Фатима Ғалиқызы АСҚАРОВА: «Асекеңді бірде-бір рет жұмысына іздеп барып, қызмет орнын да көрмеппін»

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Елге танымал тұлға, кешегі Кеңес одағы тұсы­нда еліміздегі Алматы, Жамбыл және Шымкент секілді іргелі облыстарды бас­қарып, осы өңірлердің дамуына айтар­лықтай үлес қосқан кемеңгер басшы Асанбай Асқаровтың зайыбы Фатима Ғалиқызы осы жылдың 3 тамызында 95 жасқа толады.
Асанбай Асқаров сынды бірегей тұлғаның жары, сын сағаттарда айнымас серігі бола білген Фатима апаның естеліктері кейінгі жастарға өнеге-ғибрат болар деген ойдамыз.

Фатима апа әке-шешеден ерте айрылып, соғыс жылдарында Семейде тұратын шешесінің туған бауыры Сүлейменнің қолында өсіпті. Нағашысы сол жылдары жауапты қызмет атқара­тын. Ер азаматтарды әскерге алып кетіп жатқан уақыт. Арасында Асқаров та бар жігіттерді майданға дайындап жатқан әскери бөлім Семейде болатын. Ол бір күні достарымен бірге Сүлейменнің үйіне келеді. Асқар мен Фатима сол кезде жүздесіп, танысады. Бірақ ол тұста «осы жігітке тұрмысқа шығамын» деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Небәрі 18-19 жастағы ұяң бойжеткен. Оның үстіне соғыс жүріп жатқан аласапыран кезең. Тезірек бейбітшілік заман орнаса екен дегеннен басқа ой ойлайтын шақ емес.
Біраз уақыттан соң әскери дайындықтан өткен Асанбай Асқаровтар Термез қаласына жол жүріп кетеді. Фатимаға сол жақтан хат жазып тұрады. Соғыс бітіп, Асанбай Асқаров елге оралған бойда Фатимаға бас құрайық деген көңілін білді­ріп хат жазады. Мұндай ұсынысты күтпеген бойжеткен біраз уақытқа дейін қобал­жып, толқып жүреді. Өзінің көңілі де кетәрі емес сияқты. Сондықтан жігіттің хаты туралы Хакима жеңгесіне айтады. Бұл туралы хабар Сүлеймен ағасына да жетеді. Сөйтіп аға-жеңгесі ойласа отырып, Асанбай жақсы жігіт деп бағалай келе, екеуіне ризашы­лығын берген екен.
***
Қаланың қызы Меркі ауданының Тәтті деген кішкентай ауылына келін болып түседі. Соғыс енді ғана аяқталған ауыр кезеңдер. Кез келген үйдің тұрмыс-тіршілігі тұралап тұрған шақ. Бірақ бұл келін болып түскен қазақы шаңырақтың тәлім-тәрбиесі, ұстанымы өте мықты болатын. Жоқшылыққа мойынсұнған емес. Асқаровтың анасы – Күнімай апа Фатима келініне әрдайым: «Қазанға түскен қайтадан қапқа түспейді. Етті молырақ сал. Бір адам жесе де, он адам жесе де берекелі болады», – дейді екен.
Жас келіннің алғашқы жылдардағы оқиғалары тіпті қызық. Бірде енесі сиыр айдап келуге жібереді. Жердің ми батпағы шығып жатқан. Аяқ киімі балшыққа жабысып, шешіліп қала береді. Оның үстіне бойымен бірдей, өмірінде көрмеген қалың қамыстың арасында, әрбір сыбдыр еткен дыбысқа елеңдеп, зәресі қалмай қорқып келе жатқаны тағы бар. Бірақ қос жанарына тығылған жасты көрсетпей, ақыры ала сиырын алдына салып айдап келгені есіне түссе әлі күнге күледі.
Бұрын қамыр илеп, нан жауып көрмеген Фатима алғаш рет ашытқан қамырын бес-алты бөлікке бөліп салу керектігін білмей, қап-қалың етіп екі бөлген күйі табаға сала салған ғой. Табананы, әрине, іші сағызша созылып шикі болып піскен. Күнімай енесі өте ақылды, сабырлы кісі болған екен. «Сөйтіп-сөйтіп үйреніп кетесің, қалқам!» – деген үлкен кісінің мейірімге толы бір ауыз сөзіне жүрегі жылып сала бергені де есінде. Содан бастап осыншалықты бауырына тарта сөйлеп тұрған анасының алдында ұятқа қалмауға тырысып жүріп-ақ, ауылдың барлық тірлігін жатсынбай тез үйіріп әкетті.
***
Бір кездері «темір әйел» деген атпен атағы жер жарған Маргарет Тэтчер тағын босатып, зейнет демалысына шыққанда журналистер сұрақ қойыпты: «Саясат әлемінде талай тың жобаны өмірге әкелдіңіз. Қай жерде болмасын сіздің қолтаңбаңыз менмұндалап тұрады. Солардың ішінде жаныңызға жақыны, маңыздысы қайсы?» – деп. Сонда үнемі ат үстінен түспеген, билік тізгінінде болған саясаткер әйел: «Отбасын құрып, бала сүйдім – ең үлкен жобам осы болды», – деп жауап берген көрінеді.
Фатима апаның мамандығы – дәрігер. Бірақ ол ешқашан қызмет істеуге ұмтылған жоқ. Ерінің алдына түсіп, оның атақ-дәрежесін пайдаланып, мен де жұмыс істеуім керек демеді. Себебі, отағасы үнемі түзде, жауапты қызметтерде жүргендіктен, жары отбасының жылылығын сақтау, бала тәрбиелеу сынды ең маңызды міндеттерді хош көрді.
Кейін Асанбай Асқаровтың лауазымы биіктеп, аудан, одан облыс орталығына қоныс аударды. Фатима апай ақ дастарханын да, өздеріне жиі келетін ағайын-туысқа деген аппақ көңілін де ешқашан кірлетпеді.
Иә, оның бұл әулеттің ыстық-суығына бірдей төзуі жолында Күнімай ененің мектебінің ықпалы ерекше болған. Қонақ күту, азаматыңның бабын табу, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету сынды қазақы ауылдың еш жерде жазылмаған заңына, тәртібіне бағыну осы үлкен мектептің берген өнегесі еді. Асанбай Асқаров үйінің есігінің күндіз-түні ашық тұратыны, құлып та салынбайтыны, әрине, отанасына көп байланысты. Фатима апа өзінің келін болып түскен жерін әркез киелі мекенге балайды. Осы жылдар аралығында қазақ деген қасиетті ұлттың барлық жақсысын осы елден үйренгені де шындық.

