Германияда Қазақстан киносының апталығы өтіп жатыр

Германияда Қазақстан киносының апталығы өтіп жатыр
Сурет: Repost.uz

Мәдени іс-шара Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған.

Көрермендерге алғашқылардың қатарында режиссёр Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи картинасы көрсетілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап.

Массагеттердің патшайымы мен парсылардың Кир патшасы туралы фильмді тамашалау кезінде зал лық толды. Актерлардың ойыны мен костюмдері ерекше әсер қалдырған.

Апталық аясында режиссёр Нұргелді Садығұловтың «Балуан Шолақ», Рашид Сүлейменовтің «Оралу» фильмдері және режиссёрлер Тілек Төлеуғазы мен Тұрдыбек Майданның «Мұзбалақ» мультфильмі және басқа да туындылар көрсетіледі. 

«Мен жаңа ғана фильмді көріп шықтым, картинадан керемет әсер алдым. Әсіресе, майдан даласындағы көріністер көңілімнен шықты. Оларды түсіру, каскадерлардың жұмысын, жалпы, бүкіл үдерісті ұйымдастыру өте қиын. Бұл -  керемет іс және тарихқа терең бойлауға тамаша мүмкіндік. Ерік-жігері мықты әйелдің бейнесі сәтті берілген. Сосын, әрине, костюмдер өте қатты ұнады», - деді фильмдер продюсері Тереза Кламанн.

«Біздің мақсатымыз - еліміздің осы салт-дәстүрін, мәдениетін кино арқылы жергілікті жұртшылыққа жеткізу. Бұл елшіліктің жеке жоспарлаған іс-шараларының бірі болып табылады. Қарым-қатынастың 30 жылдығы болғандықтан, әрине, біз осы мерейлі жыл аясында көптеген іс-шараларды жүзеге асыруға жоспарлап отырмыз», - дейді ГФР-дағы ҚР елшісі Дәурен Карипов.