G20: Бүкіл әлем бойынша вакцинацияның маңыздылығы талқыланды

G20: Бүкіл әлем бойынша вакцинацияның маңыздылығы талқыланды
Сурет: Gov.kz

Болжам бойынша пандемия 2023 жылы аяқталады

Италияда денсаулық сақтау министрлерінің кездесуі өтуде. Аталған жиын G20 аясында өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.akshamy.kz Euronews.com-ға сілтеме жасап.

Мұнда мамыр айында Римде өткен жаһандық саммитте қабылданған «Рим келісімшарты» талқылануда. Ол құжатта бүкіл әлемде коронавирустан вакцинация алудың маңыздылығы туралы айтылған. 

Италияның Денсаулық сақтау министрі Роберто Сперанца Covid-19-ға қарсы вакцинация науқанын кеңейтуді жағдайы әлдеқайда дұрыс мемлекеттер өз жауапкершіліктеріне алуы керек деп мәлімдеді.

«Ешкім өзі жалғыз күресе алмайды, және вакцина - біздің ортақ қаруымыз», - деді Италия министрі. 

Американдық иммунолог Энтони Фаучидің болжамы бойынша, пандемия 2023 жылы аяқталады. Алайда Сперанцаның пікірінше, оның бәрі әлемдегі вакцинация барысымен байланысты, сол себепті бұл саммиттің маңызы зор.