Ғылым мен білім мемлекет дамуын айқындайтын басты бағдарлар

Ғылым мен білім мемлекет дамуын айқындайтын басты бағдарлар Сурет: ашық дереккөз

Ғылымды дамыту – мемлекет дамуын анықтайтын басты көрсеткіш. Сондықтан кез келген ел үшін білім мен ғылым саласы басты назарда тұратыны сөзсіз. Біздің еліміз үшін де солай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында осы салалардағы мәселелерді шешу бойынша нақты шараларды қамтыған. «Бүгінде аталмыш бағыттарды дамыту бойынша қандай істер атқарылып жатыр? Ғылымды коммерцияландыру мәселесі қалай шешілуде?» деген сауалдарға жауап алу үшін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының басқарма басшысы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Бекбол РАМАЗАН мырзаны әңгімеге тартқан едік.




– Бекбол Батыржанұлы, бүгінгі таңда ғылым саласының даму қарқыны қалай?


– Дамыған елдер бәсекеге қабілетті қоғамды қалыптастырудың іргелі құрылыс материалы ретінде ғылымның маңыздылығын халықаралық деңгейде мойындауда. Бұл қалыпты құбылыс. Солай болуы керек те. Бүгінгі таңда ғылымның эволюциясы әлемдік білім беру кеңістігінде, әсіресе цифрлық қоғам дәуірінде жаңа сипаттамаларға ие. Бұл тұрғыда ғылымға қарқынды инвестиция салатын елдер тиімді ғылыми жаңалықтарды құрып қана қоймай, сонымен қатар өз ұстанымдарын нығайту және күштерін арттыру арқылы осы процестен пайда көруде. Біз де қалыс қалмауымыз қажет. Ол үшін идея мен инновацияның арасын жалғаушы ғылыми зерттеулерге үлкен акцент қоюымыз қажет. Осы тұрғыда Қазақстандағы университеттер, зерттеу институттары мен инновациялық орталықтар әртүрлі салалар бойынша зерттеулермен белсенді айналысуда. Бұл зерттеулердің нәтижелері болашақ инновациялық жобаларға негіз болары сөзсіз.


– Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында елге бәсекеге қабілеттілік беру мақсатында ғылымды өндірістің жаңа технологияларына бағдарлау қажеттігін айтты. Бұл бағытта Ұлттық Ғылым академиясында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 


– Бұл стратегияның маңызды аспектісі ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру болып табылады. Президент бұл қадам қосылған құнның өсуіне ықпал етіп қана қоймай, бизнестің және бүкіл елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтатынын атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Елдегі ғылымды қаржыландыру 0,13%-ды құрайды, бұл көрсеткіш 2,5%-ға жеткен дамыған елдерге қарағанда айтарлықтай аз. Біздің ғылымға жұмсаған шығындарымыз өте жеткіліксіз және бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігі көп нәрсені қалайды» деген болатын. Сарапшылар ғылымды қаржыландыру кезінде ЖІӨ-нің 1,5%-дан азы толық қайтарымды күтуге болмайтынын айтты. Президент бұл мәселеге Үкіметтің назарын аударғанын атап өтіп ғылымның дамуына келтіретін кедергілерді жою үшін бірлесіп жұмыс істеуге әрі дамыған елдердің әлемдік тәжірибесіне сүйене отырып, жеке секторды ғылыми зерттеулерге тартудың түрлі тетіктерін әзірлеуге шақырды. Бұл мәселелер биліктегілер мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының назарында. Келесі қадам  «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңын ілгерілетудің маңыздылығын түсініп, берілген тапсырмаларды орындау. Осы тарапта Мемлекет басшысы «Академия ғылыми ой-тұжырым орталығына айналуға тиіс. Сондай-ақ, сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек. Қара шаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе береміз…», – деп Ұлттық Ғылым академиясына  мол сенім артуда. Өз кезегінде Ұлттық Ғылым академиясы Президенттің тапсырмасын орындау барысында, отандық ғылымдағы түйткілді мәселелерді шешу жолында ғылымның басым бағыттары бойынша механизімді іске қосты. Бүгінде осы бағыттар бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда.


– Аталмыш саладағы маңызды көріністің бірі – ғылыми зерттеулерге қаражат бөлу. Біздің елде ғылымды қаржыландыру мәселесі қалай шешілуде? Жалпы, бүгінгі ғылымды коммерцияландыру тетіктері жайында бірер сөз...  


Елімізде бірқатар ғылымды зерттеулерге гранттық қаржыландыру көздері қарастырылған бағдарламалар жұмыс жасап тұр. Келесі этап осы дайын әзірлемелерді өндіріске енгізумен жұмыс жасауымыз керек. Осындай дайын ғылыми әзірлемелерді коммерциализацияға айналдыру бойынша «Ғылым қоры» АҚ операторлық ететін гранттық қаржыландыру конкурсы бар. Ғылым қоры 2016, 2017, 2018 және 2022 жылдары төрт байқау өткізген, оған 1422 өтінім түскен. Бірнеше жобалар бойынша өндіріс орындары ашылып, 1600-ден астам жаңа жұмыс құрылған.