***
Отағасының қызметіне көлеңке түсірмес үшін үйдің ұсақ-түйегін оған ешқашан білдірткен де, араластырған да емес. Оны үйбасты қылған жері жоқ, ол елдің, халықтың адамы болды. Ер – елдің иесі, әйел – үйдің киесі. Міне, Фатима апаның ұстанымы осындай болатын.
Өзінің білім-білігімен ең жоғары дәрежеге дейін көтерілген марқұм Асанбай Асқаровтың шаңырағынан елдік деңгейдегі небір игі жақсылар дәм татты, төрінде отырып қонақ болды. Етжақын туысына да, қадірлі мейманына да арнап жаятын дастарханының үстіндегі қасық-шанышқыға дейін орны-орнымен тұруын қадағалайтын талғампаз Фатима апа үлкен тұрмақ, балаға қабақ шытқан жері жоқ, бәрінің алдына жылы-жұмсағын ашық қабағымен ұсына білді. Бұл да Асқаровтай тұлғалы азаматқа деген ыстық ықыласының, риясыз сүйіспеншілігінің бір айқын белгісі болар.
Иә, Асанбай Асқаров пен Фатима Ғалиқызының бір-біріне деген құрметі, бір-біріне дауыс көтермеген сыйластығы, бір-бірін аяулау сынды ерекше сезімдерін көзкөрген тұстастары бертінге дейін әңгімелеп отыратын.
Әр сөзінде ұлағат, тіпті, отырған отырысының өзінде тәрбие тұнып тұратын Фатима апа бүгінгі 95-де де сырбаз мінезін, көркем бейнесін жоғалтқан емес. Әлі күнге «үйдемін ғой» деп халатпен олпы-солпы жүре беретін келіндерді ұнатыңқырай қоймайтынын жасырмайды. Әйел адамның қай кезде де тазалықтың, әдеміліктің, әдеп-ибаның үлгісі болып қалғанын қалайды. Ал осы қасиеттер бар жерде береке-бірлік те сақталатынына сенімді.

***
Асанбай Асқаров Мәскеуден шығатын бір басылымға берген сұхбатында: «Керек десеңіз, менің әйелім аудандық, облыстық партия комитеттерінде басшылық қызметтер атқарғанымда, ол ғимараттардың қай көшеде орналасқанын да білмеуші еді», – деген екен. Ол рас дейді Фатима апа. Азаматының ар-абыройын қашанда биік қойған Фатима Ғалиқызы отағасының бас-аяғы отыз жеті жылдай обкомның бірінші хатшысы болып жұмыс істеген кезінде, бірде-бір рет оны жұмысына іздеп барып, қызмет орнын, кабинетін де көрмепті.
Кеңес одағы тұсында сапалы да әдемі шетелдік киімдер мен бұйымдар, әшекей заттар аса қат болғаны белгілі. Сондай тауарларды жоғары лауазымдағы қызметкерлердің жұбайлары тікелей қоймаларға барып алатыны туралы да жасырын емес еді. Бірақ қанша жерден әдемілікке құмартып тұрса да, талғампаз Фатима апа тұрмыстық пендешіліктерге бой алдырып, олай қоймаға араласпапты. Алматыда бюро мүшелеріне арналған арнайы дүкен болатын, керегін содан барып алатын.

***
«Келесі ғасырдың төрінде тұратын данышпандар өз ғасырының босағасында өмір сүреді» деген екен қазақтың ақыны, ойшылы Қадыр-Мырза Әлі. «Өз ғасырының босағасында» жүріп-ақ туған еліне өлшеусіз үлес қосқан Асанбай Асқаров 1985 жылы соңғы қызмет орны – Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығынан зейнеткерлікке шығып, 1987 жылы Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырды деген жалған айыппен тұтқындалып, Алматы, Мәскеу, Бішкек түрмелерінде төрт жарым жыл қамауда отырған.
«МӘСКЕУДІҢ изоляторында да тергеуден тергеу, қорқыту мен үркіту жалғасты. Маған әр түрлі тергеуші келіп, мені бірдеңелер айтып қорқытып, үркітуді өздерінің міндеттері деп санады… Бірде маңызды істер жөніндегі тергеуші В.Калиниченко маған былай деді: «Аңқау бола бер­меңіз, сіз кінәлі болмасаңыз да біз сіз­ді ататын дәрежеге жеткіземіз. Сіз – біреусіз, ал біз тергеушілер – қы­рық­пыз. Егер 37 жыл болғанда, сізді бая­ғыда атып жіберетін еді. Бізге алғыс ай­тыңыз, біз созып, сізге кінәңізді мой­ныңызға алуыңызға мүмкіндік беріп жүр­міз. Сіз кінәлі емес екеніңізді не­мен дәлелдейсіз? Сіз бізге жеуге берілген бір жапырақ ет­сіз. Біз қалай қаласақ, солай болады. Сіз әлі өкінетін боласыз». Мен өмірімде бұндай тіл тигізуді ешқашан естіген емеспін»

(А.Асқаровтың естелігінен).

«АСЕКЕҢДІ ұстап әкеткен соң мен қатты ауырып қалдым. Ес-түссіз жатқанымда, үйдің ішіндегі заттарды түк қоймай, жарықтың сымдарына дейін кесіп алып кетіпті. Қараңғы үйде қалдық. Балалар біраз күн майшаммен отырды… Гаврилов (тергеуші) айтады: «160 мың сом берсең А.Асқаров ертең-ақ үйде болады. Күйеуіңнің өлген жерін де таппайсың, ойлан. Біз не айтсақ, соны орындайсың. Сені кәрі екен деп ойламаймыз, қамауға аламыз. Өзбекстанды білесің ғой, түгел семьясымен қамап жатырмыз. Сені де сондай тірлік күтіп тұр…» (Фатима Ғалиқызының жазбаларынан).
«ҚАДІРЛІ менің Фатимам! Менің қарсыластарым менің қыр соңыма түсіп, пәле-жала деген иттерін үргізсе үргізе берсін. Мен бәрібір кедергі-тосқауы көп соқпақтан жүріп өтемін. Мен саған да, балаларым үшін де өте-мөте қиындықтар туып тұрғанын жақсы білемін. Шыда, төзімді бол, сен деген қайратты адам емессің бе?! Қуатты адамдар өмірінің соңына дейін осындай туа біткен қасиеттерімен қалатын болады. Мен өзгерген жоқпын, бастапқы қалпымдамын. Әрине, жүрекке ауыр салмақ түсіп тұр, ұят пен масқара мені қажытып барады. Бірақ та менің арым таза екенін сен жақсы білесің» (Асқаровтың жарына жазған хаты).
«АЛТЫНЫМ, жаным Фатима! Денсаулық жақсы ма? Балалардың, немерелердің бетінен сүйіп қой, Дәлел бұзықты екі рет сүй. Құдай соны көрсетіп, бетінен сүйгізіп, иіскетер күн туса болар еді… Балаларға сәлем айт. Әкесі таза, ақ. Мен үшін ұялмасын. Если весь казахский народ стоит за меня, это что-то значит. Сүйемін, өзіңді сақта. Бізге тірі кездесу керек. Ол үшін ақыл, сана, шыдам керек. Оның бәрі менде бар. Еш нәрсе уайымдама. Өзіңді сақта, ауырып қалма. Камераға неше түрлі адам келіп жатады. Көбінше сурет салып, өлең жазып, газет оқып, көп сөздеріне құлақ салмаймын» (Асқаровтың хаты).
«АМАНСЫҢДАР ма, менің қымбаттыларым! Бұл істің қашанға дейін созылатынынан бейхабармын. Денсаулығым мәз емес. Бірақ бәріне шыдап, өмір үшін күресемін. Менің арым бәрінің алдында таза. Мен ешқашанда ешкімнен пара алған жоқпын. Мамаларыңа қарайлаңдар, күтіңдер. Сендерді құшақтап, сүюші – папаларың» (Асқаровтың балаларына жазған хаты).
***
«АРДАҚТЫ аға Асеке! Жаратушы құдірет үстінен жалақор арыз түскен Иов деген пайғамбарды сынамаққа неше түрлі азапқа салған. Ақыры ақ екеніне көзі жетіп, бақытты ұзақ өмір сүрген. Құдірет Сізге шарболаттай төзім, қайсар қажырлық бергей деп тілейміз. Ақиқатқа көз жеткізу қиын әрі ұзақ болса да шыдамыңыз таусылмаса екен, баяғы батыр бабалардың рухы қолдап, әділеттік жеңгенше мойымасаңыз екен деген үміттеміз. Достарыңыз тілеулес. Дұшпандарыңыз Сізді қажып-қалжырап, пенде болғаныңызды қалайды. Ендеше досқа күлкі, дұшпанға таба болмас үшін де шыдап бағыңыз. «Қызыл Жебенің» соңғы кітабының алғашқы тарауларын беріп жібердім. Қолыңызға тисе, бәлкім, аз да болса қуат берер дедім. Сізге жігер тілеуші – Шерхан Мұртаза».
Асанбай Асқаровты ұстап, темір тор­ға қамағандағы «солақайлардың» мақ­саты Асқаров арқылы Дінмұхамед Қонаевты да қаралап, ел алдында масқаралау еді. «Екеуі құда, сондықтан араларында алыс-беріс болмауы мүмкін емес. Ал араларында шынында да алыс-беріс жоқ болса, «болдыру» керек», – деп жанталасқан.
Бірақ А.Асқаровқа бүкіл елі, жұрты болып «Ас­қаровты құтқару комитетін» құрып, қо­ғамдық адвокаттар да көмекке келген. Жамбылдың, Алматының, Шым­кенттің аузы дуалы ақсақалдары бастаған топ күн сайын ағылып Бішкекке келіп, со­тына қатысып, моральдық тұрғыда қолдау көрсетіп отырған. Жалпы, сол жылдары Асқаровтың ісін әділ қарау керек деп тілек білдірген 20 мың­нан астам өтініш түскен екен. Олардың ішінде атақты ақын-жазу­шы­лардың, белгілі қайраткерлердің де тілек­те­рі бар. Сөйтіп, Асанбай Асқаровқа тағылған айыптар негізсіз деп танылып, Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты төралқасының шешімімен ол толық ақталып, азаматтық құқықтары қалпына келтірілді.

