Газ қостыру құны төмендеуі мүмкін

Газ қостыру құны төмендеуі мүмкін
Сурет: Strategy2050.kz

Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты.

Қазақстанда газға қосылу құнын төмендету жолдары қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Оның айтуынша, қазір бағаны төмендету бағытында жұмыстар жүріп жатыр.

"Шынымен, бізде газға қосылу құны жоғары. Қазір мұны шешудің жолдарын іздеп жатырмыз. Өңір әкімдіктері мен "Qazaqgaz" бірлесіп бағасын түсіру үшін жұмыстар жүргізіп жатыр. Бүгін Үкімет отырысында Алматы облысының әкімі қосылу құны екі есе төмендетілгенін айтты. Осындай жұмыстарды әр өңірде атқаруымыз керек", - деді Ақшолақов.

Ол газға қосылу құны қаншаға төмендейтінін айта алмады. Бәрі жабдықтардың құнына байланысты дейді.

"Газға қосылу үшін пайдаланылатын жабдықтардың бірнеше типі бар. Мысалы, үйге құбыр тарту керек, одан кейін есептеу жүйесі, газды пайдаланатын және бөлетін қазандық керек. Сол себепті жабдықтың құнына қарау қажет. Өкінішке қарай, бізде ол жабдықтар шығарылмайды. Біз оны сырттан тасимыз. Ауқымды газдандыруға көшсек, осы материалдардың өндірісін қалай жолға қоятынымызды ойластыру керек", - деді министр.

Бұған дейін министр еліміздің шығыс өңірлерін газдандыру үшін Ресейден газ импортталуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.