Футзалдан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы жеңіске жетті

Футзалдан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы жеңіске жетті
Cурет: Elorda.info

Финляндия-Қазақстан кездесуі 2:6 есебімен жерлестеріміздің жеңісімен аяқталды

Қазақстан құрама командасы футзалдан Еуропа чемпионатындағы екінші матчында жеңіске жетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Алғашқы турда Қазақстан құрамасы соңғы минуттарда таразы басын теңестіріп, Словения құрамасымен 4:4 ойнаған болатын. Бір ұпайдан кейін жанкүйерлер плэй-оффқа шығудың қиындап кеткенін жақсы түсінді. Алайда, сол матчтан соң Италия мен Финляндия командалары кездесіп, олар да жеңімпазды анықтай алмады. Соның салдарынан топтағы жағдай бірінші турдан соң біркелкі болды. Ал екінші турда Италия мен Словения командалары кездесті. Бұл ойынның есебі турнирлік кестеге қатты әсер ететін. Фаворит Италия құрамасы болғанымен матч тағы да тең аяқталды. Осыдан соң Италия мен Словенияда 2 ұпайдан болды. Бұл Қазақстан мен Финляндия үшін өте тамаша еді. Қайсысы жеңсе турнирлік кестеде бірінші орынға шығатынын алаңға біліп шықты.

Матчтың бастапқы бөлігінде Финляндия құрамасы ширақ қимылдады. Бірінші болып есепті де солар ашты. Бірақ, Біржан Оразовтың голынан кейін есеп теңесті. Кейіннен Финляндия құрамасы тағы бір гол салып, қорғаныстың қателігін пайдаланып кетті. Бірақ қақпашымыз Игита ортаға шығып, соққы жасады. Есеп 2:2 болып қайта теңесті. Біржан Оразовтың ғаламат пасынан кейін Арнольд Кнауб Қазақстан құрамасын алға шығарды. 

Біржан Оразов Азат Валиулиннің пасынан кейін әдемі гол салып, дубль авторы атанды. Сосын Арнольд Кнауб Эдсонның пасынан кейін есепті 5:2 қылды. Ал матчтың нүктесін Азат Валиуллин қойды. 

Қазақстан құрамасында енді 4 ұпай. 28 қаңтар күні сағат 22.30-да Италия құрамасына қарсы ойнайды. 

Финляндия – Қазақстан – 2:6 (1:1)

Голдар: Хосио 13 (1:0), Оразов 18 (1:1), Корпела 24 (2:1), Игита 25 (2:2), Кнауб 29 (2:3), Оразов 32 (2:4), Кнауб 34 (2:5), Валиуллин 40 (2:6)     

Ескертулер: Ю.Кютеля 19, Корпела 20 – Эдсон 20 

Финляндия: Койвумяки, Саволяйнен – Аутио (К), Ю.Кютеля, Хосио, Алламиккотерво, Пиккарайнен, Юркияйнен, Юнно, Корсунов, Линтула, Корпела, Пейлие, Ванха.  

Қазақстан: Игита (К), Атантаев – Тайнан, Тұрсағұлов, Дуглас, Оразов, Қарағұлов, Эдсон, Валиуллин, Кнауб, Тоқаев, Сағындықов.