***
Белгілі қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың әдебиет әлемінде де өзіндік із қалдырған тұлға екені жұртқа белгілі. Оның жырлары, бастан кешкен естеліктері, ой-толғамдарын құндақтаған бірнеше кітабы жарық көрген. Олардың ішінде «Тағдыр», «Судьба», «Жұмақ пен тозақ жырлары», «Көзқарас» секілді еңбектері елге кеңінен танымал. «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтұғын артымда сөзім қалса» атты өсиеттер жинағы да елдің ықыласын алған. Ғұмырының соңғы жылдары ол оқырмандарына «Ұлы Тұранның ұлдары» атты сүбелі еңбегін ұсынды.
Сан қырлы Асанбай Асқаровтың сурет салатын да өнері болған. Темір қапаста отырып салған жоғарыдан құлап келе жатқан қыран құстың суреті бүгінде Алматы облыстық мұрағатында сақтаулы тұр. Оның астына ол былай деп жазыпты:
«Ақиық аспандағы – құс төресі,
Қапаста топшысынан жерге түсті.
Тағдырдың жазғанына айла бар ма?
Күші жоқ енді мұның қорғануға».

***
– Асекеңнің ой-талғамдары өзінің түр-тұрпатына сай ірі де кең еді. Сондай азаматқа аяулы жар болып, ол кісіні өз халқы жоғары қоя білгеніне куә болғаным мен үшін зор бақыт еді.
Бізге осы Алматы қашанда ыстық, орны бөлек қала. Иә, ол рас, балам, осындағы жалғыз қазақ мектебі болған №12 орта мектепті Асекең жаптырмай алып қалған. Күні кешеге дейін ақын Әбу Сәрсенбаев аталарың «Айналайын, Асанбайдың арқасында Алматыдағы №12 жалғыз қазақ мектебі жабылмай қалды ғой» деп аузынан тастамай айтып жүрді. Аскеңнің өзі де «бұл біздің намысымызды қорлау, сүйекке таңба ғой» деп отыратын. Жалпы, Асекеңнің осындай ұлттық мүддеге, елдік мәселеге келгенде бел шеше кірісіп кететін белсенділігі кейбір шен-шекпенділерге ұнамай жататын.
Мен, жалпы, ол кісінің қызметіне араласып көрген жан емеспін. Сол себепті көп нәрсені біле бермеймін. Бірақ жұртқа сенгіш, баладай аңғалдығы да бар болатын. Ешкімге кек сақтамайтын. Сырбаздығы өз алдына. Жарықтық кейде түнде жатар алдында да айнаға қарап, шашын тарап қоятын. «Асеке-ау, түнде сені кім көріп жатыр?» десем, «кемпір-ау, тазалық, жинақылық әр уақытта керек» деп күлетін, – дейді Фатима Ғалиқызы.
Біз Асанбай Асқаровтай тұлғаға аяулы жар, сенімді серік бола білген, ұрпағын тәрбиелеп, бір-бір азамат етіп шығарған, бүгінде үбірлі-шүбірлі болып отырған Фатимадай әдемі әжеге денсаулық, шуағы мол жақсы күндер тіледік.

