Еуропада аптап ыстық басылмай тұр

Еуропада аптап ыстық басылмай тұр
сурет: Baq.kz

Ұлыбританияда тарихтағы ең ыстық күн орын алды

Еуропа мемлекеттерінде бұрын-соңды болмаған аптап ыстық орын алуда. BBC News мәліметі бойынша қарт құрлықта ауа температурасы 40 градустан асып кетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Ауа райының мұндай қатты ыстығы салдарынан ормандар өртеніп, жергілікті тұрғындар эвакуацияланып, өрт сөндірушілер, дәрігерлер мен құтқарушылар демалыссыз жұмыс істеп жатыр.
Ұлыбританияда кеше тарихтағы ең ыстық күн орын алған. Бұл жерде сынап бағанасы алғаш рет 40 градустан артық ыстықты көрсетті. Адамдарға мүмкіндігінше көшеге шықпау және көлік құралдарын қолданбау ескертілді. Лондон мен оның маңайында ыстықтан шөптер өртенген. 
Францияда тілсіз жау орман алқаптарын жойып, мыңдаған адамды эвакуациялауға тура келген. Көрші Швейцарияда қатты ыстықтан Лак-Бренет көлі құрғап қалды. 
Германияда да ауа температурасы +40 градустан асып кетті. Италияда соңғы 70 жылда болмаған құрғақшылық пен орман өрттері орын алды. Бірнеше өңірде төтенше жағдай жарияланды. 
Венгрияның ыстығы әлі басылар емес. Температура бұл елде де +40 градустан асты. Грекияда орман өрті Афинаға жақындап келеді. 
Португалияда орман өртінен 40 мың гектар жер өртеніп кеткен. Португалияда температуралық рекорд биыл +47 градусты көрсетті.