Футболдан әлем чемпионатында Марокко мен Хорватия құрамалары тең түсті

Футболдан әлем чемпионатында Марокко мен Хорватия құрамалары тең түсті
Сурет: Ашық дереккөз

Марокко азулы қарсыласына лайықты төтеп берді

Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының үшінші ойын күнінде F тобындағы Марокко мен Хорватия құрамалары кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Хорватия құрамасы 2018 жылы финалға дейін жетті. Ақтық сында Францияға есе жіберіп, әзірге өз тарихындағы ең жоғары жетістікке қол созды.

Биыл да сондай табысқа жете ала ма? Жанкүйерлер олардан осындай жеңіс күтеді.

Хорватия футболшылары дүбірлі додадағы алғашқы кездесуін Марокко құрамасына қарсы өткізді. Кездесу барысында қос құрама жеңіске жету жолын іздеді.

Әлем футболының жұлдызы Лука Модрич Хорватия құрамасын алға сүйреуге ұмтылды. Десе де, олардың ойлағаны орындалмай жатты.

Марокко азулы қарсыласына лайықты төтеп берді.

Екінші кезеңде де футболшылар таблодағы есепке өзгеріс енгізуге күш салған еді. Хорватиялық құрама ойыншыларында дәлдік жетіспей жатты.

Осылайша қос құрама 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Айта кетсек, аталған топтағы Бельгия мен Канада кездесуі «Qazsport» телеарнасынан елорда уақытымен 01:00-де тікелей эфирде көрсетіледі.

Сондай-ақ, бүгін, 23 қарашада Е тобында екі кездесу өтеді.

22 қарашада С тобында Аргентина Сауд Арабиясынан жеңілсе, Мексика мен Польша тең түсті.

Ал D тобында Франция Аустралияны ірі есеппен ұтса, Дания мен Тунис командалары тең тарқасты.