Гаухар ҚАСЫМБЕКОВА, немересі:
– Мен Фатимадай әжесі бар өте бақытты адаммын. Ол – Үлкен үйдің шамшырағы. Біз сырттағы қым-қуыт тірліктен кешке шаршап оралғанда, әрдайым апамыздың жанынан жылылық, жайлылық табамыз. Әлдебір кедергілерге тап бола қалсам, апамның кеңесіне жүгінетін сәттерім де аз емес. Осынау өмірде көпті көрген, көпті түйген адамның бізге көрсетер жолы да әрдайым оң болып жатады.
Атаммен кешкен мағыналы, бақытты ғұмырын әркез асқан сүйіспеншілікпен әңгімелеп отырады. Фатима Ғалиқызы – мен үшін әйелге тән адалдықтың, тазалықтың, тектіліктің жиынтық бейнесіндей.
Жуырда апам 95 жасқа толады. Мен ол кісіні өте қатты жақсы көремін. Сондықтан апаммен бірге әлі талай қуанышты сәттерімізді бөлісіп жүруге жазсын деп тілеймін.

«АҚШАМНЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ
* Асанбай АСҚАРОВ (1922 – 2001) Жамбыл облысының Меркі ауданындағы Меркі ауылында туған. Еңбек жолын 17 жасында мектепте орыс тілі пәнінің мұ­ға­лімі болып бастаған. 1942-1946 жыл­дары әскер қатарына шақырылып, ба­тальон, полк деңгейінде әскери-сая­си ұйымдастырушылық қызметтер ат­қарған. Майданнан елге оралған соң, саяси жә­не идеологиялық жұмыстармен ай­на­лысқан.
* Небәрі 36 жасында Жамбыл облыстық Кеңесі атқару комитетінің тө­ра­ғасы, екі жылдан кейін осы облыс­тың партия комитетінің бірінші хат­шысы болып сайланды. Облыста ірі өндіріс ошақтары бой көтерді. Ғылыми-зерттеу орталықтары, мәдениет орындары ашыл­ды.
* 1965-1978 жылдары Алматы облыс­тық партия комитетінің бірінші хат­шы­сы қызметін атқарды. Балқаш өңіріндегі Ақдала алқаптары күріш өсіретін іргелі аймаққа айналды. Қарадала, Шеңгелді, Күртідегі Бозай аймақтары суландырылып, мол­шылық мекені болды. Алматы қаласы көркейіп өсе түс­ті. Жаңа ірі өндіріс орындары ашы­лып, ықшамаудандар бой көтерді. Көп­теген сәулетті ескерткіш пен үлкен ғимараттар салынып, көшелері сән түзеді.
* 1978-1985 жылдары Оңтүстік Қазақ­стан облысын басқарған кезеңдерінде Даңқ мемориалы, ба­лалар темір жолы, ипподром, зоопарк, Ден­д­ропарк сияқты халыққа қызмет ететін нысандарды іске қосты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *