Ғылым – мемлекет әлеуетін еселейді

Ғылым – мемлекет әлеуетін еселейді
almaty-akshamy.kz

Жаһандық үдеріс ешкімді бей-жай қалдырмайды. Әлем экономикасы шатқаяқтап тұр. Державалар дегбірсіздігі сезілуде. Геосаяси жағдай алаңдаушылық тудыруда. Еліміз осындай қиын-қыстау кезеңнен өтіп келеді. Осы бағдардан таймау маңызды.

Елде саяси процесc жүріп жатыр. Алда Мәжіліс пен мәслихат науқаны болады. Бұған қатысуға ниет білдірушілер жетерлік. 19 наурыздағы сайлауға биылдан бастап мажоритарлық жүйе енгізілді. Енді жекелеген азаматтар өз-өздерін ұсыну құқығына ие. Партиялық тізіммен өтетіндер тізімі белгілі болуда. Елге белгілі тұлғалар, қоғам қайраткерлері және жастар бақ сынап көрмекші. Бұл да жаңа әрі игі өзгерістің бастамасы деп иланамыз.

Қоғам – әртүрлі. Ел ішінде сан түрлі пікір алуандығы болатыны рас. Ол заңдылық та. Бірақ ұстаным біреу. Ол – Әділетті Қазақстан. Осы бағыттан айнымау қажет. Сонда ғана әділ, берекелі, ашық қоғам орнайтыны айқын. Мемлекет ісі өрлеп алға басуы үшін ғылымды дамыту аса маңызды. Осыған дейін Әділетті Қазақстан құру жолында әртүрлі маманның ой-пікірін берген болатынбыз. Енді саяси оқиғалармен қатар қазақ ғылымының жай-күйіне, қордаланған мәселесіне тоқталамыз. Ғылым және жоғары білім туралы ой қозғаймыз. Осыған орай, Философия орталығының директоры, саяси сарапшы Серік НҰРМҰРАТОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

 

ПАРЛАМЕНТ – ПАРАСАТТЫЛАР ОРНЫ

Саяси үдерісте жаңа буынның алмасуы қалыпты саналады. Ұрпақ алмасқан сайын жаңа қоғам құруға ниет те күшейеді. Бұл – қалыпты құбылыс. Қос шылбырды ұстайтын парасатты Парламент бәрімізге қажет.

Бұл жолғы сайлау үлкен серпін сыйлайды. Өздеріңіз білесіздер, көп партиялы Парламент сайланғалы тұр. Оның үстіне 30% жеке адамдар сайланады. Яғни өзін-өзі ұсынып, жеңсе депутат атанады. Бұл көптен толғандырып жүрген мәселе-тұғын. Амандық болса, оның да шешімі табылатын түрі бар. Қанша дегенмен, жеке адам сайланса, ешкімге жалтақтай қоймас. Үміттің көбісі осы тарапта. Бірақ санаулы ғана жеке-дара депутаттар бәрін қатырады деген сөз емес. Мемлекеттік бағдарламаны бекітерде баршасы ұйысып, талқыласа... Оны бірнеше қайтара қарап, жүйелесе... Әбден оқылып, қаралып, кем-кетігі түзелсе ғана қабылдауға дауысқа қойылса екен. Міне, бұл шын жанашырлықтың белгісі болар еді.

Парламентке елге белгілі айтары бар азаматтар баруы керек. Материалдық құндылыққа бой алдырмаған таза адам керек. Тазалықты айтқанда хакім Абайды айналып өте алмаймыз. Яғни «толық адам» қажет. Елді жемейтін, құлқынынан ұлттық құндылықты жоғары қоятын жан жетіспей тұр. Адал, парасатты тұлғалар Парламентте болса, нұр үстіне нұр болмақ.

 

МӘСЛИХАТ БЕДЕЛІ АРТУДА

Әр елдің қуатты күші болады. Біздің әлеуметтік әрі экономикалық қуатымыз өңірлерге тікелей қатысты. Осыны әсте ұмытпауымыз керек. Өңір қуатты болсын десек, туған жерге жан-тәнімен берілгендер ел басқаруы тиіс.

Мемлекеттік маңызы бар Астана, Алматы, Шымкентте халық көп шоғырланған. Аймақтар өсіп-өніп, өркендеп келеді. Демек, бәсекеге қабілеттілік артуда. Яғни елдің ішінде мәслихат депутатына лайықты азаматтар көп деген сөз. Осылардың арасында бизнес, экономика, социологияның тілін білетін азаматтар сайлануы керек. Белгілі бір топты қайта әкеліп отырғызуға болмайды. Мұның салдарын көрдік. Оны тәптіштеп айтып жатудың өзі артық.

Әр іске белсенділік қалыптастырайық. Ол үшін мотивацияны оятайық. Әр өңірдің мәслихат депутаты болатын жанға қаржылық қолдау жасайық. Мүмкін тоқсанына бір мәрте сыйақы үлестіріп, жақсы мәселе көтеріп, оны шешкендерді де ынталандырайық. Бәлкім, бонус берілсе, құба-құп болар еді. Түптің түбінде жалақы мәселесін шешу керек шығар. Мәслихат депутаттарына да айлық тағайындап, көмекшіге «депутаттың көмекшісі» деген кәулік берілу қажет. Әзірге мұндай құзірет Сенат депутатында ғана бар,  «депутат көмекшісі» деген статус бар екен. Ал Мәжіліс депутатында жоқ. Қарап тұрсаңыз, «депутаттың көмекшісі» әжептеуір қызмет атқарады. Шетелде бұл заңмен реттелген. Тіпті, мәртебе. Осыны іске асырсақ, депутат тұрмақ оның көмекшісі де құлшынып жұмыс істейді. Қазір ерігіп жүрген ешкім жоқ. Барлығын әлеуметтік жағдай толғандырады. Осыны бір іздендіретін уақыт жетті.

 

ҒЫЛЫМ АДАМЫ ТӘУІР МЕНЕДЖЕР

Кез келген күрмеуді шешуге болады. Алайда, оны шешудің оңтайлы жолы бар. Ол – білгір кадр. Саясатта «бәрін кадр шешеді» дейді. Байыптап, ойға салған адамға нені тұспалдап тұрғанымыз әу бастан түсінікті демекпіз.

 Қазақстан унитарлы мемлекет. Яғни біртұтас ұлт, біртұтас қоғам деген сөз. Біркелкі қоғам қағидатын өзгелерге қарағанда ғылым адамы көбірек ұғады. Сонау университет қабырғасынан көз майын тауысып оқу оңай емес. Күндіз-түні ілім жиып, ғалым болып қалыптасу екінің бірінің қолынан келмейді. Өйткені, ғылым табандылық пен төзімділікті талап етеді.

Қазақ мемлекетінің алғышарты – ұлттық идеология. Ал мұны іске айналдыру өзгені былай қойғанда, ғылым адамының шаруасы болса керек-ті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында академик, ғылым докторы, ғылым кандидаттарының пайдасы зор болды. Теорияны игермей, заң жазу мүмкін емес. Олай етсеңіз, шала-жансар бірдеңе туатын еді. Осы күні 1993 жылғы Ата Заңды қабылдауда 13 академик үлес қосты деп жүр. Арасында тәуелсіздікке қол қойған заңгер Салық Зиманов, егемендікті дүние жүзіне хабарлаған заң ғылымының докторы Сұлтан Сартаев, философия ғылымының докторы Жабайхан Әбділдин бар еді. Алып тұлғаларымыздың барлығы ҰҒА академиктері болатын. Әрқайсысы бір-бір тау тұлға-тұғын. Осылай әр саладан шыққан ғылым докторларын депутаттыққа өткізу керек. Бүгінде Гарвард, Оксфорд, Кембридж, қала берді, елдің беделді оқу орнында оқып, PhD  доктор, профессор атанып жүрген жалынды жастар бар. Мүмкін соларға жеке-дара квота бөліп, депутат қылу керек шығар деп ойлаймыз.

Бір нәрсені тағы да нақтылап өтейік. Ғылым адамы тәп-тәуір менеджер болып, іліп әкете алады. Теория мен тәжірибе қатар ұштасқан ортада даму болады.

 

ҒАЛЫМНЫҢ ӘЛЕУЕТІН ЖАҚСАРТАЙЫҚ

Дамыған державалар тарихына зер салсаңыз, біраз дүниенің байыбына барасыз. Шетелде ғалымның жағдайы жақсы. Ғылым жасап отырған адамды қатты бағалайды. Ал ғылым дамыса, мемлекет өркендейді.

Біз көп уақыт бойы ғалымдардың жағдайына зер сала қоймадық. Жұмыс істеп тұрған Ұлттық Ғылым академиясын таратып жібере жаздадық. Сөйтіп, қолдан мәселе жасадық. Бар проблеманы қаржыға тіредік. Жарайды, дербестіктің алғашқы 10 жылдығында экономикамен айналыстық. Кейін ахуал оңалды. Содан соң ғылымға азды-кем көңіл бөлдік. Қайтсек те ЖІӨ 1%-ын ғылым саласына бөліп жарытпадық. Небір құрдымға кеткен жобаға қаражат құйғанша, ғылымды өркендетейік.

Академик Сейіт Қасқабасов «Академияның болуы – мемлекеттіліктің белгісі» деп еді. Сол рас сөз. Әлемде Ұлттық Ғылым академиялары онша көп емес. Франция, Германия, Ресей сынды бірқатар алпауыт елдерде ғана бар. Біз қолда бар ғылымды одан әрі дамытуымыз керек. Бір ғана гуманитарлық саланы айталық. Соның ішінде тарих, философия, әдебиет, археология, дін және т.б. зерттелмеген тақырып жетерлік. КСРО идеологиясымен зерттелгенге басқаша, жаңа қоғамның көзімен қарайтын кез туды.

Ғалым бала-шағасын қалай бағатынын ойламау керек. Ғылымға келу арманға айналса екен. Ғылыммен айналысса, баспана, балабақша мәселесі шешіліп, ең жоғары жалақы деңгейін алса дейміз. Сонда жастар келеді. Біз, бұрынғы докторлар, азайып барамыз. Орнымызды жастар басқанын қалаймыз. PhD дәрежесін алғандарға 70 мың қосылады. Бар болғаны ғылым кандидатымен тең. Сондай-ақ, «Академиялық дәреже» деп қана мойындалған. Бұрынғы жүйемен қорғаған ғылым докторлары 140 мың алады. PhD докторын бұрынғы жүйемен қорғаған ғылым докторларымен теңестіру қажет. PhD доктор дәрежесі үшін Қазақстандағы ең төменгі айлықтың 2 еселенгенін алып, 140 мың теңгеге жеткізу керек. Сонымен бірге, елдегі ең төменгі жалақы көтерілген сайын ескеріліп отырса екен. Магистрлер ғылыми дәреже деп танылып, айлығына кем дегенде бір 25% қосылса екен. Мектепке қосты. Ал ЖОО, ғылыми институтта оқитындарға түк те жоқ. Өркениетті, эконимикасы қуатты елдерде ғалымдар 5–10 мың доллардан артық айлық алады. Көрдіңіз бе, қандай керемет! Дегенмен, осы деңгейге біртіндеп жетуге болады. Осыны кезең-кезеңімен іске асырсақ, ғылымдағы жастарға стимул болар еді.

 

SCOPUS ҒЫЛЫМИ КӨРСЕТКІШ ЕМЕС

Әділ қоғам елдің бағы. Ал Әділетті Қазақстанда ғылымның салтанат құрғаны нағыз жетістік болар еді. Қазақ ғылымы құлашын кең жайса, өркендеу деген сол.

Біз ғылым адамы болғандықтан ғылыми үдеріс төңірегінде көбірек ой қозғаймыз. Өйткені, қоғамның ғылымсыз күні жоқ. Дүниеге танылған АҚШ, Жапония, Сингапурде ғылыми көрсеткіштерге үлкен мән береді. Оларда әр сала бойынша арнайы лаборатория жұмыс істеуде. Көрдіңіз бе, ғылымды жолға қойған. Нәтижесінде ол елдердің әлеуметтік-экономикалық қуаты еселеп артып келеді.

Бүгінде бір өте ыңғайсыз тенденция пайда болды. Дәлірек айтқанда, Scopus, Web of since дейтін шетелдік журналда мақала жариялау шарт. PhD қорғау үшін 25 процентиль, ал 3 жылдық гаранттық жоба жасауға 35 процентиль талап қылады. Мың жерден ғылыми жаңалық ашып, академик болсаңыз да, әлгі шетелдік журналға ғылыми мақала шығармасаңыз, ешкім емессіз. Ал ой еңбегімен оқулық, монография шығару түкке де еленбейді. Мұндай жалған рейтингпен қайда барамыз?! Ең болмағанда, осыған балама шығаруға болады ғой. Гуманитарлық ғылым, әсіресе, әдебиет, философия деген сала қазақтың рухын танытады. Тым құрығанда, әдебиетші, философ, дінтанушыларға Scopusке шығаруды міндеттеудің не қажеті бар?!

Ғылыми жобаларға 3 жыл уақыт аз. Кем дегенде 5 жыл берсе екен. Базалық жалақыға магистр дәрежесі бар жастар да қосылғанын қалаймыз. Үлкен қалада үйсіз-күйсіз, бірнеше жерде жұмыс істеу кімге оңай болсын. Магистратура, докторантура оқыса да, ғылыми институтта, университетте жұмыс істейтіндей, толық штатпен жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек.

Қазақ ғылымын өркендетіп, бір ізге түсірсек, небір жаңалықтың ашылғанын сонда көреміз. Шетелдің жоғары жалақысына жұмыс істеуге кеткен жастарды елге оралтар едік.


ТҮЙІН:

Болашақ – білімдінің қолында. Ғылым мен білім дамыған жерде экономикалық өсім байқалады. Сонда ғана Әділетті Қазақстан құрамыз. Қасиетті Отанымызды дамыту – парыз. Қазақ елі әлеуеті мен әлеуметі келіскен державаға айналсын демекпіз.