Германияда Қазақ еліне арналған фотокөрме ашылды

Германияда Қазақ еліне арналған фотокөрме ашылды
Сурет: Аll.accor.com

Айбыны асқақ Қазақ елі!

Германияның Майндағы Франкфурт қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фотокөрме ашылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Экспозицияда еліміздің қазіргі заманғы сәулет өнері, ұлттық салт-дәстүрлері көрініс тапқан туындылар ұсынылды. Қазақстанның көркем табиғаты бейнеленген суреттер көпті көрген саяхатшылардың өзін таңғалдырды. Кейбіреулері тіптен келесі демалысын елімізде өткізбекке шешім қабылдаған.

Ханс-Петер Вилли, Швейцарияның Майн Франкфурттегі консулының орынбасары біздің ел туралы әсерімен бөлісті.

«Елдеріңіз қандай алуан түрлі! Көлдері де, шөлдері де және замануи қалалары да бар. Бұған дейін осыны білмеппін, тек көрмеде ғана бүкіл сұлулығын көрдім. Енді Қазақстанға баруды көздеп отырмыз», - деді ол.

Ина Хаук, Майндағы Франкфурт магистратының кеңесшісі қала атынан қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.

«Мұнда соңғы 30 жылда Қазақстанның қалай дамығанын көруге болады. Маған үлкен әсер қалдырды. Қазақстанда әлі болған емеспін, бірақ осы керемет елге барғым келеді. Ғылым, білім мен бизнесте арамызда тығыз ынтымақтастық орнаған. Барлық салада жұмысымыз табысты боларына үміт көп. Қаламыздың атынан қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын».