Ғылымға реформа керек

Ғылымға реформа керек turkystan.kz

Қазіргі геосаяси жағдайда біз мемлекеттілігімізді біртіндеп нығайтып, реформалар мен жаңару бағдарын нық ұстануымыз қажет. Барынша мұқият әрекет жасап, еліміздің ұзақ мерзімді мүддесіне сай жұмыс жүргізуіміз керек.


Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.



Қазақстанда көптеген саяси өзгерістер орнау үстінде. Жаңарған, әділ қоғам ұстанымы қолға алынды. Бағдарлы бағытта бірқатар істер атқарылып та жатыр. Осы қарқынды үдетіп, дамудың даңғыл жолына қадам баса беру маңызды саналады.


Ел мүддесі бәрінен биік. Оны қастерлеу – парыз. Сонымен бірге, ел дамуы үшін өндіріс орындарын, ғылымды өркендету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу маңызды. Көнеден жеткен аталы сөз кездеседі. Яғни «ғалымның хаты өлмейді» деп тәмсілдепті. Мұның баршасы Әділетті Қазақстан ұғымына сай келеді. Осыған орай, Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик, химия ғылымының докторы Мұрат ЖҰРЫНОВТЫҢ ой-пікірін білген едік.




ӘДІЛ ҚОҒАМҒА ЖЕТЕЙІК


Әділетті Қазақстан текке айтыла салған сөз емес. Тарихи салмағы бар ұғым. Мұны да тарқатып айтатын шақ келді. Бүгін қылған іс ертеңге шежіре. Бәлкім, тәжірибе шығар. Ең бастысы, заңы бәрінен биік тұрған ел құрайық. Азаматтары еңбекқор, жастары алғыр, халқы рухты болсын. Сонда мамыражай, бейбіт, ешкімге жалтақтамайтын қоғамға айналамыз.


Әділет деген ойдың астарында терең мағына жатыр. Жай айтыла салмаған ой. Әр адам осы елді дамытуға үлес қосуы шарт. Мұны жиі айтып келеміз. Ешкім келіп істеп бермейді. Әркім өз басын асырайтын капиталистік замандамыз. Отансүйгіштік қасиетімізді ұштайық. Туған елге қалтқысыз қызмет қылайық. Сонда ғана осы бір ұғымның аясы кеңейеді. Ұрпаққа тигізер үлгі-өнегесі мол болады.




ЕЛ РИЗАШЫЛЫҒЫНА БӨЛЕНЕЙІК


Ата-бабамыздан қалған жерүсті, жерасты байлығы бар. Менделеевтің химиялық кестесіндегі элементтердің 99%-ы кездеседі. Барлық металдың түрлері ұшырасады. Жылына 100 миллион тоннаға дейін мұнай шығарамыз. Соны тиімді игеретін кезең келді. Әңгімені тереңнен қаузайын. Бір кездері ҰҒА экономистерін жинадық. Академик Кенжеғали Сағадиевтің тобы санап шықты. Бір қорытындыға топтасты. Қазақ еліндегі металл шығаратын 5 зауыт, 3 мұнай өңдейтін зауыт істеп тұрса, экономика қуаты артады.


Өзім химия саласының маманымын. Сондықтан ел ризашылығына бөленудің тиімді жолдарын айтуды жөн көремін. Қазақстанға кем дегенде тағы 2 мұнай өңдейтін зауыт салу қажет. Кем дегенде, 1 зауыт мұнай қалдықтарын өңдесе дейміз. Мұнайдан түрлі бұйым шығаруға болады. Германияда 21 мұнай өңдейтін зауыт жұмыс істейді. Бірақ жерінің астында мұнайы бар дегенді естімедік. Азиядағы дамыған елдердің қарыштап дамуының құпиясын білесіздер. Бәрі өңдеуші өнеркәсіпке әлдеқашан көшіп кеткен. Мұнай мен газға сеніп отыратын заман артта қалды. Өзі түк өндірмейтін елдің болашағы бұлыңғыр.



Еліміздің барлық өңірлерінде химия өндірістері бар. Шымкент, Өскемен, Қарағанды, Ақтөбе сынды өңірлерді тізіп айтуға болады. Ондағы бой көтерген зауыттар Кеңес дәуірінде өнім берді. Шикізат алатын орын ғана болды. Қалғаны елден сыртқа шығарылды. Бүгінде әлгі зауыттардың біразы жұмыс істеп тұр. Кейбірі істен шыққан болуы да мүмкін. Жақында Қытайда болдық. Біз ашқан жаңалықты оларға көрсеттік. Сөйтіп, Өскемендегі белгілі бір зауыттың басшылығына көрсеттік. Ал ол құлықсыз. Бірнеше зат өндіріп басын ауыртқысы келмейді. Оған вагон-вагонымен сатып, тыныш отырғаны тиімді. Осыдан кейін қайтып дамимыз. Сондықтан ірі кен орындары, зауыттар мен фабрикалар мемлекет меншігіне өтуі тиіс. Мемлекет күш салған жерде өнім мен пайда қатар жүреді. Осыны ұмытпайық.



 


КӨҢІЛ БӨЛІНСЕ – ӨРКЕНДЕЙМІЗ


Мемлекет басшысы ғылымға ерекше көңіл бөліп отыр. Өзім қабылдауында болғанымда сүбелі ойларыммен бөлістім. Сөйтіп, ҰҒА-сының бойына қан жүгіртудің тетіктерін қарастырдық. Ойымды әріден бастайын.



Бүгінде Ғылым Ордасы акционерлік қоғамы бар. Яғни бұрынғы Ғылым академиясы деген сөз. 1991 жылдары жағдай қиын болды. Елдің бәрі тым-тырақай жан-жаққа тарады. Ғалымдар күн көрісті ойлады. Сырт елге қоныс аударғандары да болды. Елең-алаң шақта академияны таратып тындық. Басты кілтипан – қаржы тапшылығы. 2010 жылы дәстүрлі формадағы кандидат, докторлық дәрежені алып тастадық. Болон жүйесіне дереу көшіп алдық. Содан бері 13 жыл өтті. Біздің кандидат күйінде қалған адамдарымыз көп. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанды сағалап жүр. Доктор болғысы келеді. Ғылымға үлес қосуды ойлайды. Докторлық дәрежесі болмаса жарытып тамақ ішіп, күн көріп кету мұң. Екінші жол бар. Яғни тым болмай бара жатса, шетелге тайып тұрудан басқа амал қалмады.



Бұл – бүгінгінің шындығы. Қазір корреспондент-мүшесі, академик болатындар қалмай барады. Дәстүрлі жолмен докторлықты қорғағандардың арты 60 жаста, алды ғасыр жасауда. Лайым, ұзақ жасасын. Осылайша өз қолымызбен қазақ ғылымын қылқындырып отырмыз.



ГРАНТТЫҚ ЖОБА БЕС ЖЫЛҒА БЕРІЛСЕ ЕКЕН


Ғалым ғылыми жобамен айналысады. Кәнігі маман зерттеу үстінде жүрмесе, ауырып қалады. Өз ісіне берілген жандар жетерлік. Ақшасы тиын-тебен болса да, ғылымнан кетпей жүрген адамдарға ескерткіш қоюымыз керек.


Гранттық жобаны ұтып алу – футболдан әлем чемпионатын ұтқанмен тең болып барады. Ашқан жаңалыққа иек артып жатқан пенде баласын аңғармадық. Қазір ғылыми жоба 27 немесе 30 айға береді. Әрі кетсе 36 айға ұзартады. Былайша айтқанда, 2,5 – 3 жыл.


Жобаны өткіземін деп жүргенде жарты жыл кетеді. Ұсынғаныңыз ННС-тен өтіп, министрліктен бекітілсе, сұраған қаражатыңыз берілсе игі. Алайда, кейбір ғылыми институттар 3-4 гранттық жобамен отыр. Сонымен жан бағады. Таралымы бірнеше дана ұжымдық монография шығарады. Оған жалақыны қосыңыз. Аз ғана қаражатты ары да, бері де тартып жеткізе алмай дал боласыз. Содан кейін сынаушылар «жасаған ғылымдарың кәні» деп өре түрегеледі.



Ғылыми жоба 5 жылға бекітілсе екен. Ғалым әлеуметтік жағдайға бас қатырмасын. Ол оданша ғылымына бас кетірсін. Шетелге шығатын іссапарларына арнайы қаржы мол бөлінсе, сырт жақпен қарым-қатынас нығая түседі. Базалық жалақы институт қызметкерлерінің бәріне түгел төленсе дейміз. Магистрден бастап академиктерге дейін қаржыдан қыжалат көрмеуі тиіс. Жоба ұсынғанда, есеп өткізгенде ағылшын және орыс тілінде ғылыми есебін сұрап мезі етеді. Тілді меңгер. Оған қарсы емеспіз. Алайда, үш тілде есеп сұрауды тоқтатайық. Қазақ елінде мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сондықтан қазақша есеп берсек жеткілікті деп білеміз. Қағазбастылықты жою қажет. Бітпейтін есеп-қисаппен бас қатырудың қажеті жоқ. Бюрократия ғалымның қолын байлайды. Ғылымды бойлатпайды.



Алпауыт державалар ғалымның ашқан ғылыми зерттеуіне ынтық. Тіпті, олигархтар да қаржыландырып жатады. Ал бізде тау қопарсаң да қауқарсыз саналасыз. Ғалымдардың жеткен жетістігіне атқамінерлер құлақ асса екен. Мәселен, осы жылы ашылған жетістікке байланысты қаулы-қарар қабылданса, мемлекеттік бағдарламаға енсе деген игі ниетіміз бар. Ал сыймағандары келер жылдың еншісіне бұйырса. Сонда ғалым мен билік арасында өзара ықпалдастық дами түсер еді.



ЖАСТАРДЫ ҒЫЛЫМҒА ТАРТАЙЫҚ


ТМД аумағында түбегейлі үш сатылы білім жүйесіне көшкен жалғыз ел – бізбіз. Дәстүрлі тұрғыда қорғайтын кандидаттық, докторлық дәрежені жойдық. Бүгінде магистратура мен PHD докторантураға иек артып алдық. Осы ғылым саласына ғұмырын арнаған адам ретінде бір нәрсені шегелеп айтайын. Қазақстанда 50 де 50 форматы жүруі керек. Яғни бұрынғы дәстүрлі қорғауды қайта енгізейік. Екінші тараптан магистр, PHD қорғап шығуға да мүмкіндік берейік. Болон системасының өзінде бұрынғы жүйемен қорғауға болады деген сөз кездеседі. Осы мәтінді негізге алып, бұрынғы жүйені қайта орнатайық. Магистрді ғылыми деңгейде мойындап, ақша төлеп, PHD дәрежесіне берілетін қаржыны көбейтейік. Бұл жас ғалымдарға үлкен стимул болар еді.


Барлық нәрсе жалақыға келіп тіреледі. Мен Химия институтының Бас директорлығын қатар атқарамын. Маған жастар көп келеді. Сөйтіп, жұмысқа қабылданар алдында айлығын сұрайды. Бастапқыда 100–150 мың теңге болатынын айтамын. Бірден еңселері түседі. Әлгі жас маман оданша 2 жерге күзетші болып 200 мыңнан артық алуды ойлайды. Оның бұл ойы дұрыс. Тапқанының жартысын пәтерге берсе, қалғаны ішіп-жеуінен артылмайды. Ал ол жас маман үйленгісі келеді. Шаңырақ құрған болса, тіпті қиын. Осының бәрін көріп-біліп жүрген жас мамандар бір күні АҚШ, Еуропа, берісі Түркияға кетеді. Дамыған елдерде 5–10 мың доллардан артық айлық алады. Біздікіндей ипотеканы ойлап, миын шаршатпайды. Үйленсе, балашағасына барлық жағдай жасалады. Осыдан кейін қалайша жас маманды қолда ұстап тұрамыз.


Өзіміз кандидаттықты Мәскеуде қорғадық. Араға 11 жыл салып докторлық диссертацияны қорғап елге оралдық. Үйлендік. Балалы болдық. Қыруар шаруаның арасында қосымша жұмыс қылдық. Кеңес кезеңін сынап жатамыз. Алайда, ғылымға деген көзқарас ол уақытта жоғары-тұғын. Бір нәрсені тұжырымдап айтайын, жас ғалымдарды дәп қазіргі сәтте ғылыми процестерге үйреткен абзал. Әйтпесе, жасы үлкен ғалымдар артындағы жастарға тәлім-тағылымын айтып үлгермейді. Жас ғалымдардың айлығын арттырып, әлеуметтік мәселесін тездетіп шешейік.


 


СКОПУС - БОС ШЫҒЫН


Қазір Scopus және Web of Science журналына мақаласы шыққан адам дүниедегі ең бақытты адам саналады. Басында шетелдік журналға мақала жарияласа жеткілікті еді. Бүгінгі таңда оның процентилі жыл сайын өсіп барады. Қаншама монография жазсаңыз да, Scopus болмаса ешкім емессіз. 35 процентильден кем емес шетелдік ғылыми журналға мақала жариялауға міндеттейді. PHD қорғайтын болсаңдар 25 процентиль болатын Scopus мақаласын талап етеді. Web of Science бойынша Q1, Q2 дәрежесіндегі ғылыми мақала сұрайды. Q4 болса дымға жарамсыз. Шетелде бұлай ғылым жасалмайды. Бізде – парадокс!


Академик болса да Scopus және Web of Science журналында ғылыми мақаласы болмаса, құныңыз көк тиын. Біздің ұсынысымыз бар. Ғылымды дамытатын болсақ, оны әлемдік аренаға шығарамыз десек, шетелдік журналға міндеттегенді доғарайық.



Қорыта айтқанда, Ұлттық Ғылым академиясын тікелей Президентке бағынатын мемлекеттік мекеме ретінде статусын нақтылап бекітейік. Құрамына бұрынғы институттарын қайтарайық. Германия, Франция, Ресей және т.б. елдерде Ғылым академиясы жұмыс істеп тұр. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, М.Әуезовтер қызмет қылған, Алаштың алып тұлғалы ғалымдары мен қайраткерлері маңдай терін төккен қасиетті қарашаңырақты қайта жаңғыртайық.


Әділетті Қазақстанды орнататын зиялы қауым! Сол әділ әрі зерделі қоғам орнасын десек, ғалымның жағдайын түзеу маңызды демекпіз.



Әзірлеген Олжас ЖОЛДЫБАЙ.


"Аlmaty-akshamу",  №41 (6334) 30 наурыз, 2023 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:07

12:34

12:23

11:56

11:16

11:15

11:03

10:47

09:39

09:24

09:13

09:00

08:45

08:30

08:15

08:05

22:43

19:33

17:49

17:19

16:12

15:08

14:13

13:24

13:18