Газет пен оқырман арасындағы алтын көпір

Газет пен оқырман арасындағы алтын көпір
Суретті түсірген - Қайрат Қоныспаев

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан,  қаламыздың көзіқарақты оқырмандары «Алматы почтамтын» бетке алып, сүйікті басылымдарымен қауышуға асықты. Бұл күні «халықтың  шырағы, көзі мен құлағы» атанған барлық мерзімді басылым өкілдері  «Қазпошта» ғимаратына жиналып, дәстүрлі «Жазылушылар күні–2023» іс-шарасына қатысты.

«Жазылушылар күні»  мерзімді баспасөз құралдарының  екінші мерекесі іспетті. Әншейінде қым-қуыт тіршіліктен қолдары босай қоймайтын  мерзімді баспасөз  өкілдерінің де желпініп, бір серпілетін күні. Баспасөздің бүгінгі жәй-күйі қозғалып,  келешегі  сөз болады. Ең бастысы,   оқырманымен бетпе-бет кездескен баспасөз өкілдері үшін  ашық алаңға  айналды.  Жалпы, дәстүрге айналған «Жазылушылар күні» бұл  газет пен оқырман арасын байланыстырып  тұрған алтын көпір.  Осынау бір ғана  күннің кейде тұтас бір басылымның тағдырын шешкен де кездері болған. Дәл осы күні қала тұрғындары өздері қалаған басылымға таңдап жүріп жазылады. 

«Жазылушылар күнінің» тағы бір ерекшелігі – әрбір басылымның оқырмандарына  жасалатын  жеңілдіктері бар. Мұндай жеңілдіктер жыл бойы емес, дәл осы күні ғана жасалады. Сонымен  қатар, оқырмандардың газетке жазылған түбіртектерін  ұтысқа қосып, бағалы сыйлықтарды ұтып алуға да мүмкіндігі бар. Осындай ерекшелікке толы «Жазылушылар күні» биылғы жылы ерекше екпінмен өтті. Әлемдік індетке байланысты тоқтап қалған үрдіс қайтадан жанданды. Жазылушылар залы оқырмандарға толды. 

Алғашқы сөз кезегін «Қазпошта» акционерлік қоғамы «Алматы почтамты» Алматы  филиалы директорының бизнес жөніндегі орынбасары Темірхан Мұсаев алды.

– Осы мекемеде бүгін баршамыз жиналып, басымыздың қосылғанына  қуанып тұрмын. Әлемдік індетке байланысты 2019 жылдан бастап «Жазылушылар күні» тоқтап қалған еді. Былтыр осы мерекені қайта жаңғыртып, қолға алу үшін  «Дөңгелек үстел» өткізгенбіз. Сол басқосуда бұл үрдісті жаңғырту мәселесі күн тәртібінде қаралды. Нәтижесінде бүгін сіздермен қайта қауышып отырмыз. Біздің мекеменің басты мақсаты – мерзімді баспасөздің жандануы үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу. Сіздердің еңбектеріңізді, өнімдеріңізді  оқырманға жеткізу.  Әрине, қазіргі жаһандану заманында  цифрландыру белең алғанымен, дәстүрлі баспасөздің,   газет пен  журналдың  орны ерекше екені белгілі. Сондықтан бұдан былай  «Жазылушылар күнін»   жылына екі мәрте өткізгелі отырмыз, – деді Темірхан Кенжалыұлы.  

Келесі сөз кезегін алған «Пошталық сервис» филиалының директоры Нұржан Жабаев  «Жазылушылар күнінің»  ерекшеліктерімен қатар, пайдалы тұстарының да көп екеніне тоқталды. Оқырман үшін де, басылым үшін де нәтижелі үрдіс екенін айтып, табыс тіледі. 

Сонымен қатар, бұл күні баспасөз өкілдері де  осынау іс-шараға ұйытқы болып отырған «Алматы почтамтына» ризашылықтарын білдірді. 

«Егемен Қазақстан» газетінен Айгүл Тұрысбекова, «Аlmaty aqshamy» газетінің жауапты хатшысы Серік Жұмабаев сөз алып, ұжымның алғысын жеткізді.  

«Жазылушылар күніне»  «Егемен Қазақстан», Казахстан­ская правда», «Қазақ әдебиеті», «Almaty aqshamy», «Вечерний Almaty», «Заң», «Түркістан», «Мөлдір бұлақ», «Балалар әлемі», басқа да көптеген басылым өкілдері қатысып, өз өнімдерін ұсынды. 

Түс қайта «Жазылушылар күні» аясында басылымдарға жазылған оқырмандар ұтыс ойындарына қатысып, Алтынай Садыбекова жүлдеге ие болды.