Ғарыш мониторингі қазба байлықты рұқсатсыз қазып жатқандарды анықтады

Ғарыш мониторингі қазба байлықты рұқсатсыз қазып жатқандарды анықтады
Сурет: Ашық дереккөз

Жерді заңсыз иелену бойынша 391 мың оқиға анықталды

Ғарыштан жасалған мониторинг нәтижесінде ел территориясында қазба байлықты заңсыз өндірген 21 оқиға тіркелді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің мәліметінше, космомониторинг арқылы 1,1 млн га жайылым, 19,6 млн га егістік жері игерілмей жатқаны анықталған.

«Жердің цифрлық нұсқасын жасау барысында 2 641 заңсыз ағаш кесу полигоны, 6,5 млн га өртенген жер, 7,3 мың қоқыс орны белгілі болды. Сондай-ақ пайдалы қазба байлықтарды заңсыз өндіру бойынша 21 оқиға, жерді заңсыз иелену бойынша 391 мың оқиға анықталды», - делінген министрлік мәліметінде.

Бұдан өзге ведомства Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы 5G технологиясын енгізу бойынша сынақ жүргізген.

Стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Мейірбек Мұқатов бұл бағыттағы жұмыс сәтті аяқталғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар министрлік биыл 140 ауылда интернет сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.