Жалпы 2023–2025 жылдарға арналған қаржыландырудың сомасы – 22 750 000 000 теңгені, соның ішінде жылдар бойынша: 2023 жылға – 5 699 604 811,82 теңгені, 2024 жылға – 13 650 000 000,00 теңгені, 2025 жылға – 3 400 395 188,18 теңгені құрайды. Айтарлықтай қомақты сомма. Үлкен нәтижелі істер күтеміз.


– Бекбол Батыржанұлы, рас, кейбір кемшіліктерге қарамастан, айтарлықтай жетістіктер мен елеулі нәтижелерге әкелген көрнекті жұмыстарды да атап өткен жөн шығар. Бүгінде коммерцияландыру бағы­тында ауыз толтырып айтар қан­дай жетістіктеріңіз бар?


– Ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудың сәтті мысалы ретінде Жанболат Музбаевтың жетекшілігімен «КБ Tree Energy» ЖШС қауіпсіз және тиімді жел энергиясын пайдаланатын генераторларды әзірлеу, құру және сериялық өндіру бойынша іске асыратын жобаны бөліп көрсетуге болады. Күн-жел электрмен жабдықтау көздерін қамтитын бұл жобаның нәтижелері Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарының шекара қызметтерінің дербес бейнебақылау жүйелерінде белгіленген. Бұл жүйелер объектілерді бақылауға және шекараның рұқсат етілмеген қиылысын анықтауға, сондай-ақ оқиғалар туралы сигналды бақылау орталығына жіберуге арналған. Аталмыш жоба Алматы облысының магистральдық республикалық трассалары бойынша толық автономды жарықтандыру және бейнебақылау колонналарын орнатуды қамтиды, бұл жолдың аса қауіпті учаскелерінде жол-көлік оқиғаларының санын қысқартуға ықпал етері сөзсіз. Дәл осындай отандық ғалымдарымыздың әзірлеген немесе іске асыруға дайын жобалары жетерлік. Олар жәйлі біраз мәліметтер көрсетуге де болады.


«Қазақстан ғылыми зерттеулермен тікелей айналысатын қызметкерлер көрсеткіші бойынша дамыған елдермен салыстырғанда көп қалып қойған» деген пікірмен келісесіз бе?


– Жоқ, келісе алмаймын. Себебі, кейінгі жылдары мемлекет тарапынан жас ғалымдарға қолдау шаралары қар­қын­ды қолға алынып келеді. Бұған жас зерттеушілердің жобаларына арналған бөлек грант пен жыл сайын «Жас ғалым» жобасы аясында шетелдік ғылыми ұйым­дарда тағылымдамадан өтуге берілген мүмкіндік дәлел бола алады. Соның нәтижесінде Қазақстанда соңғы уақытта жас ғалымдардың саны көбейе түсті.


– Демек, ғылым саласында даму бар деп есептейсіз... 


– Әлбетте. Алдағы уақытта барлық салада жаңа қадамдар жасалатынына өз басым сенімдімін. Жастар білімге ұмтылып, техниканың тілін жетік меңгеріп, алға қойған мақсаттарына жетуге ұмтылса, ал мемлекет тарапынан осындай қарқынмен қолдау көрсетілсе, біз алмайтын қамал болмасы анық. Ол үшін біз ғылыми зерттеулерді табысты іске асыру жолында қоғамды экономикалық тұрғыда жаңғырту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, баламалы энергия көздерін қолдану және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты стратегиялық міндеттерді басты назарға қоюымыз қажет. Ғылымға белсенді түрде инвестиция сала отырып, тиімді ғылыми жаңалықтар құрып қана қоймай, ақпаратты тиімді өңдеуге және таратуға қабілетті цифрлық қоғамға ерекше назар аударта аламыз. Сонда ғана экономикалық және технологиялық базасы нығайған нәтижелі жеңіске жеткен, әлемдік аренада бәсекеге қабілетті мемлекет боламыз. Ғылыми зерттеулерге жәрдемдесуде мемлекетке пайда әкелетін экономикалық қызметпен, цифрлық технологиялармен айналысатын белсенді жас ұрпақтың қатысуы шешуші рөл атқарары сөзсіз. Мол сенім бар.


– Қазақ ғылымы дами берсін! Әңгімеңізге рахмет.


Сұхбаттасқан Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:00

15:20

15:05

14:36

14:35

13:45

13:23

12:51

12:45

12:37

12:14

12:04

11:39

11:37

11:32

11:22

10:59

10:37

09:59

09:21

09:19

09:11

09:11

08:37

08:21