тарихи ескерткіштерін жан-жақты зертеу жұмыстарын сәтті жүзеге асырды. Нәтижесінде қазақ тарихы мен мәдениетіне байланысты 130-дан астам нысандар тұңғыш рет ашылып, ғылыми айналымға енгізілді.